Аруларға айрықша сый-құрмет

Аруларға айрықша сый-құрмет
ашық дереккөз
Аруларға айрықша сый-құрмет

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Баласағұн» атындағы орталық концерт залында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен салтанатты шара өтті. Онда өңір басшысы қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін арнап, ізгі тілегін білдірді.

– Ардақты арулар, аяулы аналар, құрметті әйелдер қауымы! Жаймашуақ көктем мезгілінің алғашқы күндері осындай мерейлі мерекемен басталуы маған табиғат пен тіршіліктің әдемі үндестігіндей көрінеді. 8 наурыз – жылылықтың, сұлулықтың символы десек те болатындай. Өйткені бұл мерейлі күн ең алдымен асыл аналардың мерекесі. Ана – қоғамның тірегі, отбасының шуағы, тәрбиенің қайнар бұлағы, береке-бірліктің бастауы. Айта берсек, олар жайында ғажап, терең мағыналы теңеулер көп-ақ. Соның бірі – «Жұмақ ананың аяғының астында». Мұның өзі ананың адам өміріндегі рөлінің басты өлшемі болса керек. Дана халқымыз әйел затын, аналарды ынтымақтың ұйытқысы деп біледі. Солай бағалайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қандай мемлекеттің болсын мәдениеті мен өркениеті, жалпы даму үдерісі сол елдегі әйел адамдарға деген көзқарасымен өлшенеді» деген болатын. Түсіне білсек, бұл сөзде терең мән бар. Мемлекеттік саясатта да әйелдерді қолдауға қатысты тиісті шаралар күн тәртібінен түскен емес. Осының барлығы аяулы аруларымызды құрметтеудің, қадірлеудің белгісі. Көп балалы аналарға көрсетілетін көмектер, өзге де мемлекеттік түрлі төлемдер сөзімізге айғақ бола алады. Бүгін сіздерді мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ең алдымен баршаңызға қоғамда атқарған еңбектеріңізге алғысымызды білдіреміз. Барлық жақсылықты тілеймін, – деді Асқар Исабекұлы өз ойын қорытындылап. Бұдан кейін залға жиналған жұртшылық облыстық филармония өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады. Шара барысында «Ақкербез» би ансамблі «Алатау» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен «Мереке» биін мың бұрала билесе, Динара Диханбаева халық әні «Ағажан-Ләтипаны» нақышына келтіре шырқады. Өнерпаздар әзірлеген «Әз-думан» композициясы да көпшіліктің көңілінен шықты. «Тараз» триосының «Арман-ай», Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Құрмаш Қуанышбаев үштігінің «Арман жырым – аруларым», Оңал Азаматованың орындауындағы «Аруларым» секілді әуезді әндер жүректерге жетті. «Ақкербез» би ансамблінің испан биін жоғары деңгейде билегені залдағы жұртшылыққа ұнағаны анық. Әнмен әдіптелген кеш барысында елімізге белгілі эстрада әншісі, жас талант Қуандық Рахым «Ай да күн де», «Әппақ жүрегім» секілді шығармаларын шарықтата шырқап, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді. Облысымыздың өзге де өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, аруларға деген құрметін туындылары арқылы жеткізіп жатты. Шара соңында залға жиналған ардақты аналарға гүл шоқтары тарту етілді.

Табиғат Абаилдаев

Ұқсас жаңалықтар