«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қант қызылшасын өсірушілер қолдауға зәру

Қант қызылшасын өсірушілер қолдауға зәру
ашық дереккөз
Қант қызылшасын өсірушілер қолдауға зәру

Облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев Байзақ ауданында жұмыс сапарымен болып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің аймақтағы қант қызылшасы алқаптарын ұлғайтуға байланысты берген тапсырмасының жүзеге асу барысымен танысты. 

Биыл берекелі Байзақ ауданы 2300 гектар алқапқа тәтті түбір егуді көздеп отыр. Сәйкесінше, орташа өнім көлемін гектарына 300 центнерге дейін көтеру де жоспарда бар. Әрине, қызылша алқаптарының ұлғая түскені жақсы-ақ. Алайда бұл жұмыстарды аудан басшылығы есеп бергенде «ұпай жинау» мақсатында көрсетудің еш пайдасы жоқ. Өйткені облыс үшін егілген жердің ауқымын кеңейту емес, жиналған өнімнің көлемін молайту – басты мақсат емес пе? Ауданға жасаған сапары барысында М.Мұсаев бұл жайтты нақты түсіндірді. Сол себепті, «қант қызылшасы егіледі» деп көрсетілген жерлерді емес, күздің күні сүдігер көтеріп, көктемгі егін жұмыстарына дайындалған алқаптарды ғана аралады. Онда облыс әкімінің орынбасары шаруалармен кездесіп, алдағы жоспарлары туралы кеңесті. – Жұмыс сапарымның мақсаты – аудандардағы қант қызылшасы нақты егілетін алқаптардың көлемін анықтау. Сондықтан есепке тек тәтті түбір егіп, күзде мол өнім жинауға ниеттеніп отырған алқаптар ғана алынады. Бұл ретте, ондағы сүдігердің көтеріліп, көктемгі жұмыстарға жасалған дайындығы ескеріледі. Өздеріңізге белгілі, егіс жұмыстарын жүргізу үшін күзгі жиын-теріннен соң жер жыртылып, дайындалуы керек. Бұл топырақтың қар суымен басылуы үшін жасалады. Егер бұл жұмыстар жүргізілмесе, көктемде жыртылған борпылдақ топыраққа егілген дақыл топырақпен бірге басылып, тереңге түсіп кетеді. Нәтижесінде оның шығымдылығы төмендейді. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін аталған жайттардың барлығы назарға алынатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары. Мәден Тоқтарбайұлы алғашқылар қатарында Мауыт Фазылов басшылық ететін «Талап» шаруа қожалығының егістік алқабында болды. Биыл 100 гектарға қызылша отырғызуды көздеп отырған дихан егіс алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізген. Десе де өткен жылы өнім жинауда жоғары көрсеткішке қол жеткізген М.Фазылов жұмыс аясын кеңейтуге әлі де кедергілер барын айтып өтті. – Мен қызылша алқабын 100 гектардан асыруға ниеттімін. Алайда бұл ойымды жүзеге асыруға қажетті құрылғыларды ала алмай отырмын. Өйткені бұл техника лизингке берілмейді. Несиеге алайын десем, өсімі 17 пайызды құрайды. Мұндай шартпен несие алуға шама келмейді. Бұдан бөлек, қазір қолымда айналымға салатын қаражатым жоқ. Кепілдікке қоятын мүлігім де қалмады. Барлығының құжаттары банктерде кепілдік ретінде тіркелген. Осы мәселелер шешілсе, жұмыс көлемін арттыруға болар еді, – деген шаруа облыс қызылшашыларының басын қосып, олардың қажеттіліктерін тыңдау үшін жиын өткізуге өтініш білдірді. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары несие пайызының 14-ке түсірілгенін жеткізді. Сондай-ақ несие алған дихан аталған пайыздың тек жартысын ғана төлейтінін, қалғанын мемлекет субсидиялайтынын түсіндірді. Ал аймақтағы қант қызылшасын егетін шаруалардың басын қосу жоспарда барын айтып, жуық арада арнайы жиын өтетінін жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапары барысында Жаңатұрмыс ауылдық округіне тиесілі алқаптарда да болды. Мұндағы жерлердің аз ғана бөлігіне қант қызылшасын егу жоспарланыпты. Ал қалған алқаптар мүлдем игерілмеген. Жергілікті атқамінерлердің сылбырлығына реніш танытқан М.Мұсаев округ пен аудан басшылығының тиісті жұмыстарды жүргізбей отырғанына көңілі толмайтынын баса айтты. Суханбаев ауылдық округіне тиесілі тәтті түбір алқаптарын көруге барғанда ауыл әкімі орнында болмай шықты. Ал әкімдік қызметкерлері қызылша егілетін жер телімдерін таба алмай әбден әуреге түсті. Осылайша, көпшілікті сарсаңға салып, әрең тауып барған аумақ стратегиялық дақыл егуге жарамсыз деп табылды. Оған егіс даласына су жеткізудің қиындығы себеп болған. Аталған жердің иесі Өмірбек Бүтінбаев бұл жайдың жұмыс жүргізуге қолбайлау болып отырғанын облыс әкімінің орынбасарына жеткізді. Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев аудан аумағындағы қант қызылшасы алқаптарының барлығын аралап, оларды арнайы картаға түсірді. – Есепке алынған жерлердің барлығына қант қызылшасы егілуі керек. Бұл жайтты тұқым себіліп, көк көтеріліп қалғанда қайта тексеремін, – деген ол аудан басшылығына қатаң ескерту жасады.

Мұратхан Әлімхан Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар