– Аға, шар алыңызшы, өтінем! – Алайын, қаншадан? – 300 теңге берсеңіз болды, бір шарды сізге тегін беремін! – Жарайды... – Рахмет үлкен! Жаздың қоңыр салқын кешінде болған осы бір сәттік диалог кейде есіме еріксіз оралады. Екі ауыз сөзбен езу тартқызған жеті-сегіз жастағы қаршадай қыздың тілінің тәттілігі ме әлде өз ісіне ептілігі ме, әйтеуір осы көрініс көз алдымда жиі менмұндалап, санамда ұзаққа сақталды. ...Ақпанның ақшам сәті ауасы таза, көрінісі тамаша мезет қой. Ақ қарға оранған даланың арқыраған аязы қайтып, тынысыңды ашатын саф, салқындау самалы бойды сергітеді. Сенбілік демалыстың кешінде балаларды алып, далаға шыққанмын. Таяу маңда тұрғандықтан, шаһардың орталық алаңына аяқ басу – қашанғы әдетіміз. Біз секілді тынығу ниетінде шығып, мәз-мейрам күй кешіп жүргендер аз емес секілді. Бір кезде жарыса жүгіріп, жанымызға жеткен екі-үш қыз бала ентігін басар-баспастан: «Шар алыңыздаршы, шар!», «Жоқ менен алыңызшы», «Екеумізден де бір-біреуден аласыз ба?» деп қиылып, бірінің алдын бірі орап барады. Ұлдарымның да қызыққанын байқап, екеуінен де алуға келістім. Қолдарындағы бір бума қызылды-жасылды шарларынан шығарып берді. Бастауыш сыныптың бүлдіршіндері десек те, қыздардың ылдым-жылдым әрекеттері, осылайша шар сатулары көптен бергі үйреншікті істері екендігіне күмән туғызбайды. Алған шарларымыз аз ғана уақытта жарылып, жарамсыз болып қалғанын байқаған болу керек, әлгі қыздар қайта алдымыздан шығып, шар алуымызды тағы өтінді. Бұл жолы бас тарттық. Әйтсе де тұлымшағы желкілдеп, қуыршақпен ойнайтын құлын шағында шар сатып жүрген қыздардың қылығы мені түрлі ойға қалдырып, санамды сан-саққа жүгіртті. ...Бірде жұмыстан кештеу шығып, орталық алаңдағы көп орындықтардың бірінде тынығып отырғанмын. «Шар алыңызшы, аға!» деген аянышты үнмен таяп келген қыздың даусы ой үстіндегі мені селк еткізді. Әлгі қыздардың біріне ұқсатып, шырамыттым. Ол да мені біреуге ұқсатқандай... Жанымда ұзақ аялдады. Түнгі ызғарға тоңғанын жасырғысы келіп, қолдарын алмастыра қойнына тығып, енді бірде байқатпай үрлеп жылытқанымен, алма бетінің шиедей қызарғаны бәрін аңғартып тұрған еді. Жалынышты кейіппен үн қатқан бүлдіршіннің бейнесі жаныма батты. Затын алмасам да, қалтамнан алып, азын-аулақ тиын-тебен бермекке оқталғанымды байқаған ол, қалтамды ақтарғанымша қасыма жайғасып үлгерді. Қай мектепте оқитынын, қайда тұратынын сұрағанымда ол сегізінші шағын ауданда, көп қабатты үйдің тұрғыны екенін, анасы күнделікті үрлеп берген шарларды әпкесі екеуі сатып тауыспаса болмайтынын айтты. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дейді ғой. Анасының жуық маңда жүргенін, бірақ қасына жоламауды бұйырғанын, кештетіп әкелері көлікпен ап кететінін де жасырмады. Қала ішінде балаларын ертіп, алдыңды кесе көлденеңдеп, қол жайып жүрген, түрі басқа, тілі түсініксіз өзге ұлт тілемсектерінен гөрі, шар сатқан қыздардікі адал еңбек қой деп ой түйгенмін. Алайда ата-анасы тірі, көлік-пәтері бар отбасының бұл әрекетін құптауға құлықсыз болдым. Сабағын оқып, көбейту кестесін жаттап, нағыз білімге ден қояр шағында шар сатқызып, тиын санатқан әке-шешеге іштей ызам да келді. Баланың балғын дәурен, бал бақытын ұрлап, еркінен тыс нәрсеге баулу – оның болашақтағы бағыт-бағдары, көзқарасы мен ойлауына, тіпті психологиясына да кері әсер ететіні айтпасақ та түсінікті. Асыр сап ойнап, еркін ойлап өскен ұрпақ ертеңгі ел мақтанышына айналар азамат болып қалыптаспай ма?! Таяуда сол қыздардың бірін тағы кезіктірдім. Орталықтың аялдамасындағы орындықта түрлі түсті гүл, жүрек пішіндес шарларын құшақтап көз жасына ерік беріп, еңкілдеп жылап отырған қызға жақын бардым: – Неге жылайсың? – Айтпаймын, маған сөйлемеңізші! – Біреу тиісті ме, анаң ұрысты ма әлде? – Жоқ, сіз тиістіңіз маған, тиісіп жатырсыз. Анам мынау дүкенде, қазір шықса, сізді айтып беремін. – Онда жыламағын, жақсы қыздарға жылауға болмайды. – Сіз шар аласыз ба? Алыңызшы! ...Осы жолы затын алып, қолына қалағанын ұстатпасам да, қызылды-жасыл шар сатқан бүлдіршіннің қызылды-жасыл дүниеге бой ұрмай, есейгенін, болашағы жарқын болып бойжеткенін іштей тілеп, кете бардым...
Жанғазы АХМЕТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді