Айдос МАЙЛЫБАЕВ, облыс прокурорының міндетін атқарушы.
Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауы деуге болады. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Конституция мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін айқындады. Бас құжатты қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум бойынша қабылданған Ата Заңымыздың тарихын мерейлі жылда жас ұрпаққа ұғындырудан, көпшілікке маңызын насихаттаудан жалықпауымыз керек. Референдумға сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысып, оның 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдаған. «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», деген Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында. Ресми дерек бойынша, құжатты талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысқан. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і конституция жобасына енгізілген. Сондықтан халықтың ішінен шыққан заңдардың қайнар бұлағы деп атауға толық негіз бар. Ендеше 1995 жылы қабылданған Конституцияның да басты авторы – Қазақстан халқы мен оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев деп толық сеніммен айтуға болады. «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғары мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау», деген еді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын Негізгі Құжат – Конституция. Сондықтан Ата Заңды қастерлеу, құрметтеп қорғау, қатаң ұстану республикамыздағы әрбір азаматтың міндеті мен парызы болуы қажет. Конституция – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, әлем сахнасында еліміздің қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім. Конституция – әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің Ата Заңы, айшықты құжаты. Конституцияның 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары» делінген. Осыны негізге алған республика халқы аталған құжат аясында, Конституциялық нормаларға сай өмір сүру – демократияның және қазақстандық түрлі қоғамдық-саяси күштер келісімінің жоғары мектебі екеніне көз жеткізіп отыр. Прокуратура қадағалаушы орган ретінде еліміздің барлық азаматтарына көмек көрсетіп келеді. Тұрғындар прокурорларға сенім білдіріп, бүгінде заңды көмекке жүгінетін бірден-бір орган деп біледі. Прокуратура – сотта мемлекеттің мүддесін ұсынатын, айыптауды қолдайтын, қылмыстық істерді қозғайтын өкілетті арнайы мемлекеттік орган. Сонымен қатар адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы іспетті құндылықтарды Конституция негізінде қорғайтын мемлекеттік жоғары қадағалау органы. Прокуратураға республиканың аумағында заңдардың, ел Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолдануын қадағалау міндеті жатады. Прокурорлық қадағалау – демократияның, заңдылықтың, мемлекеттіліктің маңызды тұтқаларының бірі болып табылады. Прокуратура қандай бағытта жұмыс істемесін, азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын қорғайды. Прокуратура органы заңдардың біркелкі орындалуына қадағалау жасай отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарының орындалуына аса зор көңіл бөледі. Облыс прокуратурасы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев пен Бас Прокурордың тапсырмаларын орындау мақсатында азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлықты, бюджеттік қаражаттарды ұрлау деректерін анықтау, олардың жолын кесу және қоғамдық саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Заң бұзушылықтар орын алған жағдайда тұрғындар жергілікті қала, аудан прокурорларына, облыс прокуратурасына тікелей арыздану арқылы, не болмаса прокуратуралардың «Сенім телефондары» және облыс прокурорының тікелей блогы арқылы шағымдануға құқылы. Ата Заңымызды ардақтай отырып, еліміздегі әрбір азаматтың конституциялық құқығы әрқашан да қорғалатындығын естен шығармайық.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді