«Отардағы» әскери ойындар отан қорғаушыларымыздың айбынын таныт ты
- author «Ақ жол»
- 5 тамыз, 2017
- 427
1 тамызда 40-шы «Отар» әскери базасының оқу-жаттығу полигонында Армия халықаралық ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Біздің елімізде биыл екінші мәрте өткізіліп отырған бұл маңызды шараға 18 елден 400-ге жуық әскери қызметкер қатысуда. ҚР Қорғаныс министрлігі оркестрінің салтанатты маршымен «АрМИ-2016» додасының туы көтерілді. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов сөз сөйлеп, жарыстың ресми басталуының шымылдығын түрді. Облыс аумағында өтіп жатқан маңызды әскери іс-шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы келіп қатысты. Еліміздің Қорғаныс министрі ойынға қатысушыларды құттықтап, жарысқа жыл сайын қатысушы мемлекеттердің саны артып келе жатқанын атап өтті. – Армиялық халықаралық ойындарды өткізу шынайы жауынгерлік бауырластық пен адами достықтың негізі болып табылады және Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғары Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан лайықты қолдау тауып келеді. Армиялық ойындар көлемі әлемдік спорттық біріншіліктерден еш айырмасы жоқ, халықаралық ауқымдағы керемет іс шара. Біз үшін оны Қазақстанда өткізу үлкен абырой, – деді ҚР Қорғаныс министрі. Министр бұл ойындардың әскери қызметкерлердің ұрыс тәжірибесін арттырып, елдер арасындағы достастықты нығайтатынын айтады. – Армия ойындарының өткізілу ауқымын кеңейтетін алғашқы ел болғанымызға қуаныштымыз. Сайыс пішімінде әр елдің өз армиясы артиллериясының үздік өкілдері мен мергендік оқ ату шеберлері баға жетпес тәжірибелерімен бөлісіп және иық тіресе додаға түсіп, достық қарым-қатынастарын нығайтып, сондай-ақ, әскери ынтымақтастықты дамыту жөніндегі әрі қарайғы жоспарды белгілеп қоятындарына кәміл сенімдімін. Сіздерге адал және ымырасыз күрес, дәйекті төрешілік, жақсылық және бейбітшілік тілеймін! – деп қатысушыларға ізгі лебізін білдірді.
Ойынның ашылу бағдарламасының өзгешелігі театрландырылған қойылым болғанын атап өту керек. Би ұжымдары, актерлер, акробаттар, атты-каскадерлік тобы мен таулы-егер полкі әскери қызметшілерінің, этно-фольклорлық тобының орындауындағы қойылым, қазақ жауынгерлік рухының, ұрыстағы мергендік өнерінің пайда болу тарихынан сыр шертіп, мән-мағынасын ашып көрсетті. Концерттік бағдарламаға ҚР Қорғаныс министрлігінің үрмелі аспаптар оркестрі қатысты. Ғаламат ашылу рәсімі қазақстандық ұшқыштар мен десантшылардың әуедегі шоуымен жалғасын тапты. Салтанатты тамашалаушы меймандар мен сайыстың шетелдік қатысушыларын ұшқыштар, полковник Талғат Сыздықов пен подполковник Асқар Құлбатовтың ұшақтарды меңгерудегі шеберлігі тәнті етті. Олар көк аспанда көз ілеспес жылдамдықпен жоғары пилотаж үлгісін көрсетті. Армиялық халықаралық ойындардың ашылу бағдарламасына сәйкес, қазақстандық барабаншылар мен домбырашылар және қазіргі заманғы жауынгерлік техниканың («Арлан» бронды-дөңгелекті машиналары, «Т-72 Б» танктері) сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрі өнер көрсетті. Десантшылар ротасының орындауында көпшілікке қарумен қол жекпе-жегі ұрысының көрсетілімі ұсынылды. Қазақстан әскерінің ұшақтары мен тікұшақтары пилотаждық тобының әуе шоуы – армиялық ойындардың ашылуының шарықтау шегі осы болды.
«АрМИ-2017» шеңберіндегі «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Мерген шебі» және биыл жаңадан қосылған «Ұшқышсыз ұшу аппараттарымен барлау» ірі сайыстары мұнда тамыздың 9-ына дейінгі аралықта өтеді. Жарысқа қатысу үшін елімізге барлығы 18 елден командалар келді. Олар – Қазақстан, Армения, Әзірбайжан, Венесуэла, Бангладеш, Қырғызстан, Қытай, Беларусь, Зимбабве, Үндістан, Иран, Моңғолия, Грекия, Тәжікстан, Тайланд корольдігі, Өзбекстан, Оңтүстік Африка және Ресейдің өкілдері. Халықаралық армия ойындары салтанатты ашылысымен «Артиллериялық оқ ату шеберлері» – «Жеке жарыс» байқауының бірінші кезеңі басталды. Қатысушы командалар МТ-ЛБ бронды транспортерлері мен 120 мм. 2Б11 минометтерімен сынға түсуде. Бес елдің әскери командалары қатысқан байрақты бәсекеде қазақстандық команда нық қадаммен алғашқы есептоптың бірінші тартысының көшбасшысы атанды. Қатысушылар барынша жылдамдықта «Ирелең» және «Мина-жарылғыш қоршаудағы сорап өткелі» кедергілерін еңсерді. Төрешілер механик-жүргізушілердің дайындығын, олардың қозғалыста маневрлерді жасау шеберлігін тексерді. Бұл ретте кедергіні бұзып өту кезінде әрбір жапырылған шектегіш үшін қатысушыларға айып уақытының 10 секунды қосылып отырды. Одан кейін командалар РПГ-7В және АК74-тен оқ атуларды орындады. Содан соң есептоптардың командирлері көтерілетін нысана бойынша ПКТ оқшашарынан атысты орындады. Межеге дейінгі қашықтық 300-400 метрді, оқ-дәрілер саны шағылдырғыш оқтары бар 12 патронды құрады. Дөп тигізілмеген нысанаға 300 метрлік бір айып шеңберінен белгіленді. Бірінші тартыста командалар екі есептопқа бөлінген болатын. Алғашқы күннің қорытындысында біздің артиллеристер көш бастаса, ресейліктер екінші, Қытай үшінші, Қырғызстан төртінші және бесінші орынды Венесуэла командалары бөлісті. Байқау төрешілерінің айтуынша, бұл әзірге бастапқы нәтижелер. Байқаудың бірінші кезеңінің қайталанбалы сайысы 4 тамызда жалғасады. Ал байқау барлығы төрт кезеңнен: жеке жарыс, түнгі спринт және екі эстафетадан тұрады. Финалға төрт команда шығып, олардың үздіктері төрт кезеңнің қорытындылары бойынша анықталады. ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтер бойынша Армия халықаралық ойындары халықаралық ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың, бейбітшілік пен ниеттестік кепілінің жаңа символына айналады. Биыл екінші мәрте өткізіліп отырғанына қарамастан, байқаудың тың сапалық және сандық деңгейге шыққаны байқалады. Биылғы ойын 3000-нан аса әскери қызметшінің, барлығы 28 мемлекеттен, яки, Азия, Еуропа, Африка мен Латын Американың 120-ға жуық армия командаларының басын біріктірді. Далалық, әуе және теңіз машығы бойынша байқау бір уақытта бес мемлекетте – Ресей мен Қазақстанның, Әзірбайжанның, Қытай мен Белоруссияның 20-дан аса әскери полигонында және Балтық, Қара теңіз және Каспий теңіздерінің су айдындарында өтуде. «Отар» полигонында өтіп жатқан әскери ойындар бір аптаға созылады. 9 тамызда үздік мергендердің, артиллерияшылардың және ұшқышсыз ұшу аппараттары шеберлерінің есімдері белгілі болады.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді