Тоқсан бес жыл тарихы бар облыстық «Ақ жол» газетінің тұрақты оқырманы ретінде басылым ұжымына өз ризашылығымды айтқым келеді. Соңғы жылдары басылымның безендірілуі көңілімізден шығуда. Бұрынғыға қарағанда газет бетіндегі керекті деректер жан-жақты қамтылып, дер уақытында айшықталып шығып жатыр. «Ақ жол» түйткілді мәселелерді жиі-жиі көтеріп қана қоймай, қоғамда орын алып жатқан дүниелерді өз оқырмандарына шұғыл жеткізетін басылым. Енді бұған қоса өз ұсынысым да бар. Бұрын әр ауданға арнайы бет беріліп тұрушы еді. Қазіргі таңда газеттің жалпы шығарылымында ешқандай да мін жоқ. Алайда, газет болған соң, айтылмай, жазылмай қалып жататын дүниелер де болып жатады. Сондықтан, әр ауданға жүйелі түрде арнайы тұрақты бет берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Әр ауданға бет арналып, ауыл тіршілігінде болып жатқан проблемалық мәселелер де көтеріліп және олар өз шешімін тауып жатса тамаша емес пе?! Тағы бір айта кетерлік жайт, жаңа айдарлар мен жаңа жобалар оқырман тартатыны сөзсіз. Сондықтан, «Атамекен атаулары» сынды тұрақты арнайы айдар ашылып, одан да көбірек жазылып тұрса деген ұсынысым бар. Аудандағы ардагерлердің дені қоғамда болып жатқан жағымды жаңалықтарды газет бетінен іздеп табатыны шындық. Әсіресе, өңірімізде орын алып жатқан өзекті мәселелерді осы «Ақ жол» газетінен оқитынымыз да жасырын емес. 95 жылдық тарихында басылым жыл өткен сайын жаңарып, өз дәрежесін төмендетпей, қалың оқырман қатарын селдіреткен емес. Жұрт сүйсініп, сүйіп оқитын газетке айналды және солай болып қала береріне мен еш шүбә келтірмеймін. Мен «Ақ жол» газетін үзбей оқып, оған үй ішімізбен жазылып келе жатқанымызға елу жылдай уақыт өтіпті. Жаңалығын оқырманына жылдам жеткізе білетін облысымыздың бас басылымы «Ақ жолға» жазылайық, ағайын!
Мойынқұм ауданы.
Жамбыл ҚАЛЫБАЕВ, Мойынқұм аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді