Түркі тілдес халықтардың ұлық мерекесі Наурыз биыл Жамбыл жерінде ерекше тойланады. Иә, жамбылдықтар ұлыстың ұлы күнін 9 күн бойы атап өтеді. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Біржан Сөктай, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қатысқан брифингте кеңінен айтылды.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Біржан Сөктай жиын барысында алғаш сөз алып, төл мерекеміздің ағымдағы жылы тойлану ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. «Наурыз ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, кісілік пен кішіліктің мерекесі. Сондықтан Ұлыстың ұлы күні саналатын Әз-Наурызды биыл 9 күн бойы мерекелейтін боламыз. Әр күнге ат қойып, айдар тағып отырмыз. Мәселен, 14 наурыз «Көрісу» күні деп аталды. Бұл күні исі қазақ баласы амандық-саулық сұрасып, осынау күнге дін аман жеткеніне шүкіршілік айтып, бір-біріне ізгі тілегін арнайтыны мәлім. 15 наурыз «Мейірім күні» деп алатып отыр. Өзіңде барды аямай, өзгеге жүрек жылуын сыйлауды мақсат еткен осы күні қайрымдылық шаралары ұйымдастырылады. Тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. Жергілікті атқарушы билікке қарасты басқармалар мен мекемелердің қызметкерлері қарттар үйлері мен перзентханаларға барып, сый-сыяпат жасайтын болады.
Шаралар легі мұнымен тоқтап қалмақ емес. 16 наурыз «Тағзым күні» болғандықтан осы күні бабалар рухын асқақтатқанды жөн көріп отырмыз. Отан үшін от кешкен қайсар бабаларымыздың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым ету – мақсатымыз. 17 наурыз – «Алас күні». Жалпы алас сөзінің мағынасы тазару дегенді білдіреді. Сол себепті осы күні мерекеге дейінгі тазалық жұмыстары басталып, сенбілік өткізіледі. Аудан басшыларының, ардагерлердің қатысуымен аллеялар мен саябақтарға ағаштар отырғызу, экологиялық акциялар ұйымдастыру секілді шаралар қолға алынады. 18 наурызды «Шаттық күні» деп алып отырмыз. Яғни, бұл күні дүниеге келген нәрестелерді аймақ басшылары құттықтайды. «Жаңа жыл келді жадырап» айдарымен жасөспірімдер арасында мерекелік шаралар, сурет салу байқаулары ұйымдастырылмақ. 19 наурыз – «Ынтымақ күні» болып белгіленді. Наурыз айы ынмытақ пен бірліктің, қайырымдылықтың айы болғандықтан қоғамды мейірімді болуға шақыруымыз керек. Этномәдени орталықтар мен түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен мерекелік концерттер, салт-дәстүрлерді насихаттау көрсетілімдері мен «Достық» фестивалі секілді шаралар өтеді. Ал, 20 наурыз «Наурыз шашу» күні ретінде таңдалды. Барлық жерлерде киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылады. Ақындар айтысы, түрлі байқаулар, жәрмеңкелер, көпшілік серуен өткізіледі деп күтілуде. 21 наурыз - «Үйлесім күні». Бұл күні күн мен түн теңеседі. 22 наурызды қарсы алу үшін орталық «Достық» алаңына жастар жиналып, «селт еткізер», «ұйқыашар» секілді ұлттық дәстүрлерді жаңғыртады. «Ұлыс күні» деп аталған 22 наурызда негізінен мерекелік шаралар өтеді. Көпшілікке наурыз көже, таратылып, «үздік киіз үй» байқауы, театрландырылған көріністер, мерекелік концерт, жастар арасында ұлттық ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылмақ. Қысқасы, биылғы наурыз мерекесі жылдағыдан өзгеше өтпек», деді Біржан Сөктай Ұлыстың ұлы күнінің мән-маңызына тоқталып.
Бұдан соң Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай сөз алып, жоспарлы шаралар туралы айтып өтті. Тоғыз күн бойы Тараз төрі думанға бөленетінін сөз етті. Өз кезегінде облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев мерекенің маңызына тоқталып, басқарма тарапынан осы күндері атқарылатын шаралар жайлы әңгімелеп берді. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков Наурыз мейрамы аясында қол күресі, арқан тартыс, қазақ күресі, гір тасын көтеру секілді спорттың тоғыз түрінен жарыстар өтетінін мәлімдеді. Соңыра журналистер қауымы басқарма басшылары мен қала әкімінің орынбасарына көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауаптарын алды.
Түйіп айтқанда ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі биыл Жамбыл жерінде айрықша тойланбақ. Осы тұрғыдан келгенде аймақ қаймақтары мен облыстың атқамінерлері «бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай» жұмылып жатқаны көңілге қуаныш сезімін ұялатады. Ұлыс оң болсын!
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді