«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЭКСПОНЫ жуалының Үш мыңға жуық адамы тамашалады

ЭКСПОНЫ  жуалының  Үш  мыңға жуық  адамы  тамашалады
ашық дереккөз
ЭКСПОНЫ жуалының Үш мыңға жуық адамы тамашалады

Халықаралық ЭКСПО көрмесінің таңғажайыбын тамашалауға асыққан жұрттың қарасы күн сайын көбеюде. Көрмені Жуалы ауданынан үш мыңға жуық адам барып көріп қайтты. Мәселен, тыл және еңбек ардагерлері, Ауған соғысы мен Чернобыль апатын ауыздықтауға қатысқан ардагерлер мен ұлттық мәдени орталық жетекшілерінен құралған алпыстан аса азамат Елордамызда екі күн болып, Астананың көрікті жерлерін аралап, ЭКСПО қалашығын тамашалауға мүмкіндік алды. Осы бір сапарды талайдан бері асыға күткен ардагерлер таңертеңгісін орталық алаңға жиналып, оларды Астанаға шығарып салу үшін аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов пен аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков арнайы келіп, сәт-сапар тіледі. Содан соң үш «Газель» көлігімен Таразға бет алып, Тараз вокзалынан жүрдек пойыздың жайлы купелеріне орналастырылды. Ардагерлердің жол шығынын аудан әкімінің ұйытқы болуымен аудан кәсіпкерлері мен белді азаматтары көтерген болатын. Олардың арасында «Жуалы Береке» қоғамдық ұйымы ерекшеленді. Ұйымның төрайымы Күлбақыт Айтқұлова ардагерлердің пойызға отырғанынан бастап қайтқанына дейінгі жауапкершілікті өз мойнына алып, олардың әрбір уақытының есте қаларлықтай өтуіне атсалысты. Ұйымдастырушылар қариялардың аяғын жерге тигізген жоқ. Елорданың жаңа вокзалынан күтіп алған автобустар оларды жатақханаға алып барды. Аздап демін басып алған қариялар Астананың көрікті жерлерін аралауға кірісті. Алдымен қаланың қақ ортасындағы Әзірет Сұлтан мешітіне соғып, Алладан еліміздің мәртебесінің биік болуын тіледі. Одан кейін Тәуелсіздік алаңында, «Бәйтеректе», орталық алаңда, ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайында болды. Түстен кейін ардагерлердің қызыға да тамсана тамашалағаны – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі. Мұражай қызметкерлері Елбасы резиденциясының ішіндегі құнды жәдігерлермен таныстырды. Қариялар ЭКСПО қалашығын көруге асықты. Жолай жуалылықтар жерлестері, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне соғып, батыр рухына тағзым етті. Ардагерлер «Нұрлы әлем» павильонының алдында суретке түсті. Сол жерден екі топқа бөлініп, бірінші топ еліміздің павильонына кірсе, екіншісі қалашықтағы саяхатын «Үздік тәжірибелер аймағы» тақырыптық павильондар жұмысымен танысудан бастады. ЭКСПО қалашығының тамашасын ауызбен айтып жеткізу қиын. Оны тек көзбен көру керек. Болашақтың энергиясы аясында жасалған жаңалықтар мен басқа да дүниелер барша келушіні баурап алуда. Ардагерлер шаршамай-талмай ЭКСПО қалашығын кеш батқанша аралады. Жалпы, ардагерлер бас қалада әрбір сағатын бос өткізген жоқ. Жолда ардагерлер Астанадан, ЭКСПО-дан алған әсерлерімен, көңілге түйген ойларымен бөлісті. Жуалы ауданының Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков: – Бізге аудан әкімі Бақтияр Бейсембайұлы керемет саяхат сыйлап отыр. Табанымыз жерге тиген жоқ. Қыз-жігіттер құрақ ұшып қызмет етті. Астананы екі күн аралап, барлық көрнекті ғимараттарда болдық. «Нұрлы әлем» павильоны, жалпы ЭКСПО қалашығы менің көңілімнен шықты. Еліміздің болашақтың энергиясы туралы көзқарасы тұтас әлемге ықпал етеді деген ойдамын. Жалпы, бұл көрмені ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді.

Марат Құлибаев.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар