«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңатаста жылу беріле бастады

Жаңатаста жылу беріле бастады
ашық дереккөз
Жаңатаста жылу беріле бастады

Биылғы жылдың қысы қатты болатыны жөніндегі болжам алдын ала дайындықты ширата түсті. Сарысулықтар да жылыту маусымына тас-түйін дайындалатын жылдағы әдетінен жаңылған жоқ. Соның нәтижесінде Жаңатас қаласы мен елді мекендердегі әлеуметтік нысандарға 9 қазаннан бастап жылу беріле бастады. Биылғы қысқы жылыту кезеңіне дайындықтың барысы жөнінде қала әкімінің орынбасары Дәурен Шалбаев бізге былай деді: Отопление– Жалпы, қалада 84 көп қабатты тұрғын үй бар. Биыл қыс өтіп, күн жылынысымен ауданда арнайы штаб құрылып, бұл іске күні бұрын әзірлік жұмыстары басталып кеткен. Ең алдымен көп пәтерлі тұрғын үйлердің жертөлелері мен кіреберістеріндегі есік-терезелердің істен шыққан бөліктері бойынша ақаулық актілері жасалынып, олардың бағалары мен көлемдері анықталып, тұрғындарға керекті материалдарды сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде түсіндірдік. Қазіргі уақытта барлық үйлердегі жертөлелер жөнге келтірілді. Әсіресе, шағын аудан-дардағы жертөлелердің жылу құбырлары ауыстырылды. Бұл тұрғыда ішінара тұрғындар тарапынан да қаржы жиналды. Қаратау тау-кен өңдеу кешенінің басшылығы 4 көп қабатты тұрғын үйдің жертөлелерін жөндеп берді. Сондай-ақ, жөндеуді қажет ететін су және жылу құбырларының нақты есебі алынып, бұл іске сантехниктер мен газбен дәнекерлеушілер күші жұмылдырылды. Аз күнде жұмысты толықтай аяқтау көзделуде. Жылыту маусымының алдында қысыммен тексеру кезінде анықталған 16 көп пәтерлі үйдегі жылу жүйелерінің ақауы дер кезінде орнына келтірілді. Осы мәселеге байланысты тілдескенімізде, «Жаңатас-Су-Жылу» мекемесінің басшысы Ерімбек Қозы-бақов та орталық жылу жүйесіндегі 3 бу, 3 су жылыту қазандықтары мен қосалқы жабдықтарды жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сай мерзімінде жүзеге асырылғанын айтты. «Мекеменің өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстарына 36 миллион 123 мың теңге қарастырылды. Өткен жылыту маусымында 9 мың 892 тонна қарамай жағылды. Биылға мұндай отын түрінің 10 мың 320 тоннасы қажет. Облыстық бюджеттен қаралған қаражатқа 4500 тонна мазут алынуда. Оның қажетті көлемінің қалған бөлігін ҚР Энергетика министрлігінен бекітілген кестеге сай алу жоспарлануда. Сондай-ақ, тарифтік сметаға енгізілген қаражатқа қосымша өз қаражатымыз есебінен 180 тонна қарамай аламыз деп жоспарлап отырмыз» деді ол.

«Жаңатас-Су-Жылу» КМК қарасты жылу жүйелерінің ұзындығы 43,8 километр, оның ішінде магистралды желілер – 18,4, ішкі желілер 25,4 километрді құрайды. Бүгінгі күнге дейін жылу желілері тиісті ағымдық жөндеу жұмыстарымен қамтылып, тозған құбырлар ауыстырылған. Қысқасы, қаладағы көп қабатты тұрғын үйлер, коттедждер, бюджеттік мекемелер мен әлеуметтік маңызды нысандар жылу қабылдауға толығымен дайын. Ал қазан айының 9-нан бастап қаладағы әлеуметтік нысандар мен көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беріле де бастады. Жалпы білім беру ұйымдарында да жылыту маусымына қарастырылған мазут, көмір жеткілікті.

Жаңатастықтар жылудың биыл жылдағыдан ерте берілгеніне қуанып та отыр. Қысқы жылыту маусымының ойдағыдай өтуі тәртіп пен жүйелі жұмыстың болуына ғана емес, тұрғындардың төлемақыны уақтылы төлеуіне де байланысты екендігі естен шықпауға тиіс.

Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.

Сәулембай әбсадықұлы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар