Алатаудың күнгейі мен теріскейін ен жайлаған қазақ-қырғыз ынтымағы жарасқан елдер. Айыр қалпақты ағайындардың Манас жырын жаттамасақ та, естіп өстік. Олар да ақын Абайдың тағылымды өлеңін оқыған. Жамбыл мен Тоқтағұлдың жырлары, Шыңғыс пен Шерханның шығармашылық бірлігі – екі елдің достықтығының тамыры тым тереңде жатқанын аңғартса керек. Қазақтың Бауыржаны мен қырғыздың Шолпанбай батырлары бір майданда Отан үшін кеуделерін оққа тосты... Қазіргі кезде де екі елдің саяси-экономикалық байланысы берік. Қырғыз елінің Талас облысында өткен «Достықта жоқ шекара» атты достық пен ынтымақтастық фестивалі – соның бір көрінісі.
Фестивальге өңірімізден 60 адамнан құралған делегация қатысты. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының өкілдері Бахром Муминов, Ұлтуар Бабақұлова, «Днепро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко, қырғыз этномәдени бірлестігінің төрайымы Анар Сүлейменқызы, қазақ этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева, облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесі әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Сәуле Құрманәлиева және көптеген өнерпаздар, облыстық филармонияның әнші-бишілері мен БАҚ өкілдері бар. Жамбылдықтарды қырғыздар Талас облысы, Манас ауданының шекарасынан бауырсағын ұсынып, қырғыз әнін шырқап зор ықыласпен күтіп алды. Топ жетекшісі, Манас ауданы әкімінің бірінші орынбасары Замир Құрманәлиев құттықтау сөз сөйледі. Бұдан кейін «Манас ата» кесенесіне барып, рухына құран бағышталды. Бұл жерде Талас облысы губернаторының орынбасары Әзият Жарқынәлиева жол бастап, «Манас ата» тарихи-танымдық музейін аралатты. Жамбыл облысының өнерпаздары облыстық Қапар Медетбеков атындағы музыкалық драма театрында «Қазақстан – достық пен татулықтың мекені» атты концерт берді. Іс-шараны Талас облысының губернаторы Марат Мұратәлиев сөз сөйлеп ашып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. «Қазақ-қырғыз татулығы жарасқан елдер. Қазіргі саяси-экономикалық ынтымағы да жоғары. Әсіресе көрші жатқан Талас пен Жамбыл облыстарының достығы мығым. Екі арадағы достық татулық ұзағынан болсын. Талас тұрғындарына тарту етіп әкелген өнерлеріңізге, ыстық ықыластарыңызға ризамыз», – деді ол. Бұдан кейін облыс делегациясының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының өкілдері Бахром Муминов пен Ұлтуар Бабақұлова сөз сөйлеп, Талас облысының губернаторына алғыс айтты. Екі мемлекет арасындағы достықтың берік болуына тілектестік білдіріп, Құттықтау хат және арнайы теріден жасалған торсықты Марат Мұратәлиевке табыс етті. Өз кезегінде Талас облысының губернаторы Марат Молданұлы да көрші елдің делегациясына кәдесый сыйлады. Концертте Айжан Қонарбаева жетекшілік ететін «Ақкербез» бишілер ансамблі өнер көрсетті. Тал-шыбықтай иілген, мың бұрала билеген қыздарымыздың өнеріне қырғыз бауырларымыздың қошеметі жоғары болды. «Алатау» фольклорлық ансамблінің (жетекшісі Дастан Көреген) орындауындағы Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйін де көрермен зор ықыласпен тыңдады. Жас өнерпаздар Дидар Басығараев пен Тоғжан Шағырбаеваның күй сайысына, ағалы-қарындас Марғұлан мен Сұлужан дуэтінің орындауындағы қырғыз әні «Арман-айға» қол соқпаған жан қалмады. Сахнаға қырғыздың «Таласым» әнін шырқап шыққан Оңал Азаматоваға да таластықтар дән риза. Ал Ғани Мәтебаев орындаған «Дүнген қызы», Жанна Асанқұлова, Гүлшат Тінәсілованың репертуарындағы әндер де, грек, татар, орыс, қазақ билері де коптің көңілінен шықты. Концерт «Мәдениетті жігіттер» тобы шырқаған Серік Ибрагимнің «Тілек» әнімен түйінделді. Жамбылдықтардың өнеріне разы болған қырғыз ағайындар құрмет көрсетіп, делегацияны шекараға дейін шығарып салды. Белгілі айтыскер Балғынбек Имашев айтқандай, «Тұрса да екі араны тауың бөліп, қалады қазақ-қырғыз бауыр болып».
Тараз – Талас (Қырғызстан) – Тараз
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді