Елбасының қолдауымен елімізде әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Биыл бір ғана Тараз қаласында 3 мектеп құрылысы жүріп жатыр. Бұл құрылыс жұмыстары өңір басшысының қатаң бақылауында. Кеше облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов құрылысы жүріп жатқан білім ошақтарын аралап, ондағы жұмыстың барысымен танысты.
Ғалымжан Райылұлы алдымен №24 орта мектептің жанынан салынып жатқан қосымша ғимаратты аралап көрді. 300 балаға арналған нысанның құны 632,3 миллион теңгені құрайды. «Астана - UP» атты мердігер компания мұндағы құрылысты өткен жылдың шілде айында бастаса, биылғы маусым айында аяқтауды көздеп отыр. Облыс әкімінің орынбасары мектеп ғимаратын аралау барысында мердігер компания басшыларына бірқатар ескертпелер айтты. Ғимараттың сыртқы іргетасына жапсырылған жапсырманың сапасыздығын, есіктердің орнықты қойылмағанын, пластик есіктерді ағаш есікке ауыстыру қажеттігін және құрылыс маңайының шектен тыс шашылып, қоқыстан көрінбей жатқанын сынға алып, олқылықтарды тез арада түзетуді ескертті. Аймақ басшысының орынбасары мұнан соң «Бәйтерек» шағын ауданындағы 1200 орындық мектептің құрылысын көрді. Мердігер компания – «Тараз Құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мұнда 200 адам тынымсыз еңбек етсе, орташа айлық жалақы 80 мың теңгені құрайды. Бұл құрылыс нысанында да бірқатар кемшіліктер бар. Әсіресе «Ғимарат – бетон» компаниясынан келген бетондар сапасыз болғандықтан, жұмысқа кері әсерін тигізген екен. Кеткен кемшілікті назарға алған Ғалымжан Әбдірайымов мектеп құрылысын тамыз айының соңына дейін сапалы аяқтауды жауапты мердігерлерге шегелеп тапсырды. Бұдан әрі Ғалымжан Райылұлы «Шөлдала» алқабында салынып жатқан 900 орындық мектеп құрылысына да атбасын бұрды. Бұл мектептің құрылысында да кемшіліктер жоқ емес. Оны мердігер компания басшылары алдағы уақытта түзейміз деп уәде берді. Алайда облыс әкімінің орынбасары мұндағы құрылысты да қарашада емес, 15 тамызда аяқтау қажеттігін ескертті. Сапар соңында облыс әкімінің орынбасары БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, облыс орталығындағы құрылысы жүріп жатқан білім ошақтарының жұмысы кесте бойынша жүріп жатқанын, бүгін бірқатар кемшіліктерді байқағанын, оның барлығы түзетуге болатынын, сондай-ақ жұмыс барысы үнемі бақылауда болатынын жеткізді.
Есет Досалы
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді