«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шағын халықтың үлкен бақыты

Шағын халықтың үлкен бақыты
ашық дереккөз
Шағын халықтың үлкен бақыты

Масаншы ауылдық Мәдениет үйінде «Қазақстан – достық пен татулықтың мекені» тақырыбында Жетісу дүнгендерінің кездесуі болып өтті. Қазақстан Тәуелсіздігі күніне және дүнгендердің осы өңірге қоныс аударуының 140 жылдығына орай этнос күні ретінде белгіленген мерекелік іс-шараға біздің еліміз бен көрші Қырғыз республикасынан жүзге тарта адам қатысты. Өздерін жарқын жүзбен, нан-тұзбен қарсы алған масаншылық бауырларына Тараздан, Бішкектен, Шудың арғы-бергі бетіндегі қырғыз-қазақ ауыл аймақтарынан келген дүнген диаспорасы өкілдерінің ықыласы ерекше болды. Өйткені, Масаншы (бұрынғы атауы Қарақоңыз) барша дүнгендердің қара шаңырағы іспетті. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қытайда діни және ұлттық қарама-қайшылықтарға байланысты ондағы дүнгендер биліктен аяусыз теперіш көріп, амалсыз 1877 жылы орыс патшалығының шекарасына қарай үдере қоныс аударғаны тарихтан мәлім. Жол-жөнекей аштық пен жол азабынан олардың көбі қырылып, Биянху бастаған екі мыңдайы ғана азып-тозып Жетісу жеріне табан тіреген екен. Қырғыз манабы Шәбден батыр мен Қордайдың бетке ұстары Ноғайбай бидің шапағатымен оларға елсіз жатқан тастақты Қарақоңыз алабынан жер беріліп, қоныс тебеді. Сол екі мыңдай дүнгендер қасиетті қазақ жерінде жылдар бойы өсіп-өніп жан-жаққа тарала келе, бүгінде ұзын саны жүз отыз мыңнан асқан. Оның 63 мыңы Қазақстанда, 70 мыңы Қырғызстанда тұрады. Міне, сондықтан да дүнген ұлты ата-бабалары алғаш қазық қаққан Қарақоңызды қасиетті қара шаңыраққа балап, осында қауышқанша асығады.

Мерекелік жиында тарих толқыны тағдырын қосып, өзара бауырласып кеткен осы өңірдегі қазақ, қырғыз, дүнген халқы өкілдерінің бір-біріне деген жүрекжарды лебіздері де, сый-сияпаттары да аз болмады. Осы шараны ұйымдастырушы Жамбыл облысы ҚХА хатшылығының өкілі Ұлтуар Бабақұлова мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Рано Убайдуллаева мұндай кездесулердің көршілес екі мемлекеттің халқын жақындастыра түсудегі маңызын атап көрсетті. – Қазақстан тәуелсіздігі жылдары ел бірлігі бұрынғыдан да нығая түсті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстардағы тармақтары арқылы елімізді мекендейтін барлық ұлттардың ынтымағын жарастыратын іс-шараларға ұйытқы болып отыр. Әр ұлттың этномәдени орталықтары арқылы ұлттық тіл, мәдениет, салт-дәстүрлері дамытылады. Біздің облыста да дүнгендердің бірнеше ұлттық мәдени бірлестіктері белсенді жұмыс жүргізуде, – деген Ұлтуар Қуанышбайқызы екі елдің арасындағы достық, мәдени байланыстарды нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматтарға Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының Алғыс хаттарын тапсырды. Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтары Ассоциясының президенті Руслан Исмазов, Қазақстан дүнгендері Ассоциясының негізін қалаушы Исхар Лоу, Қордай аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Щерба Сулеев, Сортөбедегі «Бүлдіршін» балабақшасының меңгерушісі Айша Идыбо, Масаншы ауылдық округінің әкімі Ибрагим Юбуров және басқалар сөз алып қазақ жерінен екінші отанын тапқан дүнген қауымының бүгінгі мамыражай өмірінен сыр шертті. Жалпы, біздің өңірде дүнгендер бір жарым ғасырға таяу уақытта жергілікті қазақ, қырғыздармен тонның ішкі бауындай араласып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара ынтымақты тірлік кешуде. Кеңес үкіметінің қиғаш саясаты салдарынан болған дәулеттілерді тәркілеу, ашаршылық тауқыметтерін баршамен бірдей мойнымен көтерді. Кешегі ел басына қатер төнген соғыс жылдарында да жүздеген дүнгендер көппен бірге қолына қару алып фашизммен шайқасқа қатысты. Дүнгендер арасынан шыққан ғалымдар өнер қайраткерлері, спортшылар, тасы өрге домалаған кәсіпкерлер аз емес. Аудан тұрғындарының үштен бірін құрап отырған қордайлық дүнгендер көп шоғырланған Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты ауылдарында сәнді үйлер қатары көбейе түсуде. Жыл сайын дерлік бұл ауылдарда мемлекеттік бағдарламамен жаңа мектеп, балабақшалар салынуда. Қазіргі дүнгендер жүз қырық жыл бұрынғы ұлттық қасіретті ұмытқан. Қырғызстан халқы Ассам-блеясының мүшесі, осы елдегі дүнгендер Ассоциациясының президенті Керим Ханджера мен Ассоциацияның вице-президенті Сунгур Исмаров бастап келген қонақтар да қалыс қалмай ежелден ерке Шуды тел емген қазақ-қырғыз халықтарының кең құшағы мен қамқорлығы арқасында ел болып еңсесін тіктеп үлкен бақытқа кенеліп отырған шағын халықтың жарқын болашағына сенетіндерін айтты. Бішкекте шығатын «Хуэймин бо» («Дүнген жаршысы») газетінің редакторы Рахима Янлода биыл жарық көре бастағанына 85 жыл толатын дүнген тіліндегі газеттің алғашқы саны осы Масаншы ауылындағы МТС-те басылып, отызыншы жылдарға дейін осында шығарылып тұрғанын еске алды. Бүгінде таралымы 4000-нан асатын он алты беттік апталық екі елдегі дүнгендердің ортақ басылымына айналған. Сондай-ақ биыл дүнген радиосының хабар таратып жатқанына да 85 жыл толыпты. Мерекелік басқосуда жиналғандар жергілікті этномәдени орталығы дайындаған дүнген ұлттық киімдерінің, тұрмыстық заттарының, тағамдарының көрмесін тамашалап, жергілікті музейден дүнген тарихына қатысты мол экспонаттармен, құжаттармен танысты. Ал, ауыл клубының сахнасында әр тілдегі ән мен жырдан шашу шашылды. Аудандық Мәдениет үйінің «Үкілім» бишілер тобы, «Соседушки» вокалдық ансамблі, сортөбелік атағы жер жарған «Чунь-Тянь» халықтық ән-би ансамблінің жастар құрамы, Тараздан, Қырғызстаннан келген жекеленген өнерпаздар көрермендер айызын қандырды.

Құрманбек Әлімжан

 

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар