Елімізде халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі өтетіндіктен, бұл мәселені жеделдету қажет болатын. Өйткені Елордаға келген шетелдік меймандар біздің тарихи өңірге де табан тіреуі әбден мүмкін. Осылайша, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ұйытқы болуымен облыстық бюджеттен 354 миллион 575 мың теңге бөлініп, көктем шығып, жауын-шашын тоқтай салысымен, құрылысшылар жол төсеу жұмысына дереу кірісіп кеткен-ді. «Құрылыс ТЭД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жұмысты қолға алып, автогрейдер, асфальт тегістейтін каток, асфальт төсегіш сынды қажетті техникалары мен құрал-саймандарын түгел сайлап, жалпақ даланы жарып өтетін заманауи жол сала бастаған. Мердігер компанияның өкілі Юлия Капустинаның айтуынша, құрылысты жүргізуге 45 шақты құрылысшы қатысқан. «Жеті шақырымға сапалы жол салу үшін алты жарым ай уақыт кетті. Бұл тарихи-мәдени ескерткіш маңызды нысан. Сондықтан құрылысты уақтында аяқтауға, мінсіз орындауға барынша тырыстық. Жұмысты ойдағыдай аяқтап, жүзеге асырдық», – дейді ол. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі мен Ақыртас кешені арасындағы ойлы-қырлы жол осылайша тақтайдай тегіс асфальтқа айналды. Енді кез келген қонағымызды тарихи нысанға ертіп апарарда бет-жүзіміз ашық болатыны қуантады. Қазір онда саяхатшылар емін-еркін келе бастаған, көліктер зулап жүріп жатыр. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Тәкен Молдақынов: «Бүгінде кешенге бірлі-жарымды шетелдіктер келіп, тамыры терең тарихымыздың бөлшегі болған ескерткішті қызыға тамашалауда. Туристер легі ЭКСПО көрмесінен кейін де бітіп қалмайды. Оның үстіне біздің болашақ ұрпақ – жастар тарихты білуі қажет. Ескерткіштерді тануы тиіс. Сондықтан бұл жаңа жол алдымен өзіміз үшін қажет», – дейді. Көптен бері көкейде жүрген түйткілдің түйіні тарқатылып, жол салынды. Оны біз де барып, өз көзімізбен көріп, сипатына сүйсіндік. Бірақ, көңілге сыймаған бір жайт бар. Ол – асфальттің малдың қиынан аяқ алып жүргісіз болып жатқаны. Жап-жаңа жолды туристерге көрсетеміз деп жүргенде, төрт түліктің тұяғы таптап, ластап жатқаны расында ыңғайсыздық тудырып тұр. Ақыртас орналасқан Ақшолақ ауылы Байзақ ауданына қарайды. Сондықтан байзақтықтар осы келеңсіздікті реттейді деген үміттеміз.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді