Жаңа бағдарлама бойынша ипотекалық несиелер биылғы жылдың екінші жартысынан беріле бастайды
- author «Ақ жол»
- 13 наурыз, 2018
- 266
Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бастама аясында «7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» жаңа бағдарламасы бойынша ипотекалық несиелерді банктер биылғы жылдың екінші жартысынан бере бастайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтты.
«Бүгін Ұлттық банк төрағасы Үкімет отырысында мәлім еткен мәліметтер бағдарламаның қалың көпшілік үшін қолжетімді болатынын көрсетуге мүмкіндік береді. Мәселен, ірі қалаларда орташа бір пәтердің құны 20 млн теңге десек, онда қарыз алушы ай сайын 140 мың теңге көлемінде төлем жасайтын болады», — деді О. Смоляков.
Сондай-ақ ол өңірлердегі тұрғын үй бағасын ескерумен жасаған болжамдарымен бөлісті. Мәселен, өңірлерде орташа бір пәтердің бағасы 7-10 млн теңгеге жуық. Құны 10 млн теңге тұратын пәтерді алған қарыз алушының қарыз көлемі бастапқы жарнаны ескергенде 7 млн теңге болса, ол ай сайын 50 мың теңге үстінде төлем жасауы тиіс.
«Сондықтан біз бағдарламаны іске асыруға болатынын байқадық. Қазіргі кезде банктердің нақты тізімі, қарыз алушының нақты табыс деңгейі, несие төлеуге қабілеттілігінің параметрлері, тұрғын үйді бағалау, қарыз алушының өмірін сақтандыру сияқты параметрлер ескеріле ме, мұның бәрі талқылану үстінде. Мамыр айында аталған мәселелер бойынша Үкіметпен және банктермен келісіп, Ұлттық банктің қаулысын бекітуіміз керек. Тек содан кейін ғана аталған параметрлерді толыққанды түсіндіруге әзір боламыз», — деді ұлттық банк өкілі.
Бұдан өзге, аталған бағдарламаны іске асыру үшін заңнамада нақтылауды талап ететін мәселелер бар. Оның шешімін табу мақсатында Ұлттық банк наурыз айында заңнамалық түзетулер пакетін ұсынуы тиіс.
«Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында барлық әзірлік шараларын аяқтаймыз. Екінші жартыжылдығының басынан банктер жаңа бағдарлама бойынша несиелер бере бастайды. Алғашқы несие пулы қалыптасқан бетте-ақ бағдарламаны іске асыратын компаниямыз – еншілес ұйым осы несиелерді сатып алатын болады», — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ ол «7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасының шарттары алғашқы баспананы алуды қарастыратынын айтты. Банк «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да жұмыс істеуді жоспарлаған.
Еске салайық, ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев наурыз айының басында жариялаған бес бастаманың бірінде тұрғын үй алу үшін азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту қарастырылған. Ол үшін «7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы іске асырылады. Бағдарлама мына шарттармен жұмыс істейтін болады: ипотекалық несиенің жылдық мөлшерлемесі — 7%, берілетін мерзімі — 25 жыл, ал бастапқы жарна баспана құнының 20% қамтуы тиіс.
Дереккөз:primeminister.kz
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді