Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы ел халқына арнаған Жолдаулары ел экономикасын өркендетуге, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты бірін-бірі толықтырып, өзара сабақтасып жатады. Мемлекет басшысының биылғы 10 қаңтарда мерзімдік басылымдарда жарық көрген «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы да әлемдегі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті барынша дамыған отыз елдің қатарынан көрінуді мұрат тұтып отырған Қазақстанның алдындағы он жаңа міндетті белгілеп берді.
Аталған тарихи құжатта еліміздің еңсесін биіктетіп, жаһандық өркениет көшінің алдыңғы легінен көрінуіне мүмкіндік беретін өндірістік процестерді цифрландыру және заманауи бизнесмодельдерді игеру, ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу, транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, қаржы секторын қайта жаңғырту сияқты өзекті мәселелермен қатар, адами капиталдың жаңа сапасына қол жеткізу, соның ішінде қолдау көрсетуге мұқтаж әлеуметтік топтардың жағдайын жақсарту шаралары да жан-жақты қарастырылған. Жолдауда 2016-2017 жылдары базалық зейнетақының 29 пайызға, ынтымақты зейнетақының 32 пайызға, бала тууға байланысты жәрдемақының 37 пайызға, ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысының 43 пайызға арттырылғандығы және бұл үрдістің алдағы кезеңде де сәтімен жалғастығын табатындығы айтылған. Атап айтқанда, ағымдағы жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінген шығын 12 пайызға өсіп, 4,1 триллион теңгені құрайтын болады. Бұл – әлеуметтік төлемдердің, соның санатында зейнетақының өсуі есебінен үш миллионнан астам қазақстандықтың табысы көбейіп, тұрмыстық жағдайы жақсарады деген сөз. Ашығын айту керек, облыс аумағында тұратын 121 мыңнан астам зейнеткер және еңбекке жарамсыз жандар қазірдің өзінде мемлекет тарапынан өздеріне жасалып отырған қамқорлықты айқын сезінуде. Мәселен, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақының мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 пайызға артты. Ал 1 шілдеден базалық зейнетақының көлемі еңбек өтіліне байланысты 1,8 есеге дейін өсетін болады. Мемлекетіміздің кезінде ел игілігін еселеуге үлес қосып, бүгінде зейнет демалысында жүрген зейнеткерлерге, тұрмыстық көмек алуға зәру жандарға осылай тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетуі, еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарынан табылуға қарышты қадам жасап отырғандығын көрсетеді. Өйткені тек экономикалық әлеуеті жоғары мемлекеттің ғана халқының әлеуметтік мәселелерінің шешімін табуға қауқары жетеді. Олай болса, тәуелсіздігінің 27 - жылына қадам басқан Қазақстанның төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамуының жаңа мүмкіндіктерін айқындап берген Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға жұмылу – қай-қайсысымыздың да парызымыз.
Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді