Соңғы кездері Сарысу ауданы мен оның әкімшілік орталығы – Жаңатас қаласындағы өркенді өзгерістер мен жаңғырулар жайлы облыстық «Ақ жол» газетінде жиі жазылып жүр. Оның үстіне, сарысулықтардың өңірдің бас газетіне деген ықыластары ерекше. Қаланың, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қанығу үшін облыстық «Ақ жол» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мен басылымның жауапты хатшысы Әділбек Баққараев ауданға арнайы келіп, оқырмандармен жүздесті. Алдымен олар Жаңатас қаласының бірқатар нысандарын аралап, жаңғырту мен рухани жаңғырудың ауданда нақты іске айналғандарына көздері жетті. Қалаға кіреберіс жол бойындағы жайқалған гүлзарларды көріп, аудандық аурухананың маңайындағы бекеттегі «Электрондық кітапхананың» жұмысына қызығып, осы ауруханадағы науқастар мен жолаушылар үшін саялайтын демалыс орнының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, облыстың бас басылымының басшылары орталықта орналасқан кітапхананың мәжіліс залында оқырмандармен қауышты. – Өздеріңіз білесіздер, – деді басылымның Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, – Үстіміздегі жылы 95 жылдығын атап өткен облыстық «Ақ жол» газеті Елбасының сындарлы саясатын, Үкіметтің баянды бағдарламаларының орындалуын сіздерге жеткізіп отыратын үнқағазы боп саналады. Заман талабына сай, қоғамдағы орын алып жатқан әлеуметтік, саяси, рухани жаңғырулардың тамырын тап баспаған басылым оқырмандардың ілтипатына ие бола алмайды. Сол жағдайды ескеріп, басылымдағы бұрыннан қалыптасқан қасаң қалыптарды жаңа жүйеге түсіру үшін газет ұжымы соңғы жылдары көп еңбектенді. Газеттің безендірілуі өзгерді. Рухани тәрбие беретін, адамдарды бай мағлұматтармен көздерін қарақты ететін, оқырмандарға ой салатын, ұлттық намысын қамшылайтын мақалалар жазылып, «Маздақ», «Айша бибі», «Пырақ», «Тылсым» атты арнаулы беттер мен «Алаш-Арена», «Оқырман отауы», «Шөкеңнің шошаласы» сияқты бұрыштар ұйымдастырылып және облысымызға, елімізге, әлемге танымал тұлғалар жайында танымдық мақалалар беруді қолға алдық. Ол ізденістеріміздің Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласының талаптарына сай халқымыздың ұлттық кодты сақтап, жаңғыртуына бастайтынына нық сенімдіміз. Оны редакциямызға жолданып жатқан хаттардың сарынынан да байқап отырмыз. Біз үшін оқырмандардың ой-пікірі, ұсынысы қашанда қымбат. Сондықтан, Сіздермен дидарласқанды жөн көрдік. Басқосуда алғаш сөз алған Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байтуған Рыспанов газеттегі оң өзгерістерге жоғары баға беріп, облыстық газет аудандағы әрбір отбасының сүйіп оқитын басылым екендігіне тоқталды. «Өңірде 4500-дей зейнеткер есепте тұрса, соның 2250-і қала тұрғыны. Ардагерлеріміз Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бастамасын қолдап қана қоймай, өзіңіз айтқандай, ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жастардың бойына сіңіруді басты мақсаттары етіп алған. Өткеннен ұлағат болсын деп өткен жылы өз қаражатымызбен «Қарттарым, аман-сау жүрші» деген жинақ кітабын шығардық. Ардагер одан ары қарай газет оқырмандарының көбеюіне үлес қосатындарын жеткізді. Әрі облыстың бас газетінде ардагерлер ұйымының тыныс-тіршілігі жайында жиі жариялап тұрсаңыздар» деген тілегін білдіріп, сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан шенеуніктер жөнінде ашық жазыңыздар деген тілегін жеткізді. Одан кейін сөз алған еңбек ардагері Жамбыл Шәдіұлы тіл мәселесі жөніндегі ойын ортаға салды. Ал Жаңатас қаласындағы Абай орта мектебінің мұғалімі Молдас Әбуов газеттің өткен жылдары өңірдің тарихы, жәдігерлерін халыққа таныту турасында экспедициялар ұйымдастырып, Бас редактордың өзі бас болып, танымдық мақалалар жазғанына оқырман ретінде ризашылығын білдірді. «Туған жер» атты бағдарламаға сай газеттің өңірдегі қасиетті, киелі жерлері туралы материалдар бере бастағандығын қоштайтынын да білдірді. Елбасының бастамасымен қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жөніндегі тапсырмасына байланысты да басылымның белсенділік көрсеткендігіне тоқатала келіп, алдағы уақытта ағылшын тілін үйретуді және латын әліпбиін насихаттай беруді ұсынды. Еңбек ардагері Тұрлыхан Сұлтанбековті техникалық жаңалықтар қызықтырады екен. Осыған орай жаңа технологиялар жөнінде мақалалар жіберуге бола ма деген сауал қойды. Бас редактор өз кезегінде мақалалардың мазмұнына ешқандай шек қойылмайтындыған жеткізді. Орталық кітапхананың кітап толықтыру бөлімінің меңгерушісі Жұпаркүл Мелдебекова облыстық басылымда жарияланған танымдық материалдарды оқырмандармен кездесуде пайдаланып жүргендігін жеткізді. Орталық кітапхананың бөлім меңгерушісі Клара Оспанова да «Ақ жол» газетіндегі жаңашылдыққа ризашылығын білдіріп, «Айша бибі», «Маздақ» деп аталатын арнаулы беттердегі мақалаларды сүйіп оқитынын, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының «Хауа ананың көз жасы» деген хикаятының оқырмандардың санасын серпілтуге әсер еткендігін жеткізді. Аудандағы «Мәңгілік Ел» орталығының жетекшісі Ардагүл Ораз Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласын насихаттаудағы басылымның жұмысына оң бағасын беріп, Ұлт Көшбасшысының өмірі жайлы да тың деректерді жариялап отырған газеттің жастарға берер үлгі-өнегесінің орасан екендігіне тоқталды. Газет жанашырларының бірі – Бергентай Нұрмаханов өмірден өткен және елге белгілі тұлғалар жөнінде облыстық газетке жиі жазып тұратынын айтты. Алдағы уақытта сол үрдістен жаңылмай, бүгінгі ұрпаққа тәрбие беретін, рухани жаңғыруға септесетін ойлы мақалалар көп жарияланса құба-құп дей келе өзінің біраз ұсыныстарын білдірді. Оқырмандармен емен-жарқын өткен кездесуде өзге де мәселелер қозғалды. Оқырмандар сауалына ризашылықпен жауап берген облыстық басылымның Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы кездесуде айтылған ұсыныс, тілектердің ешқайсысы да ескерілмей қалмайтындығын баса айтты. Мазмұнды, әсерлі өткен жиыннан соң облыстық газеттің өкілдері Жаңаарық ауылдық округіне қарасты Ұ.Сыздықбайұлы ауылында болып, көрікті көшелерді, ойын алаңдарын, әлеуметтік нысандарды аралап, сарысулықтардың Елбасының сындарлы саясатының арқасында өсіп, өркендеу жолына түскендеріне көздері жетіп қайтты.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді