(Премьерадан кейінгі ой)
Әлемге әйгілі 10 әйелдің арасында аты аталатын сақ патшайымы Томирис (Тұмар) біздің заманымызға дейінгі 570-520 жылдары өмір сүрген. Ол – атақты скиф көсемі Ишпақайдың тұқымынан тараған Тұран патшасы Афрасиабтың қызы. Тарихшылар оның әкесі өлгеннен кейін таққа отырғандығын айтады. Сұлулығы мен батырлығы біте қайнасқан Тұмар ханымның парсы патшасы Кирді аяусыз жеңуімен аты аңызға айналған.
Десек те біздер осы Тұмар ханымның бүгінгі бет-бейнесін қалай танытып, жаңғыртып жүрміз? Сол жайында сөз қозғағым келеді. Жақында облыстық қазақ драма театрында «Томирис» атты тарихи драманың премьерасы болды. Бардық, көрдік. Маған бұл спектакльдің режиссерлік шешімі ұнамады. Тарихи қойылымның би мен пластикалық қозғалысқа қойылғаны сәтті шықты дей алмаймын. Қазіргі заманда біз тарихи тұлғаларды қалай сомдаймыз, қалай ойнаймыз? Патшалар мен хандардың, билер мен батырлардың бейнесіне қызыққан жұрт нені көргісі келеді? Баяғының адамдары қалай сөйлеген, қалай күлген, қалай жүрген, қалай тұрғаны – олар үшін бәрі жұмбақ. Ал пластикалық биді, айналып түскен сальтоны халық күнде көріп жүр. Кейінгі жылдары осындай үрдістегі қойылымдар белең алып барады десек, біз аталмыш қойылым барысынан да шашы жалбыраған, кешке дейін «жанын жұлып жеген» Тұмар ханымды көрдік. Режиссердің ол арқылы не айтқысы келгенін көрермендердің дені түсінбеді. Бірқатары ғана болмаса, драма көпшіліктің көңілінен де шықпағаны өтірік емес. Асқақ та ажарлы Тұмар патшайымды таппадық. Жартылай жалаңаш батырларымызды көріп, терең ойға баттым. Нақтырақ айтқанда, қойылымның өн бойынан Тұмардың тұлға болып тұратындай тұсын кездестіре алмадық. Биге қойылған шайқас, өзге де көріністер... Музыкасы да миды жеген мистикалық бір әуен. Құдды бір модерн-балет театрында отырғандай болдық. Әлбетте, өз образдарын сәтті алып шыққан актерлерге айтарым жоқ. Олар, бар болғаны, режиссердің шешімін, тапсырманы орындаушы ғана. Қойылымдағы диалогтердің әлсіздігін де айтпай кетуге болмас. Қайран, сөз қадірі. Қара сөздің майын ағызып сөйлейтін классикалық қойылымдар қандай еді, ә? Қазір ондай шығармалар көзден бұлбұл ұшып барады. Классикадағы сөз саптау бар және қазіргі заман тілі деген бар. Классиканы классиканың тілімен, қазіргі заманды қазіргі заман тілімен қою керек қой. Үрдісінен айырылған ұлт құриды. Біз классикалық дүниелерді қазіргі заманға лайықтаймыз деп қателесіп жатамыз. Меңінше, бұл – дұрыс емес. Режиссерлер «Бұрынғыны қазіргі заманға лайықтап қоймасаң, көрермен көрмейді, келмейді» деп ақталатыны бар. Би мен айқай, жарқ-жұрқ еткен техникалық эффект, тарс-тұрс дыбыстар кейде классикалық қойылымдарда шамадан тыс беріліп жататыны жасырын емес. Әрине, мен театр сыншысы емеспін. Бұл барлық режиссерлерге қатысты дей алмаймын. Жақсы режиссерлер жоқ емес, бар. Әйтсе де кейде сахнадан көркем дүниелер көргіміз келеді. Костюм-шалбар киіп, бөкебай (шарф) таққан Гамлетті де көрген едік. Бір күні басына жаздық баскиім (кепка) киген, қолында телефоны бар Төле биді де көреміз бе деп қорқамын. Мен мұны театрсүйер көрермен ретінде айтып отырмын. Қайда менің Тұмарым?!..
Фархат ОМАРБЕКОВ, Тараз қаласының тұрғыны
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді