«Ер қанаты – ат» деген сөзді қазақ халқы текке айтпаса керек. Құйрық-жалы таралған тұлпарлар тұяғының дүбірі кімді де болса бейжай қалдырмасы анық. Ұлттық спорт түрлері оңтүстік өңірде, әсіресе Жамбыл жерінде қарқынды дамығаны баршаға мәлім. Бұл ретте «Әулиеата» кәсіпқой клубының алар үлесі басым. Талай додаларда «Әулиеата» көкбөрі клубы қарсыластарын бұйым құрлы көрмей, топ жарып, шын мықтыға тұсау жоқтығын әйгілей білген.
«Әулиеата» көкбөрі клубы 2004 жылы іргесі қаланып, бекіген еді. Кейіннен, анығырақ айтқанда 2013 жылы, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Әулиеата» ат спорты клубы болып атауы өзгерді. Ұжым не түрлі кезеңдерді бастан өткерді. Айталық, 2017 жылы облыс әкімдігінің №112 қаулысымен іргесі ыдыраған ұлттық спорт түрлерінің ордасы араға бірнеше күн салып, қайта жасақталды. Бүгінгі таңда Нұрдәулет Момынов басқаратын клубтың қол жеткізген жетістіктері бір төбе деуге болады. Көкпар десе қаны қызбайтын, делебесі қозбайтын қазақ бар ма?! Әсіресе «Әулиеатаның» шабандоздары пырақ тұлпарды тізгіндеп, сегіз өрім қамшымен жануардың жамбасын жанай бергенде көкпар алаңының шаңы шығады. Ерке сәйгүлікке мінген сом білек, жаужүрек жампоздарымыз серкені тізгіндегенде шеңберге тастамай тоқтамайды. Мейлі, қай қарсылас болсын, «Әулиеатаның» алдында қаймығады. Талай додаларда жерлестеріміз жанкүйерлерін қуантып, командалық ойынның керемет үлгісін көрсетіп, чемпион атанды. Жанкүйерлер қиқуға басты. Иә, солай! Жерлестеріміз ел біріншілігінде 9 рет топ жарды! Футболда Бразилия құрамасына қатысты: «Сендер соға алғандарыңша гол соғасыңдар, біз қалағанымызша соғамыз» деген сөз бар ғой. Сол қағиданы «Әулиеатаға» қатысты сәл өзгертсек: «Қарсылас салымды қолдарынан келгенше салады, біз қалауымызша саламыз» дегенге саятындай. «Әулиеатаның» жампоздары ел чемпионатынан өзге аламандарда да жасындай жарқырап жүр. Президент жүлдесі үшін өткен халықтар ойыны мен ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестивальда да десі басым болды. «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары додасында екі рет жеңімпаз атанды. Жастар құрамамыз да қарсылас шақ келтірер емес. Олар ел біріншілігінде 4 рет олжа салды. «Әулиеатаның» төртбақ денелі жігіттерінің жетістігін айтып тауыса алмаспыз. Бүгінге дейін 3 халықаралық дәрежедегі, 4 еңбек сіңірген, 80 спорт шебері тәрбиеленді. Көкпардан бөлек, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, шөгеннен кіл мықты саңлақтар дайындалуда. Анығырақ айтқанда, бүгінде 78 спортшы ұжымның намысын қорғауға тастүйін дайын. Үш бірдей оғланымыз ұлттық құрама сапында Азияның чемпионы атанса, төрт жерлесіміз әлемдік сында жеңімпаздар қатарын толықтырды. 2013 жылы Астана қаласында жалауы желбіреген Азия чемпионатында «Әулиеата» сапынан Манарбек Дүйсенбиев, Бағлан Шырынбаев, Құлажан Тоғайбаев сынды 3 спортшы ұлттық құрама қатарына алынды. Үшеуі де жоғарыда айтқанымыздай, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына лайық деп танылды. Бұл үштіктен бөлек, 2017 жылғы әлем біріншілігінде ұлттық құрама мүшесі ретінде Атамекен Рүстемовтің жұлдызы жанды. Командамен бірге чемпион атанып, еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері атағын иемденді. Түйіп айтқанда, аттың жалында өскен жігіттеріміздің қатары ешқашан сиреген емес. Тіпті «Әулиеатаның» қатарына енбей қалған жамбылдық оғландар батыстық командалардың намысын қорғап жүргенін де білеміз. Мұның өзі Жамбылда ат спортының қаншалықты дамығанын айғақтай түссе керек. Қысқасы, «көкпар тартып, қыз қууға жаралған» сайыпқырандарымыз ұлттық спорт түрлерін ұшпаққа шығарып тұр. Олармен қалай мақтансақ та жарасады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді