шалғай ауылдағы мектептерде сабақ тоқтаған жоқ
Бірнеше күннен бері толассыз жауған қар біраз қалыңдай түсті. Ара-тұра жауғаны болмаса, қысты қарсыз өткізетін өңірдің тұрғындары табиғаттың мұндай «мінезіне» тосырқап қалған сыңайлы. Дүйсенбі күні ертеңгі сағат 9-дың кезінде шағын аудандарды айтпағанда Тараз қаласының орталығының өзі қардан толық аршылмай жатты. Облыс орталығындағы жағдай осындай болғанда аудандардағы ахуал қалай екен деп көңілімізге алаң кірген соң, бірнеше ауданға хабарласып, ауылдардағы ахуалды, мектептердің жай-күйін білдік.
Тараздан әрі кетсе 70 шақырым қашықтықта жатқан Т.Рысқұлов ауданында жағдай әзірге қалыпты екен. Алайда аудандық білім бөлімінің маманы Назира Алтауова Қайыңды мен Тереңөзек ауылдарында қардың қалыңдығы 45 сантиметрге дейін жеткенін, осылай жауа берсе, алдағы күндерде сол жаққа оқушылар тасымалдау қиындай түсуі мүмкін екенін айтты. Жалпы аудан бойынша 9 елді мекеннен 13 орта мектепке 659 бала тасымалданатын көрінеді. Бұл мақсатта ауылдық округтер 14 автобус бөліпті.
Байзақ ауданындағы хал-жайды хабарлаған білім бөлімінің әдіскері Назира Құлмағанбетова оқушы тасымалдауда қиындық туындамағанын жеткізді. 10 орта мектепке 704 оқушыны тасуға бөлінген 10 автобустың техникалық жағдайы толық тексеруден өткізілген екен. Облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл ауданында да жағдай тұрақты. Аудандық білім бөлімінің инженер маманы Бақытжан Шабаевтың сөзіне сүйенсек, барлық мектепте жылу толық берілуде. Мұнда 9 ауылдық округтен 12 мектепке 997 оқушы тасымалданады екен. Ең қашық деген 16 шақырым жерден, яғни 22 баланы – Қызылтаңнан, 97 оқушыны саяжайдан Айша бибі ауылына апаруда көлік мәселесінде қиындық жоқ деседі. Қалың қар әзірге ешкімді әлекке сала қоймапты. Дегенмен шалғай аудандарда аздаған қиындық туындап жатыр екен. Мойынқұм ауданындағы Мыңарал кенті және Мыңарал стансаларындағы мектептің сынып бөлмелері салқындап кетіпті. Ұланбелдегі орта мектепте де бөлмелер бірде жылы, бірде қоңыр салқын тартып тұрған көрінеді. Жауапты мамандар мектептің қыз-қыз қайнамай тұрғанын көмірдің сапасыздығынан көріп отыр. Қатты отын қоры жеткілікті екен, алайда қызуы аз дейді. Есесіне бұл ауданда тасымалдан туындаған мәселе жоқ. Тасымалды қажет ететін 200-ге жуық бала аудан орталығына алдырылып, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің интернатына орналастырылыпты. Ауылдарына демалыс уақытында ғана барып тұрады. Бұған ата-ананың көңілі де жай. Жуалы ауданында 22 ауылдан оқушылар тасымалданып оқытылатыны белгілі. Тасымал мәселесі оқу жылының басында шешіліп, тиісті жағдай жасалыпты. «Екі жыл бұрын Қошқаратаға жаңа мектеп салынған. Ол ауылдың балалары қазір жайлы, жылы мектепте оқиды. Негізі біздің аудан тұрғындары мұндай қарды елей бермейді», – дейді ауданның білім бөліміндегі мамандар сөзінің соңын әзілге бұрып. Меркіде аудан орталығынан шалғай жатқан ең алыс ауыл 45 шақырым қашықтықта орналасқан. Аудандық білім бөлімінің басшысы Сәкен Есеновтің айтуынша, бұл ауылдағы мектеп былтыр демеушілердің көмегімен жөндеуден өткізіліпті. Жылу тұрақты берілуде дейді. Ал мектебі жоқ үш шағын ауылдан 116 бала қатынап оқиды екен. Оған суық күнде автобус күтуге мәжбүр бастауыш мектебі ғана бар 9 ауылдан 290 жеткіншекті қосыңыз. Таластықтар да қалың қарды елер емес. Аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Гүлшат Қожатаева барлық мектептің ауласы толық күреліп, оқу процесі тоқтаусыз жалғасып жатқанын айтты. Бұл ауданда Қызыләуіт ауылдық округінде тасымал мәселесі бар екен. Нақтырақ айтсақ, Ақтөбе ауылынан 12 бала Қызыләуіттегі орта мектепке «Газельмен» қатынап оқиды. Сонымен қатар, Қаратау қаласы маңындағы қосалқы шаруашылықтан 54 бала аудан орталығындағы М.Әуезов мектебіне қатынап, білім алып жүр. Мамандардың айтуынша, көлік мәселесінде еш қиындық жоқ. Білім бөліміндегі жауапты мамандардың айтуынша, өзге аудандарда да оқу барысы бірқалыпты, тасымалмен оқитын балаларды да алаңдатарлық жағдай қалыптаспаған. Әйтсе де, «Қар жауды деп қуанба, аязы бар» дегендей, қалың жауған қардың әлі аязы қысатынын ескеріп, сақ болу қажет. Сондықтан аудандық білім бөлімдері, ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары жағдайды бақылауда ұстап, жұмыстарына сергек қараса, ұтылмайды.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді