Ұстаздар әулетінің ұйытқысы

Ұстаздар  әулетінің ұйытқысы
ашық дереккөз
Ұстаздар әулетінің ұйытқысы

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары дүниеге келген ұрпақтың көрген бейнетін басқа бермесін. Соған қарамастан, олар әр үйде он-он бес бала өсірді, бел жазбай күні-түні еңбек етті. Сөйтіп жүріп ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай оқытып, тәрбиелеу, ел қатарына қосу үлкен ерлік емес пе?! Солардың ерік-жігеріне, қайсарлығы мен табандылығына қайран қаласың әрі тәнті боласың. Осындай үлгілі отбасылар Т. Рысқұлов ауданындағы Қызылшаруа ауылында да көптеп кездеседі. Солардың бірі – ауылдастары «мұғалімдер әулеті» деп атап кеткен Әбутәліповтер. Әулеттің анасы Ұлдаркүл Түкбасова саналы ғұмырын жас ұрпақты оқытуға, тәрбиелеуге арнаған. Он бала туып, өсірген батыр ана бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, ұрпағын ұйыстырып, бақытты ғұмыр кешіп отыр. Ұлдаркүлдің жастық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Бұғанасы бекімеген, қабырғасы қатпаған қаршадай қыз жастайынан еңбекке араласып, шаруашылықта шөп, астық және қызылша жинады. Алғыр әрі өжет қыз мектеп бітірген соң Жамбыл қаласындағы педучилищеге оқуға түсті. Ізденімпаз қыз көп оқитын, оқығанын зердесіне тоқитын. Педучилищеде оқып жүргенде бір ұстазының «Жаман оқушы жоқ, жаман мұғалім бар» деген сөзі оның өмірлік ұстанымына айналды. Әріптесі, мұғалім Абақ Әбутәліповпен көңіл жарастырған ол еңбек жолын Қызылшаруа ауылында бастауыш сыныптарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастады. Кейін Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын сырттай оқып бітірді. Жұбайы Абақ мектеп директоры болды. Оқушы атаулы білімді де білікті, өнегелі ұстазды сыйлайды, пір тұтады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ата-анасының жолын тұңғыш қызы Сәуле, ұлдары Бейбіт, Ербол, кенже қызы Жұлдыз жалғастырды. Ерлігі, Елдосы және Дінмұхамеді – кәсіпкер. Қыздары Зәуре – экономист, Дариға – дәрігер. Мектептің директоры болған Бейбіт жанып тұрған жігіт еді. Өмірден ерте кетті. Оның жұбайы мен бала-шағасы – бәрі педагог. Ұлдаркүл апай ұлдары мен қыздарынан 25 немере, 29 шөбере көріп отыр. Немерелерінің көпшілігі – мұғалім. Мектепте 32 жыл жемісті еңбек еткен ол бірнеше Құрмет грамотасымен, төсбелгілер және медальдармен марапатталған. Ұлдаркүл Сәлімжанқызының кеудесінде солармен бірге кеңестік кезеңде алған «Батыр ана» Алтын жұлдызы мен тәуелсіздік жылдарында Президент Жарлығымен берілген «Алтын алқа» белгісі жарқырайды.

Ақылжан МАМЫТ

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар