«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адамның күні - адаммен

Адамның күні - адаммен
ашық дереккөз
Адамның күні - адаммен

Қаһарына мінген биылғы қыс қытымыр мінез танытты. Осындай ақ қар, көк мұз құрсаулаған қаңтарда аяқ астынан үйден өрт шығады деп кім ойлаған? Даладағы аяздан қашып, жылы үйде қамсыз отырған Қаратау қаласының тұрғыны Дархан Жұмабековтің отбасы бір сәтте қиын жағдайға тап болды. Тілсіз жау қайдан шыққанын ешкім де аңғарып үлгермеген сол кезде. Әп-сәтте жан-жағын жалмап, лаулап жана жөнеліпті. Үй ішіндегілер жан сауғалап, әзер дегенде тысқа қашып шыққан. Бұл – өткен айдың 26-сы күні болған оқиға. Тапа-тал түсте өрт шығып, баспанасыз қалған Дарханның ұл-қызы киімдерін тастай қашып, жалаң аяқ қар кешіп, жан ұшырған күнгі жайтты әлі ұмыта алмай жүр. «Мен ол кезде Астана қаласында жұмыс іздеп жүргенмін. Суыт хабар жетісімен елге оралдым. Келсем, үй өртенген, қайырымды жандар қаладағы 3-мөлтек аудандағы 48-үйдің бір пәтеріне отбасымды көшіріп апарып, уақытша қоныстандырыпты. Бұл да бір Алланың сынағы шығар. «Өрт – тілсіз жау» деген. Әйтеуір отбасымның аман қалғанын көңілге демеу етіп, қала әкімі Қайрат Серімовке жағдайымды айттым. Ол дереу мамандарын шақырып, өртенген үйді көріп, тиісті мекемелермен хабарласып, құжаттарын реттеп, көмек қолын созды. М.Әуезов атындағы орта мектептің ұжымы қаражат жинап, балаларымды оқулықпен қамтамасыз етті. Көршілерім де киім-кешек алып келіп, табыстап жатты. Әсіресе Қаратау қаласындағы орталық мешіттің бас имамы Нұрсұлтан Әлиевке, «Игілік» көп салалы кәсіпорнының басшысы Рашид Сейдалиевке мың алғыс айтамын. Заттай, ақшалай жәрдем беріп, жағдайымыздың түзелуіне көмектесті. Ал аудандық аурухананың қызметкерлері балам мен сексен жастағы анамның денсаулықтарын күнделікті тексеріп, ем-домдарын жасауда», – дейді отағасы. Қақаған қыста баспанасыз қалған отбасына аудан және қала әкімдіктері де қолдан келгенше көмек көрсетіпті. Жағдайын ескеріп, тұрғын үй кезегіне қойыпты.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, журналист

Қаратау қаласы, Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар