«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жеңіс саябағы» қайта жаңғыртылады

«Жеңіс саябағы» қайта жаңғыртылады
ашық дереккөз
«Жеңіс саябағы» қайта жаңғыртылады

 width=Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен қалалық кеңестің кезекті басқосуында Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жайы талқыланды. Таяу арада аумағы 15 гектар болатын саябақ адам танымастай өзгермек. Жиында саябақты жаңғырту жобасын таныстырған Алматы қаласынан арнайы келген «Арыстан–Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары мұнда Ұлы Отан және ауған соғысы мен тыл ардагерлеріне арналған музей бой көтеретінін атап өтті. Жоба авторларының айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 68 мыңға жуық жамбылдықтың есімдері қашап жазылған «Жауынгерлік даңқ аллеясы» мемориалды композициясы пайда болады.

Осыған орай сұрапыл соғысқа қатысқан жамбылдық жауынгерлердің есімі жергілікті басылымдарға жарияланып, олар жайындағы тың деректерді іздестіру, тізімді толықтыру жұмыстары қолға алынбақ. Бұл ретте Жеңіс күніне арналған ірі шаралардың бірі – «Мәңгілік полктің» жүруіне ыңғайлы етіп саябақ аумағын қайта жасауға басымдық берілетінін айта кету керек. Жаңғырту жұмыстары қаланың әр жерінде орналасқан «Мәңгілік алау» мен Б.Момышұлы ескерткішін саябақ аумағына көшіріп әкелуден басталады. Қала тұрғындары мен қонақтарының қарбалас тірліктен бір сәт сергіп, демалуы үшін жағдай жасаудан бөлек, саябақты эстетикалық, патриоттық тәрбиенің ордасы ету де басты назарда. Тағы бір айта кететіні, алдағы уақытта көпшілік Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері Бауыржан Момышұлының есімімен аталатын саябақтан батырдың ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтқан нақыл сөздері жазылған тақтайшаларды да көретін болады. Одан бөлек, қауіпсіздікті сақтау мақсатында саябақ аумағын толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтып, қосымша полиция пунктерін ашу жоспарланып отыр. Қалалық кеңестің кезекті отырысына облыстағы салалық басқарма басшылары мен мүдделі мекеме жетекшілерімен бірге Қазақстан Сәулетшілер одағының президенті Ақмырза Рүстембеков пен «Күмбез» компаниясының президенті- Сәулетшілер одағының вице-президенті Болат Мұсылманбеков қатысып, Тараз қаласының кескін-келбетін өзгертуге қатысты ойларымен бөлісті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар