– Тауық жылы табалдырығымыздан аттарда жұбайым күтпеген сыйлыққа қол жеткізді! – деп бастады бір танысым әңгімесін. – Балам мен келінім әрі-бері ойласа келе оған 50 мың теңгелік бір құты француз әтірін алып беріпті. Кемпірімнің қуанышында шек болсайшы! Әсіресе, «қымбат ештеңесі жоқ, осы күнге дейін мені бес-он теңгенің әтірімен алдап, «жынды» қылып келіпсің» дегені біртүрлі күлкімді келтірді. Жалпы, иіссу атаулының жарнамасы жер жарғаны болмаса, ешқайсысы да француз әтірімен шендесе алмайды ғой! Үйдегі «жартым» соны біле ме, әлде?
Осыдан кейін мен де ой түбіне шым баттым. Бір құты әтіріңнің құны анандай. Осы күнгі орташа айлық жалақының о жақ, бұ жағы. Алайда бұған таңданудың да еш реті жоқ. Бүгінде түскі асының өзін ұшақпен ұшып барып Грузия асханаларынан ішетін бақуатты қазақтар бар деп естиміз... Бұл біздің бақуаттана түскеніміздің де белгісі болар. Әлде... Оқымыстыларымыздың айтуынша, пенде атаулының бірінсіз-бірі жоқ жан мен тән бірлігін сақтамай, бір ғана бағытты таңдап, тек ішіп-жеуді, киінуді, жақсы үйге кіріп, әйбат машине мініп, уайым-қайғысыз өмір кешуді, бірінен-бірі асып, байлық таластыруды ғана ойлаумен «ауыруы» дүниені жайлап, жапыра жалмап келе жатқан «банан» сырқатының белгілері-дүр. Кейде маған дүмдінің әлсізге тізе батыруында да осы дерттің шалығы бардай көрінеді. Басқаны қойып, өзімізді айтайықшы... Өмірде бар жиып-тергені бір-екі мыңдық «жасыл қағазға» жетпей, жинағын шығара алмай қан құсып жүрген ақын қаншама! Ал әлгі... «бананмен» ауыратындардың ондай ақша «қазан-ошағын» бүтіндеуіне де жетпейді. «Ханзадалық» өмір – дүниеге тоймаушылық, ашкөздік түптің түбінде, жалғандағы әділетсіздіктің, бірін-бірі ойланбай құрбандыққа шалудың, қиянаттың, арамдықтың, арсыздықтың, сатқындықтың, «өзгеге емес өзіме болсын» дейтін іштарлықтың, қатыгездіктің балалап өрбіп, көбеюіне алып келіп жүрмесе деп те шошынамыз, баяғы. Мұны әлгі танысыма да жұқалап жеткізгенмін. Мұны естіп ол да «бәсе, бәсе» деп құнжыңдай түсіп, «Ойлай-ойлай келе әйелімнің не айтқысы келгенін де шым-шымдап ұққандай болдым. Оны бекер-босқа кінәлап неғылайын. Шамада «Кешегі күнгі қоғам бізді жынды ғып келіпті» деп айтқысы келді-ау. Айтпақшы, менің жұбайым ғана ма... Ол байқұс қайта «Француз үйі» дүкенінде бір әйелдің сауданы қыздырып, 500 мың теңге тұратын иіссуы, әтірі, опа-далабы бар біраз дүниені төмендетілген бағамен 300 мың теңгеге қотара сатып алғанының өзіне бақыттан басы айналғандай күй кешкенін айтып, «оның жанында менікі не» деп ақталғандай ыңғай танытты. Сауда үйіне бір рет қана бас сұққанының өзіндегі әсері мынадай... Жұбайыма «банан» сырқатының шалығы тие жаздапты, – деп ойланып қалды. Біз не айтамыз... Француз әтірінің исі басын айналдырып жүрмесін десеңіз, әйеліңізге Жаңа жылдық сыйлық жасарда бұл жағын да ойлай жүрерсіз. Тәннің де, жанның да сау-саламат болғанына не жетсін! Жаңа жылдарыңызбен!
Баймаханбет АХМЕТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді