«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар

Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар
ашық дереккөз
Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар

Өткен сенбіде облыс орталығындағы Достық алаңында тараздықтарға ауыл шаруашылығы өнімдерінің түр-түрі ұсынылды. Осымен екінші рет өткізілген биылғы күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тікелей өзі аралап көріп, танысты. Жәрмеңкеге Тараз қаласы мен облысымыздың 10 ауданының тауар өндірушілері қатысты. Тараздықтарға жалпы құны 52,6 миллион теңгенің 117,4 тонна азық-түлік өнімдері ұсынылды. Атап айтқанда, сатылымға түскен жылқы, сиыр, қой, шошқа және тауық еттері – 16, сүт өнімдері – 10,2, өсімдік майы – 3,5, балық – 1,5, бал – 2, макарон – 2, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері – 56 тоннаны, жұмыртқа 4 мың дананы құрады. Сондай-ақ қарақұмық, күріш, қанттың әрқайсысы 5 тоннадан сатылымға шығарылды. Қысқасы, кептірілген жеміс, тұзға шейін саудаланды. IMG_6354 IMG_6254Өз өнімдерін тұтынушы-ларына делдалсыз тікелей өткеру тауар өндірушілерге, ал баға бағамының нарықтағыдан 10-20 пайызға арзан болуы алымсақтар үшін өте-мөте тиімді болғаны айтпаса да түсінікті. Әрине, бұл жолы сауда қатарларында өнімнің алуан түрі болуы қалалықтардың қыстық азық-түлік қорын мол әзірлеп алуына өз септігін тигізгені де анық. Шынында да бұл дер мезгілінде өткізілген шара болды. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген халықтың сұранысы да өте жоғары. Әсіресе, кезекке тұрғандардың қарамы мол-ақ. Жәрмеңке өтетінін алдын ала естімей, кешігіп келгендердің ішінде бұл әлі де жалғаса ма деп сұрап жатқандары да бар.

Өзін Аманкелді Байбосыновпын деп таныстырған азамат: «Ет өзімде де бар. Ал мұнда картоп, пияз, көкөністің барлық түрі әкелініпті. Базардағыдан айырмашылығы көп. Бағасы да арзан әрі қолжетімді. Халықтың қамын, игілігін ойлаған облыс басшыларына айтар алғысымыз шексіз» деп тараздықтарға жәрмеңкеге келіп, қыстық азық қорын мол етіп дайындап алуды да ұсынды.

Соңынан сауда қатарларын аралап көріп, танысудың қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берді. «Мұндай жәрмеңкелер бүгінде әр сенбі сайын аудан орталықтарында да ұйымдастырылып, өткізілуде. Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларындағы көп пәтерлі үйлер тұрғындары тарапынан да қазір картоп, пияз, сәбіз секілді азық-түлік өнімдеріне сұраныс мол. Олар алдағы қысқа қор жинап, қамдануда. Бүгінгі шараға да шаруашылықтар өздері өндірген өнімнің алуан түрін әкеліп, атсалысып жатыр. Ең бастысы, халық риза. Бұл іс қалалық тұрғындар өздеріне қажетті азық-түлік тауарларын жеткілікті мөлшерде жинап алғанға дейін жалғасатын болады. Бізде тауарлар жеткілікті. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» қорына арзан бағамен 500 тоннадан картоп және пияз, 1000 тонна қант сатып алынып, жинақтал-ған. Осы аптадан бастап дүкендерге де шығара бастаймыз. Бүгінгі жәрмеңке барысында сапасы мен сұрыптарына қарай ет, пияз бен сәбіз нарықтағыдан – 15-20, картоп – 40 пайызға төмен бағамен сатылғанының өздеріңіз де куәсі болдыңыздар. Жалпы облыста тұрғындардың «екінші нан» өніміне деген жылдық сұранысының көлемі 20-21 мың тоннаны құрайды. Өңірдегі картоп өсірумен айналысатын шаруашылықтар бұл сұранысты толықтай өтеуге де қауқарлы», – деді ол.

Баймаханбет ахмет, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар