«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа жыл жарылқай ма?

Жаңа жыл жарылқай ма?
ашық дереккөз
Жаңа жыл жарылқай ма?

zeynetaky f782908630b79bd13be53da10f46d2a0_XLЖаңа келген жылдан әрбіріміздің жылт еткен жағымды жаңалықтар күтетініміз жасырын емес. Бірқатар заңдарға енгізілген өзгерістерден кейін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың міндетті төлемдері көбейе түспек. Сонымен қатар 2018 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы көлемі де артатыны белгілі. Бұдан бөлек, қазақстандықтар осы жылы төмендегідей өзгерістердің куәсі болмақ.

Төлқұжат Қазақстан азаматтарына Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты 2018 жылдан бастап төлқұжат алу қымбатқа түсетін болады. 2018 жылдан бастап төлқұжат құны 19 240 теңге болмақ. Яғни 8 АЕК (Бір айлық есептік көрсеткіш - 2405 теңге). 2017 жылы төлқұжатты алу үшін отандастарымыз 4 АЕК (9076 теңге, 1 АЕК - 2269 теңге) көлемінде қаржы төлеп келген еді.

VIP-НӨМІРЛЕР МЕН АҚЫЛЫ ЖОЛДАР Жаңа жылдан бастап, көліктердің VIP мемлекеттік нөмірлері қымбаттайды. Неғұрлым сәнді нөмір болса, соғұрлым бағасы да жоғары. Мәселен, 2017 жылы 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 нөмірлері үшін 228 АЕК (517 332 теңге) көлемінде төлем енгізілсе, 2018 жылы дәл осындай сәндік нөмірлер үшін мемлекет қазынасына 285 АЕК (685 425) теңге төлеу қажет болады. Сонымен қатар, 2018 жылы Алматы – Қапшағай тас жолымен қатынау ақылы болмақ. Аталған жол учаскесімен жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция, халықаралық автобустар, ауданаралық автобустар тегін жүре алады.

ГАЗ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, газ 10 пайызға қымбаттайды. Энергетика министрлігінің газ бағасын көтеру туралы бұйрығына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтары мен 31 наурыз аралығы үстеме бағаға салынған салықты есептемегенде газдың шекті бағасы тоннасына 38 701,67 теңге болады. Қазір Қазақстанда сұйытылған газ тоннасына 34 319 теңгеден сатылып келеді.

БЖЗҚ ТӨЛЕМІНІҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады. Егер Қорға жүгінген күні зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған болса, оларды толығымен алуға мүмкіндік бар. 2018 жылы бұл сома: 33 745x12=404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді. БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері Үкімет Қаулысымен бекітілген, Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады.

ЖАСЫРЫН ПІКІР ҚАЛДЫРУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Жаңа жылдан бастап, Қазақстан интернет кеңістігінде жасырын пікірлер қалдыруға заңмен тыйым салынады. Ақпарат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Заңы бойынша енді анонимді пікір қалдыруға болмайды. Түзетулерге сәйкес, интернет қолданушылар қазақстандық ресурстарға жасырын пікір жазып қалдыра алмайды. Сайт иесі электронды үкімет порталы немесе SMS арқылы идентификациялау туралы келісім жасауға міндеттейді.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ӨСЕДІ Әйелдердің зейнетке шығу жасының көбейгеніне қарамастан, 2018 жылдан бастап, жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнетақы көлемі 8 пайызға артады. 2018 жылдың 1 шiлдесiнен бастап, барша зейнеткерге бірдей төленіп келген базалық зейнетақы көлеміне айтулы өзгерістер енеді. Онда зейнеткердің 1998 жылға дейін қалыптасқан еңбек өтілі және 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі зейнетақы жүйесіне аударған жарналары есепке алынады. Мәселен, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 15 жыл, одан кейін 16 жыл жұмыс істесе, базалық зейнетақы тағайындау үшін жалпы 31 жылдық еңбек өтілі қабылданады. Ал егер бір адамның еңбек өтілі 10 жылдан аз болса, оған автоматты түрде қазіргі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы тағайындалды. Бұл сома келер жылы 15 274 теңгені құрайды. Сәйкесінше, зейнетақы жүйесіне қатысқаны үшін 10 жылдан кейінгі әрбір жыл үшін 2 пайыздан қосылып отырады. Біздің жағдайда, 31 жыл еңбек өтілі болса, оның 10 жылы үшін зейнеткер кепілдендірілген 54 пайызға ие болады. Қалған 21 жыл үшін 2 пайыздан 42 пайыз қосылады. Осылайша, 31 жылдық еңбек өтілі бар зейнеткер 54-ке 42-ні қосқанда, ең төменгі көрсеткіштің 96 пайызын (шамамен 50 мың теңге - авт.) ала алады. Сәйкесінше, 33 жыл еңбек еткен зейнеткерлерге ең төменгі күнкөріс деңгейінің толық сомасы қосылады.

ШОБ ҮШІН ЖАҢА САЛЫҚ ЖҮЙЕСІ Елімізде мақұлданған жаңа Салық кодексі ШОБ өсімін ынталандырып, қаржы секторын нығайтпақ. Жаңа кодекске сәйкес, барлық түсініксіз тұстар мен дәлсіздіктер салық төлеушінің пайдасына қарай әлі де талқыланатын болады. Бұл қағидат салық дауларын әділ қарау үшін жасалмақ. Айта кетерлігі, жаңа Салық кодексі интернет сатушыларды салықтан босатады, шағын және орта бизнес үшін есеп берудің жеңілдетілген режімін ендіріп, салық жүктемесін азайтады.

ЭЛЕКТРОНДЫ КЕДЕН РӘСІМДЕРІ

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, кедендік рәсімдер электронды форматқа ауысады. Енді жеке тұлға тапсырыс беретін не әкелетін тауарға баж салығын электронды түрде бере алады. Айта кетерлігі, тек жеке тұлға ғана емес, кеден қызметкері де декларацияны толтырып бере алады. Ол үшін ақша төленбейді.

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ

2018 жылы көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілетін үш түрлі жәрдемақы біріктіріліп, бір атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады. Яғни азаматтардың табысына қарамастан, республикалық бюджеттен тағайындалатын арнаулы жәрдемақы, отбасылардың табысына қарай анықталатын және жергілікті бюджеттен төленетін балалар жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмектер біріктіріледі. Егер бүгінде азаматтар осы үш жәрдемақыны алу үшін үш пакет құжаттар даярлап, үш түрлі мекемеге баратын болса, енді жаңа жүйе аясында бір пакет құжаттар әзірлеп, бір мекемеге, яғни жұмыспен қамту орталығына барады.

Ұқсас жаңалықтар