«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Аға сеньорлар» жобасы

«Аға сеньорлар» жобасы
ашық дереккөз
«Аға сеньорлар» жобасы

бизнесті алға бастыруға септеседі

Өзінің жеке бизнесін жүйелі жолға қоя алған әрі бұл істің қыр-сырына қанық еуропалық кәсіпкер, Алманияның Лейпциг қаласының тұрғыны Кай Юфе Дехлер Шу қаласындағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жетекшілерімен кездесіп, тәжірибесімен бөлісті. Қонақ үй бизнесінің танымал өкілі өңірімізге жергілікті жердегі «Rich» және «Достар» мейманханаларының басшылары Саярахан Жасабаева мен Александр Манасыповтың «Аға сеньорлар» жобасы аясында арнайы шақыртуымен келді. Алманиялық іскер азаматтың аталмыш салада ширек ғасырлық тәжірибесі бар. Ол шулық әріптестеріне бүгінгі күні қарқынды даму үстіндегі маркетинг, менеджмент, қоғаммен байланыс орнату мәселелерінің мән-маңызын түсіндіріп, тәжірибесін ортаға салды. Кай Юфе Дехлер, сондай- ақ, Шу қаласындағы туризм саласында қызмет көрсететін бірқатар нысандарды аралап көріп, мейрамханалар, қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтандыру орындарының жай-күйімен танысып, жергілікті кәсіпкерлерге кеңестер де берді. «Лейпциг – шахтерлар қаласы. Соған қарамастан біз туризмді дамытуға күш салдық, мерекелерге, Жаңа жылдық кештер мен жәрмеңкелерге шетелдік меймандарды көптеп тартумен айналыстық. Біртіндеп қызмет көрсету түрлері де, туристердің саны да артты. Нәтижесінде, қолөнершілер мен этноауылдар пайда болды» деді ол. Қонақ үй және мейрамхана бизнесінің өкілдерімен кездесу кезінде алманиялық кәсіпкер әріптестеріне ауданда және қалада туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірлеп, темір жол бекетінде өңір тарихы мен көрнекі орындары жайлы ақпараттық стендтер дайындау сынды бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Бұл тұрғыдағы жұмыстарды шулық кәсіпкерлер өз міндеттеріне алуды жоспарлап отыр. Есімі біраз елге танымал сеньор үшін Қазақстанға іссапары үйреншікті дағдыға да айналған. Ол елімізге осыған дейін де келіп, білім беру саласының жағдайына назар аударған болатын. Кай Юфе Дехлердің айтуынша, қазір де үйінің табалдырығынан аттаған кез келген адам тікелей «туристке» айналады. 21 ғасыр – Коммуникация дәуірі. Жұмыс бабымен бір қаладан екінші қалаға, бір елден екінші елге қоныс аудару дерегі жиілеуде. Қоғаммен байланыс орнату үшін ағылшын тілін білу айрықша маңызға ие. Осы ретте Шу қаласындағы «Айналайын» халықаралық тілдер орталығының тереңдетіп оқыту мен халықаралық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндігі зор. Аталмыш орталық та тікелей алманиялық сарапшының тәжірибе-кеңестер беріп, сүйемелдеуімен ашылған болатын. Яғни, орталықтағы оқыту жүйесі халықаралық стандарттарға толық сәйкес. «Айналайын» орталығының директоры Жанар Иманалинова Кай Юфе Дехлердің кеңесіне құлақ асып, өткен жылдан бері онымен телефон арқылы байланысып, бизнесін ретке келтірген. Оқыту тәсілінің франшизасын сатып алып, бүгінде шағын ғана Шу қаласында кәсібін дөңгелентіп отыр. «Расымен де, алғашқыда сарапшымен кездесу мұндай нәтиже береді деп ойламадым. Келіп, ақысын алып кете береді деген ойда болдым. Алайда, идеядан бастап тәй-тәй басқан бизнесімді аяққа тұрғызғанға дейін кеңесін аямаған Дехлер мырзаға және осындай білікті мамандарды ортамызға арнайы шақыртқан кәсіпкерлер палатасына айтар алғысым шексіз», – дейді ол. «Аға сеньорлар» жобасы «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасы аясында халықаралық шетелдік ұйымдармен бірлесе іске асырылатыны белгілі. Ал шетелдік ұйымдар «Аға сеньорлардың» қызметін үйлестіру арқылы еліміздегі шағын және орта кәсіпорындары дамуына елеулі көмек те бермек. Айта кету керек, шетелдік сарапшыларды шақыру ақысы республикалық бюджет есебінен төленеді.

Ақбота БАТЫРБЕКОВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Ұқсас жаңалықтар