Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Тараз қаласындағы бірқатар білім ошақтарын аралап, қазіргі жай-күйімен танысты. Ең алдымен «Казарма» шағын алқабындағы №59 бастауыш мектебіне барып, ғимаратының жағдайына, сыйымдылығына назар аударды.
Бұл мектептің жеке үйде орналасқаны тұрғындардың алаңдаушылығын туғызуда. Онда өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған. Балалардың қауіпсіздігін уайым қылған тараздықтардың заманауи талапқа сай мектеп салып берсе деген өтінішті айтып келе жатқанына да сегіз-тоғыз жылдан асыпты. Алқапта 300 орындық мектеп салуға қажетті жер телімі де бар екен. Тек уақытын күтіп тұр. Мән-жайды сұрастыра келе, біз де бірқатар жайттарға қанықтық. «Шөлдала» шағын ауданына баратын жол бойында, темір жолдың бергі бетінде орналасқан «Казарма» алқабында және оған жақын 8 саяжайдағы 942 үйде 2911 адам тіршілік етуде. Оның ішінде мектеп жасындағы 385 оқушының 74-і аталған №59 бастауыш мектепте білім алуда. Қалған 311 оқушының 278-і «Құмшағал», «Шөлдала» шағын аудандарында орналасқан №19, 55, 56 орта мектептерге тасымалданады екен. Жамбыл ауданы мен Тараз қаласының орталығындағы мектептерге қоғамдық көлікпен қатынап оқитын 33 жеткіншек тағы бар. Ал тұрғындар саны жыл санап артуда. Қазірдің өзінде жеке тұрғын үй салу үшін берілген жер телімдерінде 50 баспана салынуда. Қоныстанушылардың басым көпшілігі жас отбасылар екенін ескерсек, демографиялық өсімге байланысты мектеп жасындағылар саны 2020 жылы 645-ке жетеді деген болжам бар. Осы және өзге де мәліметтерден құлағдар болған Ерқанат Нұрбапаұлы бұл жерден жаңа мектеп ғимаратын салу мәселесі алдағы уақытта қарастырылатынын айтты. Сондай қолайсыз ғимаратта орналасқан білім мекемесінің бірі – Жауғаш батыр көшесіндегі №22 орта мектеп. Үш бөліктен тұрады, жалпы сыйымдылығы 200 орын десек те, қазір мұнда екі ауысыммен 436 оқушы білім алуда. Мектеп директоры Шолпан Диханбаеваның айтуынша, орыс тілінде білім беретін мекеменің бастауыш сыныптарға арналған ғимараты 1870 жылы, қалған екі ғимараты 1962 жылы салынған. Іргесі өткен ғасырда қаланған нысанның мәжіліс залы мен асханасы және ішкі дәретханалары қарастырылмағаны айтпаса да түсінікті. Спорт залы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан, бір қабырғасы бұрынғы спирт зауытының қоймасымен жапсарлас екені де көкейде көп сауал туындатады. Пайдалануға берілгелі күрделі жөндеу көрмеген білім ордасына көп өзгеріс қажет-ақ. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов мән-жайға қаныққан соң алдағы уақытта тиісті шаралар қолға алынатынын жеткізді. Мәліметке сүйенсек, бүгінде ғимаратқа сейсмокүшейту арқылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 246 397,0 мың теңге бөлініп, жоба мемлекеттік сараптамадан өткізіліпті. Негізі «Қайнар» саяжай алқабынан мектеп ғимаратын салу мәселесі көптен көтеріліп жүр. Себебі Махамбет батыр көшесіндегі №50 орта мектеп ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Сыйымдылығы 550 орын болса, қазіргі уақытта 1141 бала білім алуда. Алдағы оқу жылында үш ауысымға көшуі де мүмкін. Бұл түйінді мәселені тек аталмыш алқапқа жаңа мектеп салу арқылы шешуге болады. Өйткені мектеп оқушыларының жартысы сол маңнан қатынайды екен. Ғимараттың шатыры, сыртқы дәретханасы мен өртке қарсы гидранты, жылу жүйесі ағымды жөндеуді қажет етеді. Бұдан соң Ерқанат Манжуов ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық «Дарын» мектеп-интернатына барды. Онда білім басқармасы, бірқатар аудандық білім бөлімінің басшыларымен кездесіп, дарынды балалар мектептерін көбейту мәселесін талқылады.
Жанғазы АХМЕТ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді