«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекет басшысы Бас мүфтиді қабылдады

Мемлекет басшысы  Бас мүфтиді қабылдады
ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Бас мүфтиді қабылдады

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Серікбай қажы Оразды Қазақстанның Бас мүфтиі лауазымына сайлануымен құттықтады. – Мен Тәуелсіздік күні қарсаңында Сізді осындай жоғары лауазымға сайлануыңызбен құттықтау үшін шақырдым. Тәуелсіздіктің арқасында дәстүрімізді қайта жаңғыртып, ата-бабамыздың дінін ұстану мүмкіндігіне ие болдық. Мемлекет тарапынан кез келген азаматтың діни бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалды, – деді Қазақстан Президенті. Елбасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арқылы діни қатынастар саласын реттеуде мемлекет ерекше рөл атқаратынын айтты. – Қазақстан – зайырлы мемлекет. Министрлік дінге қандай да бір шектеу қою үшін құрылған жоқ. Министрлік дін саласында тәртіп орнатып, дін жолындағы адамдар бір-бірінің құқығын бұзбауын қамтамасыз ету үшін құрылған, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен биылғы сәуірдегі кездесуіне тоқталып, онда сананы жаңғыртып, еліміздің тарихи және рухани байлығын сақтау қажеттігі талқыланғанын атап өтті. Қазақстан мұсылмандары үшін ханафи мазхабының дәстүрлі сипатына назар аударып, бұл ағымның мәнін ұғындыру қажеттігін айтты. – Дін жолындағы адамдардың арасында жастар да бар. Мешіттерге сән үшін баратындар да бар, шалбарының балақтарын қысқартып, сақал қойған діндарлар да бар. Солардың бәріне ислам дінінің негізін түсіндіру керек, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, радикалды діни ағымдарды ұстанушылармен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударды. – Дәстүрлі ханафи мазхабының қағидаларын және оның теріс пиғылды діни ағымдардан айырмашылығын түсіндіру үшін Құран мен хадистерді білетін білікті имамдарды тарту қажет, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстанның Бас мүфтиі жылы қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдында тарихи тұрғыдан қалыптасқан дәстүрлі діни мектепті қайта жаңғыртуға байланысты үлкен міндеттер тұр. Сіз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаңызда жаңа үрдістер мен әлемдегі өзгерістерге бет бұру қажеттігі туралы айттыңыз. Бүгінде біздің имамдар жаңа әдебиеттерді зерттеп, уағыз айту мен мінәжат ету барысында осы білімдерін қолдануда, – деді Серікбай қажы Ораз. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Серікбай қажы Ораз еліміздегі діни білім беру мәселесін талқылады.

Ұқсас жаңалықтар