Біздің бала күнімізде ауылдың орта тұсындағы биік бағанаға ілінген репродуктордан азаннан кешке дейін радио хабар тарататын. Ақпарат қана емес, сол әуе толқынынан әуезді әндер мен күйлерді, мазмұны терең термелерді тыңдаудан жалықпаушы едік. Әсіресе, Бәкір Тәжібаевтың «Ақ бұлақ» әнін жерлесіміз Әділ Мұртазаевтың орындауында естігенде бойымызды мақтаныш сезімі кернейтін. «Радиода әніміз берілсе» – деп армандап кетуші едік. Сондықтан менің өнер жолына түсуіме Әдекең орындаған әндердің ықпалы мол болды деп ойлаймын.
Бұл кісі әншілік өнермен шектелген жоқ. Кезінде облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысып, елдің тілегін, арманын өлең тілінде сөйлетіп жүрді. Аудандық айтыстарды өзі ұйымдастырып, бел ортасынан табылатын. Әрине, Әділ Мұртазаев жайында кейінгі жас толқын біле бермеуі мүмкін, сол себепті аз-кем толғанғанды жөн санадым. 1984 жылы Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы академиялық театрда Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай өткізілген республикалық ақындар айтысы өтеді. Сонда Әділ Мұртазаев пен әнші Сейсекүл Темірбекова екеуі Кенен мен Шәлипаның айтысын жоғары дәрежеде орындап, халықтың қошеметіне бөленіп еді. Сол айтысқа облыс делегациясын халық шығармашылығы орталығының сол кездегі директоры Тұрар Дүйсебаев бастап барса, ақындар – Аяз Бетбаев, Серік Қалиев, Әшім Ақылбаев, әншілер – Алтынбек Оразбеков, Пернебек Оспанов, Қарлығаш Қожағазина, күйшілер – Әбдімомын Желдібаев, Дәулетхан Әбденбаев және «Алатау» триосы өнер көрсетіп, елдің ықыласына ие болған. Алтынкүл Қасымбекова, Әділ Мұртазаев, Әзімбек Жанқұлиев үшеуі Ақтөбе қаласында өткен республикалық аламан айтысқа қатысқаны бар. Сол жолы Батыс өңірінің айтыскер ақыны Қатимолла Бердіғалиевпен тең дәрежеде, деңгейі жоғары айтыс жасағанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Облыстық айтыстарда да бірнеше жыл бойы өнер көрсетті. Әсіресе, меркілік ақын Шырын Мамасеріковамен жасаған тамаша айтысы елдің есінде жүр. Аяз Бетбаевтың термелерін насихаттау жолында да Әдекең үлкен еңбек сіңірді. Онымен бірге жүріп үлкен сахналарда бой көрсетті. Әділ Мұртазаевтың мамандығы есепші-бухгалтер еді. Соған қарамастан, жұмыс пен өнерді қатар алып жүрді. Кеңшардың жұмысына жегіліп, өнерден қол үзген жоқ. Кеңес кезеңінде Талдыөзекте ауылдық кеңестің бас есепшісі, «Талдыөзек» кеңшары директорының коммерциялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болды. Кейіннен аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, аудандық Мәдениет үйінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Өнер саласында ұзақ жыл бойы сіңірген еңбегі талай рет аудан, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен аталып өтті. 2016 жылы Президенттің Құрмет грамотасын иеленгені де Ә.Мұртазаевтың еңбегіне берілген әділ баға деп есептеймін. Әрине, мұндай марапаттарға ол әбден лайық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елді, жерді құрметтеу, ұлттық дәстүр, құндылықтарымызды бағалау жөнінде кеңінен айтылады. Бұл ретте Әдекеңнің өнерге арнаған ғұмыры жас толқынға, кейінгі буынға үлгі боларлық екені даусыз. Әділ Мұртазаев бұл күнде құрметті еңбек демалысында. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп отырған бақытты жан. Өмірлік жары Шолпан апа екеуі бәйтерекке айналып шаңырақтың беріктігін сақтап келеді. Бұл кісіні Мойынқұмның кәрі-жасынан, бесіктегі сәбиіне дейін тегіс таниды. Бір ауданның өнер әлеміндегі паспорты деп айтсақ та артық емес. Сөз соңында өнер саласында ұзақ жыл бойы еңбек еткен Әділ Мұртазаевқа алдағы уақытта «Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп жатса, әділ шешім болар еді демекпіз. Мойынқұм даласы ардақтаған Әдекеңнің еңбегі, шығармашылығы өзін құрметтейтін, бағалайтын қауыммен бірге жасай беретіні анық.
Асылхан Шүңіреков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Мойынқұм ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді