Ертеректе көнекөз қариялар таң атар және күн батар кезде аяздың күшіне енетінін айтып, «осындай шақта далаға шықпа, үсіп қаласың!» деп қатаң ескертіп жататын. Бүгін күн көтерілгенге дейін термометр бағаны қаншаны көрсеткенін қайдам, ал кеше ертеңгі сағат 9.00-де минус 32-33 градус аяз қысып тұрды. Мұндай күндері барлық мектепте төменгі сынып оқушыларына сабақ тоқтатылатыны айдан анық. Себебі өңірдегі көптеген мектептің оқушылары екі ауысымда оқиды. Сол үшін алғашқы ауысымдағы бірінші сабақ таңертең 8.00-де басталса, екіншісінің соңғысы кешкі сағат жетілерге таман бір-ақ бітеді. Ал бұл – жаңағы үлкендер айтатын нағыз аяздың қысатын шағы.
Ертеректе деп айтуымыздың да өзіндік себебі бар. Сонау қар қалың түсіп, қыс қатты болған 60-70 жылдардағы қиын-қыстау кезеңдер жайлы аға буыннан естігеніміз болмаса, біз ондай қысты көрген жоқпыз. Беріде, 2004 жылы бір метрден асатын қар жауғанда да, оның аязы дәл осылай қысқан жоқ. Бірер күннен кейін-ақ, күн көзі көрінгенде, қалың қар бой-бойы шығып, еріп кетіп еді. Ал биылғы қыстың қаһары ерекше. «100 жылда болмаған қыс келеді» деген болжам шындыққа жанасатын секілді. «Мұндай суық қыс 20-25 жылда қайталанып тұрады. Берідегіні айтатын болсам, 1994 жылы қатты қыс болған. Сондағы аязда киіктер қыстау-қыстауға келіп жаппай қырылған еді. Одан әріде қыстың қаһарына мінген кез – 1969 жыл. Кей қыстауларда тігерге тұяқ қалмаған нағыз жұт еді. 1950 жылы да арқар ауған қатты сарышұнақ аяз болды. Қыс қатты қыспаққа аларын сонау жаздың аптап ыстығына қарап-ақ болжап едім. Шаруаларға жемшөпті молырақ жинауға кеңес бергенмін. Шаруа баққан ел біледі, күзде қасқырлар табанына май түсіп, қатты семірді. Ал биелер тегіс іш тастады. Бұл аң мен жылқы жануарының осындай қыстың боларын сезіп, алдын ала дайындалғаны еді», – дейді құсбегі Жапар Сатылғанов. Қыс қаһарына мініп, қыспаққа алғалы аптадан асты. Мойынқұм мен Сарысу аудандарының бастауыш сынып оқушыларының қысқа мерзімдік демалысқа шыққанына да бір аптаға жуықтап қалды. Жұма күні оларға 5-9 сыныпта оқып жүргендер қосылды. Дүйсенбі күні демалыстан кейінгі демалыс уақыты созылып, қос ауданда сабақ толық тоқтатылды. – Тараз қаласында, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандарында сабақ толық тоқтатылды. Ішінара желдің өтіндегі кейбір ауылдарда ғана болмаса, дүйсенбі күні Байзақ, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Жуалы аудандарында жоғары сынып оқушылары мектепке барды. Жалпы өңірде өткен жұма, дүйсенбі күні барлық бастауыш сыныпта оқитын балғындар сабақ оқыған жоқ. Бұл – күн райына қарай қабылданған шешім. Сейсенбі күні де түнде минус 30-32 градус көрсеткіш сақталады, кей жерлерде солтүстік-шығыстан ұйытқи соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін деген хабарлама түсті. Желді күні ауа температурасы болжамды көрсеткіштен төмендей түсетіні белгілі. Алдағы күндердегі жағдай ауа райына байланысты, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова. Білім саласының басшылары аязды күндері жағдайды қатаң бақылауда ұстап, ата-аналарға хабарласып, балаларды сабаққа жібермеуді тапсыруда. Негізі термометр бағанындағы көрсеткіш минус 25 градустан төмендегенде, барлық бастауыш сыныптың оқушылары сабақтан босатылатыны белгілі. Цельсий бағанасы –27-ден асқанда – 1-9, –30-дан асқанда барлық сыныптың шәкірттеріне сабақ тоқтатылады. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығында осылай көрсетілген.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді