Қазақстан Президенті Америка Құрама Штаттары Энергетика министрінің орынбасары Дэн Бруйллэттпен кездесті. Мемлекет басшысы екіжақты кездесу барысында АҚШ Энергетика министрінің орынбасарына халықаралық ЭКСПО-2017 маман-дандырылған көрмесіне қатысқаны үшін ризашылық білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев дипломатиялық байланыс-тарымыз орнаған 25 жыл ішінде екі ел арасында сенімді ынтымақтастық қалыптасқанын айтты. – Біз биыл дипломатиялық қарым-қатынасымыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Осынау жылдар ішінде Қазақстан АҚШ-пен сенімді серіктестік орнатты, бұл қарым-қатынасқа ешқандай көлеңке түскен емес. Осы уақытта энергетика және демократиялық әріптестік салаларындағы келісімдерге қол қойылды. Біз ядролық қаруға қарсы күрес жүргізу мәселесін бірлесе шешіп отырдық. Халықаралық күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша Қазақстан мен сіздің елдеріңіздің ұстанымы бірдей болды, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың нәтижелеріне ерекше тоқталып, оны әрі қарай дамытуға ниетті екенімізді атап өтті. – Қазақстанда Америка капиталының қатысуымен 500-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында еліміздің экономикасына 40 миллиард АҚШ долларын құйған ірі мұнай компаниялары бар. Біз ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға әзірміз, – деді Қазақстан Президенті. Д.Бруйллэтт АҚШ Президенті Д.Трамптың атынан Нұрсұлтан Назарбаевты және барша қазақстандықтарды ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуімен құттықтады. – Біз екіжақты қарым-қатынасымызды энергетика секторында ғана емес, сондай-ақ басқа салаларда да жалғастыруға дайынбыз. Мен бүгін Қазақстанның бірқатар мемлекеттік органдарының жетекшілерімен, соның ішінде елдеріңіздің Энергетика министрімен кездестім. Сонымен қатар Вашингтон Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше болуына қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткіземін, – деді АҚШ Энергетика министрінің орынбасары. Бұдан бөлек, Д.Бруйллэтт Қазақстанда шетел бизнесмендеріне қолайлы жағдай жасалғаны, соның ішінде инвесторларға арналған визалық режімге өзгеріс енгізілгені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді