«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жатақхана жайлы әрі жеткілікті болса...

Жатақхана жайлы әрі жеткілікті болса...
ашық дереккөз
Жатақхана жайлы әрі жеткілікті болса...

Өңіріміздегі 48 мыңнан аса студенттің 8 мыңына ғана жатақханадан орын бұйырған. Ал қалған шалғайдан келіп оқитындар туыстарының үйін сағалап, пәтер жалдауға мәжбүр. Шынын айту керек, бұл мәселені оқу орындарының басшылары барынша шешуге тырысып баққанымен, барлық өтінішті қанағаттандыру оңайға соқпай тұр.Дегенмен алыс ауылдан келіп, пәтер іздеп сабылып жүргендерге қарағанда, «уайымы» жоқ сегіз мың студенттің сабағын алаңсыз оқуға мүмкіндігі бар ма? Олар орналасқан жатақханадағы жағдайлар ойдағыдай ма? Студенттердің көңілін көншіте ме? Бұл сұрақтарға «Нұр Отан» партиясының «Қалың қалай, студент?» жобасы аясында жауап таптық. Жоба бойынша ұйымдастырылған шара барысында партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев Тараз химия технология колледжінің жатақханасын аралап, студенттермен кездесті.

2014 жылы «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы жаңа ғимаратқа көшкен 600 білімгерге арналған колледждің 200 орындық жатақханасында 96 ұл, 67 қызға қоныс бұйырыпты. Үш қабатты жатақханада студенттерге жақсы жағдай жасалған. Медициналық бөлмеде 2 медбике жұмыс атқаруда. Керекті дәрі-дәрмек жеткілікті. Ұлдар мен қыздарға арналған жатын, жуыну бөлмелері, асхана, мәжіліс және дене шынықтыру залдары талапқа сай жабдықталған. Оқу орнының директоры Гүлнәр Тұрсынбекованың айтуынша, мұнда тынығу, оқу залдарында студенттердің бос уақытын тиімді өткізу үшін керектінің бәрі қарастырылған. Айталық, 96 мың кітап қоры бар кітапхана, интернет желісіне қосылған компьютер бөлмесі студенттерден еш босамайды екен. Жатақханадағы жағдайды жақсы бағалаған Мұратхан Жүнісәліұлы студенттермен еркін әңгімелесіп, пікір алмасты. Бірқатар мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылған кездесуде жастар қойған сұрақтарға облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек пен оқу орнының ата-аналар комитетінің мүшелері жауап берді. Мәселен, колледждің студенттік кеңесінің төрағасы Айдос Айбас жатақханада 10-нан аса жетім балалардың тұрып жатқанын айтып, оларды болашақта тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қандай мүмкіндік қарастырылғанын сұрады. Бұл сауалға Талғат Салқанұлы облыс орталығында жасөспірімдер үйі бар екенін және ол үйде әрбір жетім бала 23 жасқа дейін тұра алатынын жеткізді. Жиында өзге белсенді студенттер пікірлерін ортаға салды.

Жанғазы АХМЕТ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар