«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Құтырған» ит қораға шабуда

«Құтырған» ит қораға шабуда
ашық дереккөз
«Құтырған» ит қораға шабуда

«Малға қасқыр шапты» дегенге құлағымыз үйренген. Қорадағы қойды ит талап кетті дегенді естігендеріңіз бар ма? Айтақтасаң үріп, ишара білдірсең жататын, иесімен бірге мал бағып, көмегін көрсететін ит жеті қазынаның бірі саналады емес пе?! Үй күзетшісі, қораның қырағы бақылаушысы ретінде бұл мақұлықтың адаммен дос екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда жаз атаның ауылында қаңғыбас иттер жабайыланып, қорадағы малға шабатынды шығарды. Бүйте берсе, олар адамға да шабудан тайынбайды.

Сөзіміз дәйексіз емес. Мәселен, Мойынқұм ауылының тұрғыны Алтынбек Байбосыновтың мал қорасына кірген иттер бір күнде екі қой, үш ешкісін жеп кеткен. Бір ғажабы, араны ашылған олар тесігі жоқ, жабық қораға жердің астын қазу арқылы кірген. Құдды бір ит-құстың малға шабуын ғана емес, қулық әрекетін де үйреніп алған ба дерсің? Иттер таңғы 6 және түнгі 12-лер шамасында қораны торуылдайтын көрінеді. Ішінде егесі бар ит те бар екен. Олардың кейбірін Алтекең де танып алыпты. «Малды жайғап, үйде жайбарақат жатқанбыз. Әлден уақытта қора жақтан сиыр мөңіреп, азан-қазан болған дауыстар естілді. Далаға атып шықсам, иттер малымды талап, жұлмалап жеп жатыр. Ішінен дәу иттің бірін танып, иесіне барып айттым. Күндіз бір ескерткенімде сенбеп еді, екінші рет түскен соң мойындады. Ол иттің көзін жойдық», – дейді Алтынбек. Қырылған малдың ақысын да ит иесі төлеп беруге келісіпті. Қаңғыбас иттер Марат есімді азаматтың қорасынан 4 ешкіні, тағы бір қорадан екі қой, бір ешкіні жеп, терісін парша-парша етіп қалдырып кеткен. Мұндай оқиға былтыр да орын алған көрінеді. Бұл іс қашанғы жалғаса береді? Осы сауалды аудан әкімдігі ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Ернұр Надиргужинге қойған едік. Ол қырылған қой-ешкінің жағдайынан хабардар екенін, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, ұстап жатқандарын жеткізді. Өткен жылы аудан бойынша 1282 қаңғыбас ит пен мысық жойылыпты. Бұл мақсатқа былтыр аудандық бюджеттен 3 миллион теңге қаражат бөлініпті. Бұл жағдайға биыл 2 миллион теңге қаражат көзделген. «Қаңғыбас иттердің көзін жойып жатырмыз. Бірақ олар тым көбейіп кеткен. Олардың көпшілігінің иелері де бар. Ауыл тұрғындарына иттерін ауласында байлап ұстауға кеңес беріп отырмыз. Себебі қазір иттердің күшіктейтін (ұйығатын) уақыты», – дейді Е.Надиргужин. Адам мен жануарларды қапқан ит пен жабайы мысықтар құтыру ауруына себепкер болатыны анық. Мұндай иттің көзі жойылып, арнайы зертханада тексерілуі қажет. Егер ол иттерден құтыру ауруының белгілері анықталатын болса, әлгі үйлердің қорасындағы барлық малға құтыруға қарсы дәрілер салынуы тиіс. Осылайша ауыл тұрғындары айдың, күннің аманында қорлықты қасқырдан емес, иттен көріп отыр.

Уалихан ЖАЙЛАУ

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар