«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктелді

Мұғалімдерге зор  жауапкершілік жүктелді
ашық дереккөз
Мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктелді

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы ел дамуының басым бағыттарын айқындап берді. Сөзсіз орындалуы тиіс он міндеттің жетіншісі «Адами-капитал-жаңғыру негізі» деп аталды. Білім берудің жаңа сапасы кеңінен қамтылған бұл міндет жалпы мұғалімдер қауымына бұрынғыдан да зор жауапкершілік жүктейді.

Жолдауда: «2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет» деп ел ертеңі жастарды бүлдіршін кезінен бастап білімді болып қалыптасуы үшін нақты міндет жүктеді. Балабақшадан әріп танып келген шәкірт білім ошағының табалдырығын аттағанда қиналмайды. Одан кейінгі білім негізі бастауышта қаланатынын ескерсек, бастауыш сынып мұғалімдері үшін әр оқушының сапалы білім алуы жолында тынымсыз еңбек етулері керек. Мемлекет басшысы қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату қажет екенін еске сала отырып, 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажеттігін де тапсырды. Орыс тілін білудің маңыздылығына да назар аударды. «2019 жылдан 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеу үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады» деп атап көрсетті Елбасы. Жалпы білім саласы қызметкерлерінің алдына нақты міндеттер қойылды. Жолдау талқылауға жатпайды, тек қана қолдау көрсете отырып, талаптарын орындауға міндеттіміз. Осыны ескере отырып, жұмысымызды бұрынғыдан да ширата түстік. «Баланы жастан...» дегендей, 1-4 сыныпта сапалы білім алған оқушы өсе келе зерек те, білімді болады. Сондықтан төменгі сыныптарда әр оқушымен жеке-жеке жұмыс істеудің де маңызы зор. Оқушы мектептен гөрі үйде көп болатындықтан, ата-ана да ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігін естен шығармаса дейміз. Бала ес біле бастаған шақтан оның мінез құлқын, неге бейім екендігін бірінші анасы байқайды. Қай ата-ана болмасын ұл-қызының білімді де, саналы азамат болып өсуін тілейді. Сынып жетекшілері мен жалпы мектептің педогогикалық ұжымымен тығыз байланыс орнатқан ата-аналардың балалары мектептің озат оқушылары атанып жүр. Сонымен, Мемлекет басшысы алдымызға үлкен міндет қойды. Енді оны орындау барша білім саласы қызметкерлерінің басты парызы әрі міндеті.

Сандуғаш БЕРМЕТОВА, Аққия бастауыш мектебінің меңгерушісі

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар