«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттық мерекені діни мерекемен шатастырмайық

Ұлттық мерекені діни мерекемен шатастырмайық
ашық дереккөз
Ұлттық мерекені діни мерекемен шатастырмайық

Наурыз мерекесі жер бетіндегі көптеген халықта бар және олардың әрқайсысы әртүрлі сипатта атап өтеді. Әр ұлттың өзіне салт-жоралғылары, ырым-дәстүрлері бар. Славян халықтарына тән Масленица мейрамы да сол іспеттес. Ежелгі ғұрыптары, әдеттері қалыптасқан, сан ғасыр сүзгісінен өткен және бүгінге жеткен ұлттық мереке. Алайда, барлығының түпкі ойы, мән-мағынасы бір. Ұлық мейрамдарды жыл басы санайтын олар жаңа жылда молшылық, береке, татулық, бірлік болса дейді. Осындай ниеттен туған мерекелердің қай халық үшін де маңызы зор. Ең бастысы, көне тойды әр ұлт уақыт өте өздерінің діни сеніміне қарай икемдеп, атап өтіп жүр.

Жер бетіндегі ақиқат дінді ұстанған ата-бабаларымыз да ежелгі мерекенің қисынсыз тұстарын (оттан секіру, шырақ жағу, т.б) жадынан өшіріп, Наурыз мейрамын бүгінгі буынға жеткізген. Масленицаны тойлайтын халықтар да оны дәстүрлі діндерінің талаптарына сай жаңғыртып, бабаларының жолын жоғалтпаған. Екеуі де мерекелердің ең үлкені, салмақтысы, жыл бастауы. Десе де, басқа мемлекеттердің дінбасыларының, мамандарының пәтуаларына, уағыздарына, сөздеріне ерген, еліктеген кейбір жастарымыздың бүйректен сирақ шығарып, дәстүрлі шараларды мансұқтағаны жанға батады. Мұндай пиғылдағы жандардың әрекеттерін зердесіздік, санасыздық, тарихқа, өткенге құрметсіздік деп бағаламасқа амал жоқ. Өйткені, түпкі мәні бір Наурыздың да, Масленицаның да дінге еш қатысы жоқ, ұлттық мереке. Екеуі де діннен бұрын туған, халықтар дін қабылдамай тұрып тойлаған. Төмендегі ғалымдар пікірінен де осыны ұғамыз.

 Кеңшілік ТЫШХАН, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымының кандидаты:

– Қоғамның әлеуметтік-мәдени қалыптасуында тарихи құндылықтардың өзіндік орны мен рөлі ерекше. Жалпы, бір халықтың салт-дәстүрі туралы айтқанда, көз алдымызға сол халықтың ғасырлар бойы жинақталған, жаппай қабылдаудан өткен құндылықтары мен мәдениеті елестейді. Бұл салт-дәстүр мен мәдениет ол халықтың жүріп өткен тарихының барлық кезеңдерін қамтиды. Оның ішінде ұстанған діні, көршілес болған елдері, дүниетанымы сияқты маңызды факторлар да өз ықпалын көрсетеді. Ол құндылықтар кейбір жағдайда тоқырауға да ұшырап жатады. Оның себебін әртүрлі саяси идеологиялармен қайшылық болғанымен немесе басқа елдердің бодандығына түскен жағдайлармен байланыстыруға болады.

Қазақ халқы да жоғарыда аталған жәйттардың барлығын басынан кешірген халық. Сондықтан халқымыздың салт-санасына шабуыл жасалған кезді де бастан кешірдік. Бодандық жылдарында көптеген салтымыз бен құндылықтарымызға шектеу салыпты, тіпті ұмыт бола бастағандары да бар. Тәуелсіздік тізгінін қолға алысымен еліміздің жоғалуға жүз тұтқан көптеген жәдігерлерімен бірге рухани салт-санасы, тілі, діні, ділі қайта жаңғыру мүмкіндігіне ие болды. Осы орайда, қазақ халқының көптеген дәстүрінің арасында Наурыз мерекесінің орны ерекше. Ұлт үшін дүниетанымдық, салттық тұрғыдан ерекше орны бар көптеген салт-дәстүрлер жаңғыру барысында кейбір қисық сұрақтар мен талаптарға ұшырап, оны қайта дәйектеуге, тіпті қорғауға мәжбүр болып жатамыз. Ол жаңғыру үрдісінде ерекше орны бар діни дүниетаным ерекшеліктеріне байланысты болып отыр. Қазіргі ел азаматтарының діни танымының қалыптасуы сатысында дін және салт-дәстүрді таразының екі басына қойып сараптайтындар табылып жүр. Осыған орай діни тұрғыдағы мәтіндер мен қағидалар шеңберінде ғана көзқарас қалыптастырып, басқа пікірлерді аластауға талпыныс танытушылар да жоқ емес.

Бүгінгідей күрделі қалыптасу кезеңінде дәстүрдің орнын айқындау, оның ұстанатын сенімімізбен сабақтастығын қалыптастыру – өте маңызды мәселе. Бұл қатынасты, тіпті ислам дінінің келу тарихындағы пайғамбар ұстанымдарымен де байланыстыруға болады. Олай дейтініміз, Мұхаммед пайғамбар өзіне ислам дінінің келуімен араб қоғамындағы дәстүрдің барлығына қарсы болған жоқ. Тіпті, исламда қалыптасқан кейбір әдеттер исламнан бұрынғы араб қоғамының әдеті болатын. Бұлардың қатарына қасиетті айлар түсінігі, кейбір күндерде ұсталатын оразалар салты, т.б. көп мысал келтіруге болады.

Демек, діннің мүддесі барлық салт-сананы тазарту емес, негізгі сенім қағидаларына қайшы келмеген жағдайда халықтың салтына құрметпен қарау түсінігін құптайды. Сол сияқты, біз ұстанатын Ханафи мәзхабында салт-дәстүр өз орнымен қағида ретінде де қабылданатындығын ескерсек, халықтың салтына жеңіл қарауға болмайтындығын байқаймыз. Қыңыр ұстанымдағы азаматтар мен топтардың қарсы келіп жүрген мәселелерінің бірі осы Наурыз мерекесіне қатысты болып отыр. Ол топтар мұның ежелгі зороастр дінінің сарқыншағы екендігін, исламға қарсы элементтерді қамтитындығын алға тартады. Бұл қарсылық – негізсіз. Өйткені, кез келген салт-дәстүр халықтың діни ұстанымдарына қарай бейімделеді. Наурыз мерекесінің шығу тарихы, әрине исламнан ерте ғасырларға тиесілі. Бұл мерекенің өткені мен ерекшеліктеріне қатысты мәліметтер көптеп жазылғандықтан, біз басқа қырына тоқталсақ.

Наурыздың қазіргі бет-бейнесі біздің салтымыз бен діни құндылықтарымызға әбден сіңіскен. Мерекеде адамдардың татуласуы, наурыз көже тарату арқылы байланыстың нығаюы, ұлттық ерекшеліктеріміздің жаңғыруы, ішімдіктің қолданылмауы, т.б. көптеген элементтер исламның құндылықтарына сай келеді. Олай болса, оны жатырқауға, халық арасында дау тудыруға, салт-санаға шабуыл жасауға негіз жоқ. Әрі бұл діни мереке ретінде тойланбайды.

Рухани жаңғыру барысында кейбір азаматтарымыздың ұлық мейрамды исламдық мереке ретінде түсінуіне де кешіріммен қараған абзал. Себебі, біздің салт-санамыз мен рухани дәстүріміздің ислам құндылықтарымен астасқаны соншалық, дәстүрдегі бар мұрамызды исламнан санау жақсы ниеттен туындаса керек. Алайда, ұлтымызда және осы аймақтарды мекен еткен көптеген халықтарда аталып өтілетін мерекенің ұлттық бояуы басым. Сондықтан халықтың жаппай қабылдап, жақсы көңіл-күймен қарсы алатын тойының орны мен құнын бағалау қажет.

Қатал қыстан көктемге жеткен, әсіресе мал шаруашылығымен айналысқан халықтың көктеммен бірге қуануы, тіршіліктің жаңаруымен бірге жаңғыруға талпынысының астарында терең мән-мағына бар. Ұлыстың ұлы күні саналған мерекенің халық өмірі мен бірлігіне тигізер пайдасы орасан. Еліміз үшін құт-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын деп Жаратушыдан тілейміз! Бұл да руханиятқа аттаған тағы бір қадамымыз.

Галина Новикова, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының қызметкері, дінтанушы:

– Мінекей, Масленицаның да тамаша апталығы өз мәресіне жетті, бұл күндері адамдар бір-біріне жүрек жылуын сыйлап, қызықты думан өткізді. Мерекенің пайда болу тарихы тереңнен бастау алады. Бастапқыда көктемгі күн жағасының көріне бастауымен (22 наурыз – күн мен түннің теңесуі) тікелей байланысты болған славяндардың ежелгі мейрамы көп жылдар бойы Жаңа жылдың басы саналды. Себебі, XIV ғасырға дейін жаңа жыл наурызда басталған, тіпті мейрамның міндетті белгісі болған құймақтың да діни астары болған. Ыстық нан жылуы мен жарығы артып, күн уақытын асыратын аспан шырағына теңелген.

Масленицаны славян халқы ерте кезден тойлаған. Ежелгі таным бойынша бұл мереке – қыс пен көктемнің арасын бөліп тұратын шекара. Қаһарлы қыс қашан да адамға сынақ болып саналған. Сондықтан табиғаттағы жан иелері көктемді шаттыққа толы қуаныш ретінде асыға күткен, сол үшін оны мейрамдатып, міндетті түрде ән-күймен қарсы алған. Ежелгі адамдар жас көктем кәрі қысты оңайлықпен жеңе алмайды, сондықтан оған көмектесу үшін серуен-салтанат керек деп түсінген. Қыспен қоштасу үшін көктем күні мен құнарлықтың құдайы Ярилоға дұға айтып бағыштаған. Ярило жыл сайын өліп тірілетін жас жігіт түрінде бейнеленген. Қайта тірілген Ярило адамдарға күн нұрын сыйлаған. Кейін келе Ярилоны Масленницаның тұлпымен алмастырған.

Бір апта бойы славяндар Жерге, табиғатқа, адамзатқа бас иіп, аруақтарды еске алған, астықтың мол шығуын тілеген. Масленница ерте кезден жарқын, қуанышқа толы апта болып есептеледі. Оны «әділ», «кең», «азықты» деп атаған. Түсінік бойынша, апталыққа қатыспаған адам өмірге залал әкелуі мүмкін.

Аптаның әр күнінде жеке салт-рәсімдер өткізліген, дүйсенбіде Масленницаны қарсы алған, сейсенбі күні әзіл-қалжың айтысқан, сәрсенбіде тәтті тамақ әзірлеп ішкен, бейсенбіде – той-томалақ, жұмада – ене кештері (ененің құймақтары), сенбіде қайын апаның сауық кештері өткен, жексенбі күні ұзату (кешірілген күн немесе кешірілген жексенбі) кезінде біліп-білмей жасалған реніш, өкпеге кешірім сұралған. Масленницамен қоштасу күні, яғни жексенбіде от жағылып, оған сабан тасталып, көктемнің келуін күткен. Яғни, салт-рәсімнің барлығы қыстың бітіп, көктем, одан әрі жаздың келуіне арналған.

XIX-XX ғасырлардан бастап масленница ойын-сауық сипатқа ие болып, мейрам кезінде неше түрлі жәрмеңкелер, ойындар, шана тебу, қол ұстасып ән айту ұйымдастырыла бастады. Қазіргі адамдар салт-дәстүрлерді рақаттанып жалғастыруды қалайды, ақылға сыймайтын әрекеттер жасайды – бағана үстіне өрмелеп шығады, от үстінен секіріп ойнайды, азан-қазан той өткізеді.

Масленница – жай ғана салтанат, серуен емес. Ол арқылы адамдар дүниенің сырларына жақын болуды, бір-біріне жақындауды, қаһарлы қыспен қоштасуды көздейді. Қалай болғанда да, Масленица – славян халықтарының сүйікті, әлемде теңдесі жоқ мейрамы. Бұл ежелгі дәуірден қалған дүние болса да, бастысы дәмді, көңілді және барлығымызды біріктіреді.

Біздің Қазақстан – көпұлтты мемлекет, елімізді мекен ететін халықтардың рухани, ұлттық мәдениетке негізделген, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлері бар. Мемлекетте кез келген ұлттың өкіліне ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін біліп сүюге бар жағдай жасалған. Сондықтан отандастарымыздың рухани тәрбиесі осы дәстүрлерге негізделген. Бірақ, халық мейрамын діни мереке санап, оны белгілі бір дінге теңеген, сол себепті өткізуге тыйым салу керек деген «сарапшылардың», «дінтанушылардың» аяқ астынан шыға келкені көңілге қаяу түсіреді. Масленницаны діни мереке деп санау – қате. Ол – славян мәдениетінің мейрамы!

Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары халықты жыл сайын концерттік шаралармен қуантады. Биыл да еліміздің барлық аймақтарында дәстүр бойынша жаппай мейрамдар өткізілді. Сол мейрамдарда барлығы бір адамдай, кімнің кім екенін, ұлтын, дінін сұрамай, көңілденіп қалды.

Ұқсас жаңалықтар