бірлікті ту етіп, шаруасын шалқытып отыр
Кеңес заманында Жуалы ауданындағы Ленин колхозы мен Карл Маркс совхозының атағы жер жаратын. Шаруашылықтардың пролетариат көсемдерінің атын иеленгендіктен емес, жер мен малдың қадірін білетін, ынтымақ пен бірлікті ту етіп ұстаған берекелі жүрттың еңбексүйгіштік қасиеттерінің арқасында қос шаруашылықтың даңқы шықты. Социалистік меншік жойылып, жекеменшікке-еркін еңбекке даңғыл жол ашылған тұста талай мемлекеттік шаруашылық құрылымдары бағыт-бағдарын болжай алмай тұралып жатқаны есте. Тәуелсіздіктің елең-алаңында аудандағы ауыл түгелдей тарихи атауларын қайтарып жатқанда Карл Маркс совхозының орталығы да Қарасаз атын иеленді. Сол ауылға жақында арнайы бардық. Қалың қардың іргесі сөгіліп, жасыл желегі көгере бастапты. Жасыл-желек дегеннен шығады қысы қатал, жазы салқын Жуалы ауданының жұрты тал егуді ертеден кәсіп еткен. Қай ауылында болмасын қыста пана, жазда сая тал-дарақ жайқалып тұрады. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолынан бұрылып, ауылға беттегеннен-ақ Қарасаздың қалың талы менмұндалап көзге түсті. Тақтайдай тегіс жолмен жеңіл көлік көзді ашып-жұмғанша-ақ ауылға алып келді. Тап-тұйнақтай мекеннің көркіне көз тоймайды. Аға-ұрпақ өкілдерінің берекелі тірлігін жарасымды жалғастыра білген қарасаздықтардың алтын бесік ауылды мұнтаздай таза ұстап, көгерішпен көмкеріп қойғанына риза болдық. Қарасаз ауылдық округіне қарасты бес елді мекенде 3431 адам тұрады. 225 шаруа қожалығы, бір жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, екі кооператив және бюджеттік мекемелерде еңбек ететін елді мекен тұрғындары ешнәрсеге мұқтаж емес. Мемлекет тарапынан ауылдарға бөлініп жатқан қаржының шапағатын да сезініп жатса керек мұндағы жұрт. Былтырдың өзінде «Өңірлерді дамытудың-2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 3260000 теңге қаржы бөлініп, Ақбастау ауылының Береке көшесінің бірінші жартысына орта жөндеу жұмыстары мен Жұрымбай ауылында селге қарсы каналды қазуға жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, жұмыс толығымен аяқталған. Сонымен қатар «Жергілікті өзін-өзі басқару жеке шоты» бойынша түскен 7005800 теңге де ел игілігіне жұмсалған. Береке көшесінің екінші жартысы жөндеуден өткізіліп, Көктас ауылында екі аялдама соғылған. Қарасаз ауылындағы екі аялдамаға жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Көріктендіру-көгеріштендіру және абаттандыру, күл-қоқысты шығару жұмыстарына да осы қаржыдан бөлініпті. Ауылдық округтегі шаруашылық құрылымдары мал өсіріп, егін салады. Былтыр егін науқаны ойдағыдай аяқталды. Мақсары дақылын өткізген 34 шаруа қожалығы 10761698 теңге субсидия алған. Ал 8 шаруа қожалығы тыңайтқыш үшін 4340000 теңге субсидия алыпты. Ауылдық аймақта ауыл шаруашылық кооперативтерін құруда нақты жұмыстар атқарылған. Соның нәтижесінде былтыр сүт бағыты бойынша құрамында 37 адамы бар «Қарасаз-2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және ет бағыты бойынша 65 адамнан «Береке-2017» өндірістік кооперативі құрылыпты. Ұйымдасқанның ұпайы түгел екенін іріленген осы екі шаруашылықтан-ақ аңғаруға болады. Мәселен қарасаздықтар 126150000 теңге несиеге 446, ал берекеліктер бүгінгі күнге дейін 170200000 теңге несиеге 801 бас ірі қара малын алған. Бүгінде ауылдық округке қарасты елді мекендерде 2940 бас ірі қара, 5380 қой, 1227 ешкі, 542 бас жылқы бар. Бұл – осындағы жұрттың нәсібі. Былтыр Қарасазда 106 миллион теңгеге 25 орындық ауылдық амбулатория ашылып, ондағы ақ халатты жандар тұрғындардың денсаулығын сақтауда жемісті еңбек етуде. Кәсіпкерлердің қолдауымен ашылған мешіт жұртты имандылыққа ұйытып, ынтымақ пен бірліктің ұйтқысына айналуда. Ауылдық аймақта екі орта мектеп, бір колледж, екі балабақша жас ұрпаққа спалы білім,саналы тәрбие берумен айналысса, бір амбулаториялық, үш медициналық пункт тұрғындар денсаулығының сақшысы. Бір мәдениет үйі мен бір мемлекеттік сараптау бөлімшесі ауылдықтарға қызмет етеді. Осы ауыл совхоз кезінен тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бірі көп ұлт өкілдерінің тату-тәтті ғұмыр кешуімен де ерекшеленетін. Қазір де қазақ, орыс, неміс, украин, татар, қырғыз, белорусь, шешен, азірбайжан, өзбек, барлығы 10 ұлттың өкілі тұрып жатыр. Қазақстанды туған отаным, Жуалыны туған мекенім деп білетін өзге ұлттың өкілдері қазақ тілінде сөйлейді. Жергілікті ұлттың салт-дәстүрін жетік меңгерген. Қилы тағдырмен Қарасазға келген қай ұлттың өкілі болмасын қазаққа деген жаны бөлек. Оны ай басындағы Алғыс айту күнінде тағы бір паш етті. Жергілікті тұрғындар да олармен аралас-құралас болып, бауыр болып кеткен. Қыстың үш айында бір-бірінің үйіне «соғым басына» шақырылысып, мәре-сәре болысты. 8 наурыз халыралық әйелдер күні мерекесінде аналарға, қыздарға гүлдестелерін сыйлап, ерекше құрмет көрсеткен қарасаздық ер-азаматтар әз Наурызды тойлауды да «көрісу» күнінен бастап думандатып жатыр. Бірлігі жарасқан, тірлігі бекем көп ұлтты мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі қысқаша айтқанда осындай.
Амангелді ӘБІЛ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді