«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ауыл-Береке» базары жабылмайды

«Ауыл-Береке» базары жабылмайды
ашық дереккөз
«Ауыл-Береке» базары жабылмайды
Жұртшылық арасында «Ауыл-Береке» базары жабылатын болыпты деген ақпарат желдей есіп, тіпті бұл мәселеге байланысты аталған базардың бірқатар саудагерлері наразылық та танытқан болатын. Бұл жағдайда мәселенің мәнісін білмей жатып, ә дегеннен байбалам салудың еш реті жоқ. Өйткені, базар бұрынғысынша өз жұмысын жалғастыра бермек. Тек, «Ауыл-Берекенің» қожайынына қосымша берілген 29,3640 гектар жер теліміндегі жұмыс жүйесі біршама өзгеретін болды. Тараз қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 11 маусымдағы №456 қаулысымен азамат М.Кангиреевке «Ауыл-Береке» бөлшек сауда орнын құру үшін 6 жыл ұзақ мерзімге арнайы жер телімі беріледі. Сондай-ақ, азамат М.Кангиреевтің өтініші негізінде тағы да қосымша 29,3640 гектар жер телімі базар аумағындағы Мәмбет батыр көшесі 2 «А» мекен-жайынан бөлінеді. Даудың басы дәл осы мекен-жайдағы телімнің бастапқы мақсаттан ауытқып, сауда нүктесіне айналғаны болып отыр. Тараз қаласы әкімдігінің қаулысына сай бұл жерде сауда орталығы, арнайы контейнерлер, қойма мен уақытша автотұрақ және демалыс аймағы салынуы тиіс болған. Алайда, сайда орналасқан орында Қырғыз елінен жеткізілген азық-түлік пен бақша өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек жүк көліктерінің тиемесінен түсірілместен саудаланып келген. Мұндай заң бұзушылықты анықтаған облыстық мамандандырылған аудан-аралық экономикалық соты осы жылдың 2 наурызында кәсіпкер М.Кангиреевке 29,3640 гектар жер теліміндегі сауда орнын ретке келтіруге 2 ай мерзім берген. Алайда, соттың бұл шешімі жауап беруші тараптың аппеляциялық сотқа жүгінуіне байланысты заңды күшіне енбеген. Қала әкімі Рүстем Дәулеттің мәлімдеуінше, жерді жалға алушы азаматтың бастапқы мақсаттан ауытқуы себепті, аталған жер телімі сот шешімімен қайта мемлекет меншігіне өткізіліп, алдағы уақытта ол жерде коммуналдық базар ашылатын болып шешіліпті.

Маржан рақай, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар