Балабақша көбейіп, балғындар қуануда
Биыл ауданда мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер мекемелерінің саны еселеп артты. Мемлекеттік-серіктестік тетігі арқылы шағын және орта бизнес өкілдерінің белсене атсалысып, оннан аса жаңа балабақша іске қосылып отыр. Соның бірі – тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудан орталығында ашылған 150 орындық «Әлихан-II» балабақшасы.
Кәсіпкер Нұрлан Төлендиев осымен екі балабақша салып, пайдалануға беріп отыр. Негізінен жеміс ағаштарын, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіретін «Жеміс» шаруа қожалығының жетекшісі биыл наурыз айында ғана өзі туып өскен Әлжан ана (бұрынғы Қасық) ауылында 100 орындық «Әлихан-1» балабақшасын пайдалануға берген болатын. Жаңа мекеменің ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, бүлдіршіндерге теледидар сыйлаған еді.
Жалпы жоба құны 70 миллион теңгеге бағаланған балабақша аудан орталығының басты көшесінде бой көтерген. Екі қабатты жайлы ғимаратта жас ерекшелігіне қарай үш орта топ пен қазақ және орыс тілді мектепке дайындық топтары бар. Бір ерекшелігі, жиырма бес орындық бұл алты топтың әрқайсысының кең ойын бөлмесі, ас ішетін, ұйықтайтын бөлмелері бөлек. Табиғи газбен жылытатын қазандық пен ас даярлайтын үй негізгі ғимараттан сырт орналасқандықтан мұнда әрі таза, әрі жылы. «Балалардан нені аяйық, құрылыс материалдарынан бастап жиһаздарына дейін ең сапалы, жақсыларын алуға тырыстық», – дейді кәсіпкер.
– Балабақшада бассейн бар. Тәрбиешілерден бөлек, балалар-сауықтыру кешенінде логопед, психолог, педиатр, музыкант, аквааэробика, дене тәрбиесі мамандары жұмыс істейді, – дейді жаңа балабақшаның меңгерушісі Нұргүл Төлендиева.
Балабақшаның мектепке дайындық тобында қазақ тілімен қатар, орыс, ағылшын тілін үйрету жоспарланыпты. Сонымен қатар, ата-аналардың қалауымен балаларын сенбі, жексенбі күндері де балабақшада қалдыруға мүмкіндік жасалыпты.
* * *
Бұл күні Гвардейск әскери қалашығында тағы бір мектепке дейінгі мекеме ашылды. 100 орындық «Нілбала» балабақшасын кәсіпкер Жамбылбек Жүнісқұлов ашқанын айта кету керек. Әскерилер отбасынан жүз бүлдіршінді қабылдап, жиырмаға тарта адамды тұрақты жұмыспен қамтыған кәсіпкерге көпшілік дән риза.
Құрманбек Әлімжан
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді