«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үшемдер өсіп келеді

Үшемдер өсіп келеді
ашық дереккөз
Үшемдер өсіп келеді

Өткен жыл табыс пен игілікке толы болды. Халықтың демографиялық өсімі жағынан да қуанышты хабарлармен қауышып жаттық. Өткен жылы өңіріміз бойынша жалпы 6594 сәби өмірге келсе, оның ішінде 167-сі егіз, 5-еуі үшем. Біз жылды қорытындылар сәтте үшемдерге кеңінен тоқталмақпыз.

8 ақпан күні Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылындағы Иманбековтер әулеті қуанышқа кенелді. Яғни Мақсат Иманбеков пен Аида Жебегенованың шаңырағында Шерхан, Дархан, Ерхан атты үш ұл бала өмірге келді. Үшемнің анасы Аиданың бұл күні қуанышында шек болған жоқ. Бұл сәбилер облыстық перинаталдық орталықта өмірге келді.

Мамыр айында Шу ауданындағы Нұрахановтар отбасында Әмина, Айсұлтан, Әлия атты сәбилер өмірге келді. Аудандық ауруханада үшемнің анасы атанған отанасы Шынар Нұраханованың денсаулығы жақсы. Мұнан соң 22 қыркүйекте Елбасының қамқорлығымен заман талабына сай салынған, еңселі де көрікті облыстық перинаталдық орталықтан тағы қуанышты хабар жеткен. Аумағы атшаптырым ғимараттың көркіне көрген адамның көзі тояды. Осы ғажайып ғимаратта сарыкемерлік жас азамат Дулат Қырбасовтың Саяна, Раяна, Даяна атты үш қызы өмірге келді. Үшемді өмірге әкелген жас отанасы Айдана Қырбасова да бақытты ана атанды. Ал 22 қазан күні Байзақ ауданы, Бурыл ауылының тұрғыны Нұрбек Егізқараев үшемнің әкесі атанып, қуанышқа кенелген. Бұл жолы бізді аталған орталықтың бас дәрігері Айгүл Айтбаева қарсы алды. Бас дәрігердің жол көрсетумен барып, үшемнің анасы Роза Егізқараеваны құттықтап, сөзге тарттық. «Қазан айының 20 күні 32 апталығында қолдан босандыру арқылы үш сәбиімді өмірге әкелдім. Нәрестенің екеуі қыз, біреуі – ұл. Содан бері осы орталықтағы мамандардың қадағалауындамыз. Қазір сәбилерімнің орташа салмағы 2,4 келіні құрайды. Денсаулықтары жақсы, өзімнің де көңіл-күйім, денсаулығым жақсы. Орталықтың бас дәрігері Айгүл Қалдыбайқызы бастаған дәрігерлерге айтар алғысым шексіз. Бұрын 2 қыз, 2 ұлымыз бар еді. Құдай бұйыртып 7 перзентке ата-ана болған жайымыз бар. Өзім де №2 Тараз қалалық ауруханасында мейірбике болып істегенмін. Сәбилеріме қарауға толық мүмкіндігім бар. Қуаныштымын», – деген еді сол кезде үшемнің 37 жастағы анасы. Бұл сәбилердің аты – Әмина, Алдияр, Алина екен. Бас дәрігердің айтуынша, сол күндерде «Бір сәби – бір ағаш» акциясы аясында осы Әмина, Алдияр, Алина Егізқараевалардың атынан облыстық перинаталдық орталықтың аумағындағы аллеяға тал көшеттері отырғызылған екен. Биылғы жылдың соңғы үшемі 13 қараша күні өмірге келді. Тағы да сарыкемерлік жас ана Аяна Біләлова Мағрұп, Мақсұм, Мансұр атты сәбилерді дүниеге әкелген болатын. Бағдарлап қарасақ, былтыр өмірге келген 5 үшемнің 1-еуі Жамбыл, біреуі – Шу, қалған үшеуі Байзақ ауданынан екен. Яғни байзақтықтар бір жылда үш үшемнің өмірге келуіне куә болып отыр. Қазіргі таңда барлық үшемдердің және оларды өмірге әкелген аналардың денсаулығы жақсы. Бұл отбасыларға жергілікті әкімшілік тарапынан да қолдаулар көрсетілуде екен. Бастысы, бір жылда – 5 үшем, 15 сәби! Мұндай, қуаныштар жаңадан есік қаққан жылда да жалғасын таба берсін деген тілектеміз.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар