Киелі Әулиеата жері тарихи тұлғаларға бай. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев «Тарихты халық, оның тұлғалы азаматтары жасайды» деп жазғанындай, облысымыздың даңқына даңқ қосқан, есімдері тарихта алтын әріппен жазылған тұлғалар қатарына Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Сухамбаевтың есімін нық сеніммен қосуға болады.
Дәл осыдан 73 жыл бұрын, 1944 жылдың 31 шілдесінде Польша жерінде өтіп жатқан, ұрыс тағдыры шешілер сын сәтте Ақәділ ағамыз кеудесін оққа тосып, теңдессіз ерлігімен, сан ұлттың өкілдерінен тұратын әскери құраманың мыңдаған жауынгерлерінің өмірін ажалдан арашалап қалды. Шайқас жеңіспен аяқталған соң 31-ші Армияның әскери кеңесінің және майдан қолбасшысының шешімімен денесі Польшада қалдырылмай, ол кезде Одақ құрамындағы Литваның курортты Друскининкай қаласындағы бауырластар зиратына үлкен әскери салт-жорамен жерленген. Қазақ жауынгеріне осындай зор құрмет көрсетілуі, оның ерлігінің соғыс тарихында маңызды орын алғандығын білдіреді. Майдан даласында көзсіз ерлік көрсетіп қаза тапқан Ақәділ Сухамбаев туған елі Қазақстанның ғана даңқын шығарып қойған жоқ, ол өзі азат етуге қатысқан Ресей, Беларусь, Польша, Литва Республикаларының ерекше құрметке ие батырларының сапына қосылды, осы елдерде ерекше даңқ пен құрметке бөленді. Айта кетсек, Ақәділ Сухамбаев өз бөлімшесімен жауды батысқа өкшелей қуып, Беларусь Республикасының Гродно қаласындағы күшті бекіністі бірінші болып бұзып кірген. Осы ерлігін қадірлеген гроднолықтар қазақ батырының есімін қаланың орталық көшелерінің біріне берген. Осы көшедегі кәсіптік білім беретін колледжде Ақәділ ағамызға арналған арнайы мүйіс бар. Сондай-ақ, жеке қаруы Мәскеудегі Қарулы Күштердің Орталық мұражайында қастерленіп сақталуда. Тарихқа жүгінсек, Ақәділ батырдың есімін мәңгі есте қалдыру шаралары ол қаза тапқаннан кейін-ақ, оған батыр атағы берілмей тұрып қолға алынған. Ерлік жасағанына бір жарым ай өткенде жерлестерінің өтініштеріне орай Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық атқару комитеті 1944 жылдың 20 қыркүйегіндегі шешімімен туып-өскен Қарасу ауылындағы ұжымшар мен оқыған мектебіне есімін берген. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары туған ауылында мүсіні орнатылып, облыс орталығындағы үлкен көшеге, аудандағы елді мекендердегі көшелерге есімі берілді. 2010 жылы Алматы қаласындағы Алатау ауданының «Ақбұлақ» шағын ауданындағы бір көше Ақәділ Сухамбаев атын алды. Сол жылы Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылында батырдың ерлік жасап тұрған сәті бейнеленген ескерткіш орнатылды. Ақәділ қазақ-жоңғар соғысының айтулы қаһарманы, ұлы Төле бидің сенімді серігі болған Қосы батыр Сәмбетұлының алтыншы ұрпағы екен. Ол бала кезінен-ақ, батыр бабасына еліктеп, ел аузында сақталған өлең-жырларды жаттап өскен. Бұл туралы батырдың мектептегі ұстазы болған қоғам қайраткері, жазушы Әбжапар Жылқышиевтің «Ақәділдің жастық шағы» деген повесінен оқып, қанығуға болады. Бала кезінде әскер қатарына кетіп бара жатқан Ақәділді елдің, қатар-құрбыларының қалай қимай шығарып салғанын өз көзімен көрген мемлекет және қоғам қайраткері, жақында ғана өмірден өткен қадірлі ағамыз Арғынбай Бекбосынның «Мен, Сухамбайдың ұлы – Ақәділ!» психологиялық драмасы Алматының М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында, өз облысымыздың және басқа да облыстардың театрларында сахналанды. Ақәділдің ерлігін насихаттауға батырдың шайқасқан жерлерінде болып, облыс әкімінің қолдауымен «Жай отындай жарқ еткен» «Как вспыхнувшая молния» деген кітап жазып, жарыққа шығарған журналист Тұрсынхан Толқынбаев та үлес қосып келе жатқанын айта кеткен жөн. Ақәділдің ерлігі жастарды отаншылдыққа тәрбиеледі. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әрбір өлкенің есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бары, олардың есімдерін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс екендігі айтылған. Осынау іске «Нұр Отан» партиясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өз үлесімді қосып, халқымыздың қаһарман ұлы Ақәділ Сухамбаев туып-өскен Қарасу ауылына оның бабасы, исі қазаққа ортақ Қосы батырдың есімін беру туралы осы ауыл халқының ұсынысын жеткізіп, облыстық басылымдарда мақалалар жарияладым. Ол бір топ мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыстық мәслихат депутаттары, ғалымдар, еңбек ардагерлері тарапынан қолдау тапты. Олардың хаты облыстық газетте жарық көрді. Елбасымыздың дана да көреген саясатының арқасында мемлекетіміз уақыт өткен сайын қалыптасып, нығайып келе жатыр. Патриоттық тәрбиедегі жалынды жаңа буын өсіп келеді. Оларды өз Отанына деген сүйіспеншілігін арттырып, өлкемізден шыққан тарихи тұлғалардың есімдерін, ерлік істерін насихаттау, рухтарына тағзым ету – аға буынның парызы. Сол парызды орындап, батырларын ардақтай білетін дәстүрімізбен Ақәділ Сухамбаевтың рухын қадірлеп, есімін құрмет тұтайық. Бүгінгі бейбіт, мамыражай күн үшін біз кешегі бабаларға қарыздармыз.
Дәулетбай Есімбеков, облыстық мәслихаттың депутаты, Құрметті теміржолшы, Алматы облысының және Шу ауданының Құрметті азаматы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді