«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қонаев пен Момышұлы

Қонаев пен Момышұлы
ашық дереккөз
Қонаев пен Момышұлы
НЕМЕСЕ «ЛЖЕМАРШАЛ» МЕН «МАРКИЗДІҢ» ҚЫСАСТЫҒЫ

Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы дүркіреп өткелі жатқан тұста Алматыдан осы қуанышқа арнайы шақырылған бір ардақты ағамыздың қазақ халқының мақтанышына айналған тағы бір тұлғасы - Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев марқұмның әруағына тілі тиіп кетті. Бірақ ол кісі өйтті екен деп жиылған жұрт, әрине, шала бүлінген жоқ. Шала бүліну - дауласу, қызыл кеңірдек боп айтысып, жаға жыртысу деген сөз. Торқалы той, мерейлі мереке, ақар-шақар қуаныш үстінде бұл әдепке де, әдетке де жат тірлік. Бірақ, осы сақи сыпайылық пен ізгі ізеттің ар жағында сексеннің сеңгіріндегі қонақтың қарттығын ескерумен бірге, «Өзі жоқтың көзі жоқ», «Құлан құдыққа құласа, құлағына құрбақа шығады» деген реніштің бары да шындық еді.

Бес саусақ бірдей емес, халық болған соң оның ішінде сақысы да, сатқыны да, ері де, екіжүздісі де болады. Солардың сатқыны мен екіжүзділері Д. А. Қонаев қызметтен кетіп, дүниеден озғаннан кейін неше түрлі жаланы ойдан-қырдан жинай бастады. Сол жаланың бірі - аты аңызға айналған Баукеңнің Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмағанына алаш ардақтысына айналған Д. А. Қонаевты «кінәлі» деп табу болды.

Осы тұста Қазақстан КП (б) Орталық комитеті мен Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті біріншілерінің «шежіресін» ой елегінен өткізіп көрейікші. Мысалы, Қазақстан КП (б) Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып 1945-1946 ж.ж. - Г. А. Борков, 1946-1954 ж. ж. - Ж. Шаяхметов қызмет етсе, ал Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып 1954-1956 ж.ж. - П. К. Пономаренко, 1956-1957 ж.ж. - Л. И. Брежнев, 1956­1957 ж.ж. - И. Д. Яковлев, 1957-1960 ж.ж. - Н. И. Беляев, 1960-1962 ж.ж. - Д. А. Қонаев, 1962-1964 ж.ж. -И. Юсупов қызмет атқарды. Демек, Д. А. Қонаев бірінші хатшы қызметіне келгенге дейінгі 15 жылда, яғни бейнелеп айтсақ, майдан даласындағы оқ-дәрінің исі әлі кетпей жатып әлгі «біріншілер» Баукеңе неге батыр атағын алып бермеді?!.

Мұны айтып отырған себебіміз, атақ мәселесіне «біріншілерді» ғана кінәлі деп қарайтын болсақ, онда Баукеңнің Кеңес Одағының Батыры атағын дер кезінде алмауына Қазақ АСР-і мен Қазақ КСР-нің тізгінін ұстаған сол тұстағы біріншілердің бәрі кінәлі деп санау керек. Ал ниеттес, тілектес болған екен, оларды ата тарих өзі ақтап алады. Мысалы, Баукеңнің өз қолымен жазылған естелік дерегіне жүгінсек, Жоғарғы Кеңес президиумының төрағасы Жұмабек Тәшенов бірде Баукеңді қабылдайды. Екеуара әңгіме әуелде Рахымжан Қошқарбаев туралы болғанмен, аяқ жағында Ж. Тәшенов қамқорлықпен Баукеңнің өз жағдайының қалай болып жатқанының жай-жапсарын сұрайды. Үзінді келтірейік.

« - Ал, енді сіз туралы да көп хаттар бар. Сізді неге Герой Советского Союза емес деп жазады менің атыма...

-Это компетенция правительства.

-Мен үкімет бастығымын...

-Вы всего лишь председатель президиума Верховного Совета Республики...

-Я заместитель Ворошилова... Оны мен білемін.

-Сіз   менің  атыма  арыз, мірбаяныңызды толық етіп жазыңыз.

арлық көрсеткен ерліктеріңізді жазыңыз. Мен ол мәселені Ворошиловтың алдында көтеремін...

-Жоқ. Мен еш нәрсе жазбаймын. Мен туралы жазылғандар аз емес.

-Онда соларды қарастыралық. Оларды қайдан табуға болады?

-Мен ол жағын білмеймін.

Тағы біраз сөйлестік...». (Бауыржан Момышұлы. 30 томдықтың 10-шы томы, 98-101 беттер).

Оқып отырып батыр Баукең «мен» деген биігінен сәл төмен түсіп, «мінез» деген асауын сәл ауыздықтап, Ж. Тәшеновтің өтінішін орындағанда соғыстың оқ-дәрі исі басылмай тұрып-ақ Батыр атағын алғандай екен-ау деп өкінесің. Бірақ өйтсе Баукең Баукең болар ма еді деп тағы ойлайсың.

Баукеңнің ғажаптығы - өзіне-өзі сын көзімен қарай білгендігі. Бұл да «Шаштараз немесе Ненормальный казах» деген естелігінде былай деп жазады.

«...Мен жең-жағасы оқалы генеральный штабтың мундирін киіп, Фурманов көшесіндегі шаштаразға бардым. Кезегімді күтіп алдыңғы бөлмеде отырмын.

-Следующий!

Залға еніп бос креслоға отырдым. - Не істелік, полковник жолдас? - деді иығымнан біреу. Бұрылып қарасам, үстінде ақ халаты бар, орта бойлы, тәмпіш мұрынды, кірпік шешен түксиген қою қара шашты қазақ жігіті екен.

«Астапыралла. Елуге келгенде қазақтан бірінші шаштараз көріп отырмын» деп, ішімнен таңғалдым.

-Желкем мен самай шаштарымды реттегін, қарағым, - дедім.

-Қазір, ағасы, - деп шебер мойнымды сейсеппен орап іске кірісе бастады. Өте пысық, қолы-қолына тиер емес... Машинкені тастап, қайшымен тегістей бастады...

-Полковник жолдас, сізге сұрақ берсем, айыпқа бұйырмайсыз ба?

-Сұрағын, қарағым.

-Сіз Мәлік Ғабдуллинді білесіз бе?

-Білемін. Майданда бірге болғанбыз.

-Талғат Бигельдиновты білесіз бе?

-Білемін. Бірақ ол жігітпен өте таныс емеспін.

Қайшысын жалаңдатып шашымды алып жатқан жігіт:

-Тағы сізге бір сұрақ, - деді.

-Сұрағын.

-Әлгі Бауыржан Момышұлы дейтін Отан соғысында ерлік көрсетіп, әскер тобын бастап, полк командирі, дивизия командирі болған екен... Бірақ та өзі мінезі жаман Құдай атқан кісі екен. Сол мінезінен бастықтарға жақпай, көп нәрседен құр қалыпты... Егер де сол оңбағандығы болмаса, ол кісіге батыр атағын да, генерал атағын да бермек екен... Бірақ өркөкірек, оңбаған мінезі бәрін бүлдіріпті. Полковник жолдас, сіз Бауыржан Момышұлын білесіз бе?

Мен не айтарымды білместен біраз үн қатпадым.

-Ол кісінің қайда екенін білесіз бе?

-Меніңше, сол кісі сіздің алдыңызда отыруы керек, - дегенімде шаштараз жігіт шошынып, секіре шегінді.

-Ағатай, ағатай, сізбісіз? Кешіріңіз. Қайта жақындады. Мен күлдім. Ол

сасқалақтап қайшысын сумаңдатып самай шашымды ала бастады. Түріне қарасам, шып-шып терлеп кетіпті.

-Сен мені ненормальный қазақ дедің ғой.

-Жоқ! Құдай сақтасын.

-Сен де ненормальный қазақсың.

-Неге?

-Нормальный қазақ должен быть или милиционером или министром, а ты парикмахер, - дегенімнің әзіл екенін түсініп күліп:

-Ақсақал, шаш алып, сақал-мұртты басатын да біреу керек шығар, - деді ол.

-Кемітіп айтып отырғаным жоқ. Қуанып айтып отырмын, шырағым.

-Түсіндім ағасы.

-Рахмет, қарағым, - деп қоштастым. (Бауыржан Момышұлы. 30 томдықтың 4-ші томы, 186-190 беттер)».

Мұндай жағдайды, мысалы, ер Баукең ғана мойындап, ер Баукең ғана жаза алады.

Баукеңнің кейінгі ұрпаққа мұрты бұзылмай жеткен мұраларының ішінде Д. А. Қонаевқа жазған хаты да бар. «Уважаемый Динмухамед Ахмедович! По состоянию здоровья я, к сожалению, не смог воспользоваться Вашей любезностью принять меня. У меня никаких личных просьб и других дел к Вам нет» деп басталатын ол хат 1970 жылы 13 ақпанда жазылыпты. Хатта батыр Баукең Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы айтып, «Ерлік елеусіз қалмасын» деген афоризмін мысалға келтіріпті. (Бауыржан Момышұлы, 30 томдықтың 21-ші томы, 115 бет). Бірақ Жоғарғы Кеңес президиумының төрағасы Ж. Тәшенов «Кеңес Одағының Батыры атағын әперу жөнінде Ворошиловқа мәселе қояйын, жазып беріңіз» деп өтінгенде «Жоқ. Мен еш нәрсе жазбаймын» дегені сияқты Д. А. Қонаевқа да өзі туралы немесе Кеңес Одағының Батыры атағын сұрап, ләм-мим демеген.

Рас, Д. А. Қонаев Қазақ КСР-ін ұзақ жыл (1960-1962 ж.ж. және 1964-1986 ж.ж.) басқарды. Рас, бұрынғы өткен Абылай ханның қазақ жұртының оңтүстігіндегі қытаймен, солтүстігіндегі орыспен «дос» болғаны сияқты, КСРО басшысы Л. И. Брежневпен жақсы қарым-қатынаста болды. Бірақ Д. А. Қонаев пен Л. И. Брежневтің сол сыйластығын көлденең тартып, «Баукеңе Батыр атағын әперуіне болатын еді ғой, Димекеңнің» деген тұрғыдағы өкпе тұрмақ, наз айту орынсыз және ешқандай ақылға сыймайды.

Неге? Өйткені, дос адамдардың арасында да «үлкені» мен «кішісі» болады. «Үлкенінің» аға орнына жүруі, есіктен бірінші боп еніп, төрдің қақ ортасына барып отыруы және шаршы топта бірінші боп сөз бастауы жазылмаған заң. Бәлкім, Д. А. Қонаевтың өз басы сол кездегі Кремль басшысын шынайы дос тұтып, шынайы сыйлап, шынайы құрметтесе құрметтеген шығар, бірақ Кремльдің, оның ішінде Л. И. Брежнев жолдастың «достығын» Димекеңнің достығындай таза еді деп айта аламыз ба?!. Кез-келген саясаттың бақай есебі болатыны сияқты, коммунистік биліктің де, оның «генсегінің» де өз қулықтары болғаны анық. Ол қулықтан Л. И. Брежневтің де қашып құтыла алмайтыны және шындық. Оның үстіне батыр Баукеңнің адуынды мінезі олардың мұз жүрегін 1970 жылдары одан бетер мұздата түскен. Ал Д. А. Қонаевтың қызыл Мәскеу басшыларына деген достық көңілі күннің көзінен ыстық болса да, өкінішке қарай, ол мұздақты еріте алмаған.

Нақты мысалға жүгінейік. Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «анау туралы өй депті, мынау туралы бүй депті» деген гу-гу әңгіме көзі тірісінде-ақ айтылғаны белгілі. Ол «гу-гулер» Алматы сыраханаларынан асып, Мәскеу кабактарына, тіпті Кремль дәліздеріне дейін жеткен. Бірақ отставкадағы батыр полковниктің қайсар мінезінен туған «деген екендер» халыққа ұнағанымен, қасы қалың «генсек» пен КСРО Қорғаныс министріне ұнаған жоқ. Оның үстіне «Үрит, соқ!» дейтін зиянды топ Мәскеуден ғана емес, Алматыдан да көптеп табылатын. Мысалы, Баукеңді құрметтейтін зиялы топ оны Батыр атағына ұсынып, КСРО Қорғаныс министріне хат жазып жатса, зиянды топ керісінше Баукеңнің мінезі мен моральдық бет-бейнесін «әшкерелеген» арыздарын Кремльге қарша боратты. Ал мың айлалы КСРО билігі мұны өте ұтқыр пайдалана білді.

Батырдың қанды көйлек досы, майдангер-жазушы Дмитрий Снегиннің «Біздің Бауыржан» атты эссесін, әрине, біреу оқыды, біреу оқымады. Оқығандар біледі, ал оқымағандарға тәптіштесек, былай. Қазақ халқында бір елі ауызға екі елі қақпақ қоюға үндейтін «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды», «Басқа бәле тілден» деген сияқты толып жатқан даналықтар бар. Осы сөздерді жақсы білетін Баукең, күндердің күнінде қырсығы тиіп кетер деп қорықпастан «кімнің кім екенін» ашық айтқан ғой. Мысалы, КСРО сияқты азуы алты қарыс алып империяның Бас хатшысы Леонид Ильичті - «Лжемаршал Брежнев» десе, анау-мынау емес, АҚШ-тайын алпауыттармен тайталасқан қызыл империяның Қорғаныс министрі А. А. Гречконы - «Душка» дейді екен. Ол кез «Мәскеуде жел тұрса, Алматыда дауыл соғатын» құйынды, қитұрқылы шақ емес пе, «аузымен жүретін» ағайындар (ғалым, шенеунік, т. б.) міне, осы улы мысқылды КСРО-ның «генсегі» мен әскери билігіне мың құбылтып жеткізбеді дейсіз бе?!. Әрине, жеткізді! Ал коммунистік Мәскеу болса, таспен атқанды аспен ататын Иса пайғамбардайын ізгі жүректілерден емес еді.

«Біз, Алексей Кузнецов, Балтабек Жетпісбаев және мен, яғни - Бауыржанның полктастары КОКП ОК Саяси Бюро мүшесі, Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы Димаш Ахметұлы Қонаевқа майдандас досымыздың неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыстағы лайықты ерлігі үшін - Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнінде Саяси Бюро мен еліміздің Жоғарғы Кеңес Президиумына ұсыныс жасауын өтініп, қағаз дайындадық. Әлбетте, Бауыржанға білдірмей... Бірақ әлгі бір жүрмейтін жері жоқ «Ұзынқұлақ» арқылы Баукең бәрібір естіп қойыпты!

Қонаев көп күттірген жоқ. Кездескен кезде мақсатымыздың орындалуына ықпал етеді-ау деген кейбір нәрселерді мен ауызша да түсіндіруге тырыстым. Ол сөзімді құлшына құптады, бірақ ескертуді де ұмытпады:

-Өзің білесің, Дмитрий, мұндай істе уақытты асықтыра алмайсың. Күтуге тура келеді, сондықтан Бауыржанмен бірге шыдап бағыңдар. Өзім белгі берем.

Күндер көлбеңдеп, апталар ала қашып, айлар адымдап өтіп жатты. Белгі болмады. Мен Бауыржанмен кездесуден қашумен-ақ жүдеп кеттім. Ол да кездеспеуге тырысам деп қарадай қасірет шеге бастады. Ақыр аяғында ҚКП ОК жақтан «қоңырау» да соғылды.

"имаш Ахметұлы сәлем бере келген кісіге жайсыз тиетін әңгіме айтқалы дайындалып отырса да ашық-жарқын, үй-ішілік қонақжай қалпынан ешқашан өзгерген емес. Ол сол күні де өте ықыласты болды. Бірақ оның ел жағдайы мен сүйікті қаласы Алматы туралы тәптіштей баяндауынан - Бауыржанды қуантатын ешқандай жаңалық жоқ екенін сезе бастадым. Солай болды да. Димаш Ахметұлы менің көңілімнің «құлақ күйін» келтіріп алып:

Ұқсас жаңалықтар