Нұрсұлтан Назарбаев Джибути Республикасының Президенті Исмаил Омар Геллемен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы Джибути Республикасының Президентін Ислам қаржысы саласындағы жаһандық сыйлыққа ие болуымен құттықтады. – Сіздің сапарыңыз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуімен тұспа-тұс келді. Еліңіз тәуелсіздіктің 40 жылдығын атап өтті. Сіз бүгінгі сыйлыққа лайықтысыз. Мен сізді құттықтаймын, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Африка елдерімен ынтымақтасуға зор мән беретініне тоқталып, Джибути Республикасының Африка құрлығында маңызды логистикалық орта саналатынын атап өтті. Исмаил Омар Гелле кездесуге ризашылық білдіріп, бұл оның Астанаға келген екінші сапары екенін айтты. – Мен мұнда алғаш рет 2011 жылы болдым. Сол уақыттан бері Қазақстанның қарқынды дамып, Астананың таңғаларлықтай өзгергенін атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан бүкіл ислам әлемі үшін зор маңызға ие болып отыр, – деді Джибути Республикасының Президенті. Мемлекет басшысы Ислам қаржысы саласындағы жаһандық сыйлықты (GIFA) тапсыру рәсіміне қатысты. Қазақстан Президенті Ислам қаржысы әлемдік қаржы жүйесінің жылдам өсіп келе жатқан индустриясының біріне айналғанын атап өтті. – Ислам қаржысының әлемдегі жылдық айналымы 2 триллион доллардан асып, соңғы 10 жыл ішінде 3 есе өскенін көрсетті. 2020 жылы бұл көрсеткіш 3 триллион долларға жетеді деп болжануда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы бүгінде ислам қаржысы институттарының қызметі мұсылман әлемі елдерімен ғана шектелмейтінін айтты. – Ислам қаржысы институттарының қызметі Австралия, Ұлыбритания, Үндістан, АҚШ, Франция және Жапония елдерінде де кеңінен қанат жайып келеді. Әлемнің үздік 100 банкінің бірқатары өз құрылымдарында ислам бөлімшелерін ашты. Қазақстан 2009 жылдан бері исламдық қаржыландыруды енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасшы саналады, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев «Рейтер» агенттігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан 2015 жылы ислам инвестициясы үшін қолайлылығы жағынан 5-орынға ие болғанын атап өтті. – Бұл рейтингте Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 57 ел бар. «Бостон консалтинг груп» компаниясының зерттеу нәтижелеріне сәйкес, исламдық қаржыландыру активтерінің Қазақстандағы әлеуеттік көлемі 2025 жылға қарай 23 миллиард долларға жетуі мүмкін. Осыған байланысты, ислам банктері активтерінің көлемі барлық банк секторының 10 пайызын құрауы мүмкін, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті қазір елімізде банкинг, сақтандыру, лизинг салаларында бірнеше ислам қаржысы институттарының жұмыс істеп жатқанына назар аударды. – Менің бастамаммен 2010 жылы Қазақстанда тұңғыш ислам банкі – «Әл-Хилал» банкі құрылды. 2012 жылы Қазақстанның даму банкі алғаш рет «Сукук» ислам облигацияларын шығарды. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 240 миллион Малайзия рингитін құрайтын облигациялар сәтті өтелді. 2018 жылы 300 миллион долларға дейінгі мемлекеттік ислам құнды қағаздарын (тәуелсіз сукук) шығару жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы ислам қаржысының маңызды бағыты ретінде әлеуметтік жобаларды, білім беру және ағарту шараларын қаржыландыруды атап өтті. – Қазақстан үшін Ислам даму банкімен жұмыс істеудің маңызы зор. Ол ислам қаржысы мен банкингі индустриясын дамыту ісінде Қазақстанның басты әрі стратегиялық серіктесінің бірі саналады. Бүгінде банк тобы тартқан займдар есебінен жалпы құны 500 миллион долларға жуық 23 жоба іске асырылды. 900 миллион долларды құрайтын жаңа 12 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесінің базасында Халықаралық қаржы орталығы құрылатынын атап өтті. – Онда Нью-Йорк, Лондон, Сингапур және Дубай қаржы орталықтарының үздік тәжірибелері қолданылады. Оның қызметін реттеу шетелдік сот корпусын тарту арқылы ағылшын құқығына негізделетін болады. «Астана» қаржы орталығында құрылатын биржа акционерлерінің бірі – Шанхай биржа қоры (25 пайыз үлесі бар). Американың NASDAQ биржасымен бірге мейлінше көп қолданылатын әлемдік сауда платформасын енгізу жоспарланып отыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығына халықаралық деңгейдегі қатысушыларды тарту үшін салық жеңілдіктері, сондай-ақ жеңілдетілген виза мен еңбек режімдері ұсынылатынын айтты. Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы шетелдік әріптестеріміздің әл-ауқатын арттыра түсуіне мүмкіндік беретініне сенім білдірді. – Барлық қатысушыларды біздің жобаларымызға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Жалпы, Қазақстанның алдында әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөніндегі биік мақсат тұр. Түбегейлі институционалдық реформалар іске асырылып жатыр. Биыл жаңа технологиялар мен инновацияларды жедел енгізу арқылы экономикамызды Үшінші жаңғырту ісіне кірістік, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы еліміздің әрдайым шетелдік инвесторларға қолдау көрсетуге және олармен тығыз ынтымақтасуға әзір екенін айтты. – Басты қаржы нарықтарының жаһандық қатысушыларының басын қосатын ауқымды іс-шаралар өткізу халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың тиімді құралының бірі болып саналады. Ислам қаржысы саласындағы жаһандық сыйлықты тапсыру рәсімі исламдық қаржыландырудың түрлі саласындағы көшбасшыларды іздеп табуға бағытталған. Ол ислам қаржысы институттарының қызметін одан әрі дамытуға септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Жаһандық сыйлықтың атқарушы органына бұл рәсімді біздің елімізде ұйымдастырғаны үшін ризашылық білдірді. – Мен 2014 жылы Дубай қаласында ислам қаржысы саласындағы әлемдік көшбасшылық үшін сыйлығына ие болдым. Енді бұл марапатты Джибути Республикасының Президенті Исмаил Омар Геллеге тапсыру мен үшін зор мәртебе. Бұл марапат оған ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамытудағы зор жетістіктері үшін беріледі. Менің шынайы құттықтауымды қабыл алыңыз. Жаһандық сыйлықты тапсыру рәсіміне келгендердің барлығы әлемдік қаржы жүйесінің дамуына өздерінің елеулі үлестерін қосады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.Соңында Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларға жемісті жұмыс пен зор табыс тіледі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді