Қазақ тілінде еркін әрі шешен сөйлейтін Екатерина Цойдың Қаратау қаласындағы автобус паркін басқаратынын кейін білдім. Өзі бізбен көрші тұрды. Қалада алғашқылардың бірі болып «Анжелика» мәзірханасын ашқан.
Ол жай ғана қатардағы кәсіпкер емес, елінің нағыз патриоты екендігін талай мәрте ісімен де, сөзімен де нақтылап жүрген жан. Он бес жылдан бері аудандағы кәріс этномәдени орталығын басқарады. Талай мәрте осы орталық облыстық жарысқа қатысып, топ жарып жүрді. Сонда деймін-ау, олар байқауларға кететін шығындарды міндет қып, ешкімге салмақ салмайтын, бірге көтеретін. Соңғы 3-4 жылдың көлемінде Екатерина «Анжелла – Анжелика» атты мүгедектер қоғамын құрып, соған жетекшілік етіп келеді. Жай ғана басқарып отырған жоқ. Олардың әлеуметтік жағдайын зерттеп, қолдан келгенше көмек көрсетуде. Қаладағы төсек тартып жатқан 5 мүмкіндігі шектеулі жанға тегін асын апарғызып береді және де 15-тен астам тұрмыс жағдайы төмен азаматқа арзандатылған бағамен ас-ауқат бергізеді. Өткен айда өз мәзірханасына 60-қа жуық адамды шақырып, дастархан жайып, кәсіпкерлердің демеушілігімен бағалы сыйлықтар тапсырды. – Қоғамның көмегіне зәру жандар қай кезеңде де болған. Осы жайды ескеріп мәзірхана жанынан әлеуметтік дүкен аштым. Әкімдікке, біраз қалталы кәсіпкерлерге қолқа салдым. Соның арқасында біраз киім-кешек, азық-түлік жиналып, арнайы құрылған комиссия арқылы тұрмысы төмен отбасыларына тараттық. Әрине, біздің таратқан азын-аулақ дүниеміз барлық әлеуметтік мәселені шешті деуге де келмес, – дейді кәсіпкер. Екатерина үнемі ізгілікті істерге бастамашы болып жүреді. Сонысына қарай, қай ортада да сыйлы. Осыдан 3 жыл бұрын іскер әйелдердің форумына іскер кәріс әйелінің арнайы шақыртылып, Елбасымен кездескені де бекер емес. Бұл тынымсыз еңбегінің бағаланғаны еді. – Сол кездесуде Елбасы менің қазақша еркін сөйлегеніме риза болды. Бала кезімізден құлағымызға сіңген қазақ тілі ғой. Ата-анам осыдан 80 жыл бұрын Кореядан Қазақстанға жер аударылып келіпті. Ал өзім Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылында дүниеге келгенмін. Мектепте қазақ сыныбында оқыдым. Қазақтан дос таптым, – дейді ол.
Сәулембай Әбсадықұлы
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді