Еңбек Ерінің ерекше сыйы
«Адамның күні – адаммен» ғой! Бүгінгі күні бір-бірімізге бауырмалдық танытып, шама келіп жатса, кемтар, кембағал жандарға қайырымдылық көмек көрсеткеннен асқан сауапты іс жоқ дүниеде, меніңше. Қолыма қалам алдырған мына төмендегі жайдың да сондай тағылымы, өнеге-үлгісі бар. «Бір кісі мың кісіге олжа салар, жақсы іс кейде бірақ жолда қалар» демекші, азаматтың абыройын асқақтатар осынау іс тасада қалып қоймасын деген ниет біздікі. Ал шын мәнінде, бұл отбасының қыстық отындарын қамдап алуына мүмкіндігі де, жағдайы да жоқ еді. Бір үйде тұратын отанасы Сажида Абдиеваның өзі сал ауруына шалдығып, көптен төсекке таңулы. Науқас анаға қызы Рита мен екі немересі шамалары келгенінше қолғанат болуда. Отбасында өзге бас көтерер азамат жоқ. Қыстың әлден-ақ қыса бастады, ал көмек қолын созар кім бар? Осыны ойлап, амалы таусылған Сажида ана өзі біраз жыл асханасында жұмыс істеген, осыдан он жылдай бұрын өмірден озған күйеу баласы Қайрат Теңгебаев өндірісінде еңбек еткен ЖЖФЗ басшыларына, оның ішінде «Қазфосфат» ЖШС-ның директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің тікелей өзіне өтінішпен қайырылады.
– Арада бір күн өтер-өтпесте зауыт қызметкерлері арнайы келіп, жағдайымызбен танысты. Не керек, бірер күн ішінде-ақ ауламызға 6 тонна көмір мен бір машина тамызықтық отын әкеліп түсіріп, жинап беріп кетті, – дейді Сажида ана қайырымды азаматтардың қамқорлығына риза болғаннан.
Осылай бұл отбасының қол жетпестей көрінген ең басты керегі түгенделіп, үйлері жылып, бір марқайып қалды. Отбасылық өзгедей мұқтаждықтарға кейуананың зейнетақысы жетіп жатыр. Колледжде оқитын үлкен немересінің жатақханамен қамтылуы да үлкен көмек болды. Әсіресе, еліне елеулі, халқына қалаулы ұл, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Зұлқарнайұлының атынан тосын сый келіп жеткенде, қуаныштан үш мұңлықтың көздеріне еріксіз жас үйірген әсерлі сәт, сірә да ұмытылар ма! Бір отбасын түгел қуанышқа кенелту де үлкен сауап. Мұқтажы өтеліп, жоғы түгенденген отбасы мүшелерінің қиын шақта қолұшын созған азаматтарға айтар алғыстары да шексіз.
Иә, қайырымдылық – қасиетті іс. Адамға жасалған жақсылық өмір бойы ұмытылмайды. Өйткені, тағылым да, өнеге-үлгі де содан тарайды. Жақсылық жасаудан жалықпайық, жамағат!
Исмаил ХАДЖЫМҰРАТОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді