Сыбайластық сан соқтырмасын десек...

Сыбайластық сан соқтырмасын десек...
ашық дереккөз
Сыбайластық сан соқтырмасын десек...

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы тоғызыншы міндет: «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» деп аталатыны баршамызға мәлім. Бұл ретте айта кету керек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекет пен қоғамның міндеті бір. Жолдауда Мемлекет басшысы «Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді» деп, оның маңыздылығын ерекше атап өтті.

Біздің мемлекетімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыруар жұмыстар атқарылуда. Мәселен Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы Заң қабылдады. Содан бері кешенді мемлекеттік бағдарламаларды бекітіп, іске асырды. Мемлекетіміз жемқорлықпен күрес бойынша жаһандық халықаралық актілерге қосылды. Бүгінде елімізде жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізілуде. Соның арқасында сыбайластықты ауыздықтау жұмыстары да өз нәтижесін бере бастады. Әлемдік сыбайлас жемқорлықтың «барометріне» айналған «Transparency International» халықаралық зерттеуі бойынша Қазақстандағы азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы оң үлесі екі есеге артып, пара бергендердің саны азая түскен. Еліміз өткен жылдың рейтингісі бойынша алдыңғы жылғы жағдайын 9 позицияға жақсартып, 131-орыннан 122-орынға тұрақтаған. Бірақ біз оған тоқмейілсімеуіміз керек. Біздің облыста да жемқорлық әрекеттегі қылмыстық істердің саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 32 пайызға төмендеген. Алайда Жамбыл, Мойынқұм және Шу аудандарында бұл бағыттағы жұмыстардың көрсеткіші көңіл көншітпейді. Облыста азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жағдайы және оның алдын алу жұмыстарын мемлекеттік жергілікті атқарушы және өкілетті органдар ұдайы назарда ұстауда. Атап айтсақ, осы әлеуметтік мәселе тікелей облыс әкімі басқаратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияда, облыстық мәслихаттың сессияларында қаралып, тиісті шешімдер қабылданған. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға азаматтық сектордың, мемлекеттік емес ұйымдардың кеңінен қатысуы. Президенттің «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс» деген қағидасына қарай, елімізде «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған. Бүгінде ол Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы әрекет жасайтын ықпалды қоғамдық күшке айналды. Әр өңірде оның филиалдары, өкілдіктері бар. Мемлекет басшысының сыбайластыққа қарсы күрес саясатын қолдап жаңарулықтар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру, оның кез келген көріністеріне төзімсіздік ахуалын таныту, оның алдын алу үшін көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, өткізуде. «ЖАҢАРУ»-дың облыстық филиалы құрылғалы бері қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізіп, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстарына да өз үлесімізді қосудамыз.

Қасымхан Төлендиев, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ филиалының директоры

Ұқсас жаңалықтар