Тағылымға толы Польша сапары

Тағылымға толы Польша сапары
ашық дереккөз
Тағылымға толы Польша сапары

Архив қойнауы түрлі тарихи деректерге толы. Әр құжаттың артында адам тағдыры бар. Сондықтан да кез келген мемлекетте архив саласы тарихи және саяси тұрғыдан үлкен маңызға ие. Бұл орайда ел тарихын зерттеу, зерделеу мақсатында қазақстандық архившілер өзге елдердің архивтері мен музейлерінде сақталған тарихи құжаттармен жұмыс жасауды, сол елдің сала мамандарымен ынтымақтастық келісімшарттарын жасасып, бірлесе қызмет жүргізуді дәстүрге айналдырып келеді. Соның бір көрінісі деп жуырда Польша Республикасындағы ІІ дүниежүзілік соғыс музейінің шақыруымен барған қазақстандық архившілердің сапары десем, қателеспеймін. Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов, директордың көмекшісі Мұхамед Жылгелдиновпен бастаған топтың құрамында Жамбыл облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілі ретінде осы жолдардың авторы да болып, елге зор әсермен оралдық.

Бізді Польшаның Гданьск қаласында орналасқан ІІ дүниежүзілік соғыс музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Гжегож Берендт қарсы алып, музей жұмысымен таныстырды. 2008 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан музей заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа ғимаратта орналасқан екен. Бір жылдың ішінде музейдің жәдігерлерімен танысуға 500 мыңға жуық адам келген. Ондағы экспозицияларда барлығында дерлік Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған 40 мыңнан аса жәдігер орналастырылған. 1939 жылы соғыстың басталғанынан бастап аяқталуына дейінгі кезеңдегі негізгі тарихи оқиғалар, сол жылдардағы Польшаның жағдайы, халықтың тұрмыс-тіршілігі, соғыс тұтқындарының мәселелері, Польша жеріндегі халықтардың күштеп қоныс аударылуы және тағы басқа тақырыптарға негізделген 18 көрме залы бар. Әр залда тарихи жәдігерлермен бірге медиа-экрандар орналасқан. Музейге келушілер экскурсоводтың көмегінсіз-ақ барлық жәдігер туралы мәліметті үш тілде аудио-гид арқылы ала алады. Сондықтан да біз музей жәдігерлерімен еркін таныстық. Сол жәдігерлердің арасында бізге ең ыстық көрінгені – қазақтың біртуар ұлы, Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының темекі түтігі. Батырдың құнды затын көріп қуаныштан төбеміз көкке жетті. Сапар барысында біз Польша Республикасының Ұлттық архивінің Гданьск қаласындағы филиалының жұмысымен де таныстық. Мұндағы ең ескі құжат 1180 жылы рәсімделген. Оның өзі архивтегі заманауи технологияларымен жабдықталуынан қаз-қалпында сақталғанына қайран қалдық. Қағаз жүзіндегі құжаттарды сандық форматқа көшіруде де ең озық тәжірибелер пайдаланылады. Бүлінген құжаттарды қалпына келтіруде де арнайы техникамен жұмыс жасайтындарын айтып, техниканың жұмыс жасау механизмін көрсетті. Заман легіндегі жаңа жабдықтардың жұмысын көре отырып, келешекте біздің архивтерде де осындай тәжірибелерді енгізу жоспарда бар. Бұдан кейінгі жұмысымыз Бранево, Эльблонг, Мальборк қалаларындағы Кеңес әскерлері жерленген аспан асты музейлерінде жалғасты. Бұл қалалардағы бейіттерде жерленген әскерлердің көпшілігінің аты-жөні белгісіз, молалары атаусыз. Бранево қаласында орналасқан бейітте 31 мыңнан аса адам жерленген. Бұл – Еуропадағы ең үлкен бейіт. Соның ішінде 27 304 сарбаздың аты-жөні белгісіз. Тарихшылардың пайымдауынша, белгісіз жауынгерлердің арасында 5000-6000 қазақстандық бар. Мемориалдық тақтайшалары орнатылған бейіттердің арасында бірнеше қазақстандық сарбаздардың есімдерін көрдік. Бұл деректер туралы Екінші дүние-жүзілік соғыс музейіндегі тарихшы Войцех Бещинскидің айтуынан білдік. Оның ұзақ жылдар ішінде екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Польша территориясында болған ұрыстар нәтижесінде қаза тапқан Кеңес әскерлерінің жерленген орындарын іздестірудің өзіндік әдісі бар екенін де айтты. Войцех Бещинскидің сөзінше, сол әдісімен бұрынғы Кеңес одағына қарасты мемлекеттерден келіп түскен соғыс жылдарында қаза тапқан, із-түссіз жоғалған туыстарын іздеген 5200-ден аса сұраныстың оң жауабын беріп, жерленген орындарын табуға көмектескен. Жақында осындай сұраныс Қазақстандағы Қызылорда қаласының тұрғындарынан да келіп түсіпті. Үшінші күні біздер Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Польша территориясында ашылған алғашқы концентрациялық лагерьлердің бірі – Штутово лагерінің музейіне бардық. Ол 1945 жылдың 9 мамырында Беларусь майданы әскерлерінің келуімен азат етілген. Ал қазіргі күні аспан асты музейі ретінде қызмет етуде. Музейдің архив қорында тұтқындарды есепке алуға арналған 20 кітап, тұтқындарды басқа лагерьлерге ауыстыру, тасымалдау бойынша жүргізілген транспорттық және лагерьде қаза болған тұтқындардың 16 есеп кітабы сақталыпты. Войцех Бещинскидің айтуынша, бұл кітаптарда соғыс жылдарында лагерьде қамауда болған қазақстандықтар туралы да мәліметтер бар. Бұл деректерге қанық болған сайын майдан даласында іс-түссіз жоғалған отандастарымыз жайында әлі күнге дейін зерттелмеген деректердің көп екенін ұқтым. Біздің, қазақстандықтардың тарапынан әлі де болса көп ізденіс жасалуы керек. Ал музей тарапынан құжаттармен жұмыс жасауға толық мүмкіндіктер жасалған. Ондағы музейлер мен архивтер бірлесе жұмыс атқарып, тарихын тірнектеп жинап, ұқыптап сақтайтындығы ерекше назар аудартты. Сөз соңында айта кетейін, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің өңірді дамытуға арналған тапсырмаларының бірі – Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағын жаңғыртып, ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлердің есімін мәңгі ел есінде қалдыру мақсатында олардың аттарын мәрмәр тасқа қашап жазу. Осыған орай қазіргі күні облыстағы архивистер өңірдегі әскери департаменттердегі мәліметтер бойынша Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанған азаматтардың тізімін даярлауда. Тізім жасалу барысында сол сарбаздардың кейінгі тағдыры да анықталатын болады. Олардың арасында Штутоводағы лагерьде болғандардың да мәліметі табылуы мүмкін. Бұл өз тарихымызға деген құрметтің бір белгісі боларына сенемін. Бүгінгі күн – ертеңіміздің тамыры. Ал нәрленген тамыр гүлдеп, жеміс беретіні сөзсіз.

Сара МАДИЕВА, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар