Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бес жыл толуына орай, «Қазақстан рухани жаңғыру жолында: Бала.Құқық.Тәрбие» тақырыбында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ғылыми конференция өтті. Оған облыстық соттардың судьялары, прокуратура өкілдері, адвокаттар алқасының адвокаттары, медиаторлар, бірқатар мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен жастар қатысты. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков құттықтау сөзінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттардың құрылуы Қазақстанда ювеналды әділет жүйесінің дамуына алып келетін маңызды қадамдардың бірі екендігін атап өтті. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова, соттармен өзара іс-қимыл жүргізу жөніндегі комиссия төрағасы Асылхан Дармурзаев та лебіздерін білдірген соң, аталған соттың бес жылда атқарған жұмысы жайлы бейнеролик көрсетілді. Конференцияда облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ербол Дүйсенбаев ювеналды сот жүйесі мен оның маңыздылығына жасаған шолуында, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2012 жылы ювеналды соттар құрылғандығын және Орта Азия мемлекеттерінің арасында біздің елімізде ғана 19 ювеналды сот жұмыс істейтіндігін айтты. Ал ювеналды соттардың басты мақсаты – кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асыру барысында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Конференцияда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы Қайрат Нұрманбетов «Қазақстандағы бала құқықтарын қорғаудың заңды тетіктері», Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа «Бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», облыс әкімдігі білім басқармасының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Мұхтар Керімбеков «Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың отбасылық нысандарының инновациялық модельдері», облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Бақыт Жақсылықова «Баланы қорғаудағы мемлекеттің рөлі», Тараз қалалық прокуратурасының аға бөлім прокуроры Индира Сәттібаева «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар. Статистикалық көзқарас», медиатор Роза Бахова «Отбасындағы медиация» тақырыбында баяндама жасады. Облыстағы арнаулы мектептің түлегі Диана Рыбакова колледжге түсуге мүмкіндік бергені үшін білім басқармасының бұрынғы басшысы С.Құрманбековаға алғысын білдірді. Тағы бір түлек Екатерина Баркова мемлекет қамқорлығының арқасында отбасында ата-анасынан алмаған тәрбие мен білімді арнаулы мектептен алып, бүгінде жанұя құрып ана атанғандығын айтып, тағдырдың бұралаң жолында дұрыс бағдар берген жандарға алғысын айтуға мүмкіндік алды. Ал Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Сымбат Жұлдызбай мектепті тәмамдап, журналист болу үшін Алматы қаласына аттанып жатқандығын жеткізіп, балалар үйіндегі балалардың атынан ондағы қаракөздерді әр мекеме ұжымы оқуын аяқтап үлкен өмірге қадам басып кеткенше өз қамқорлықтарына бөліп алса деген ұсынысын ортаға салды. Бұл ұсынысты облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова қолдайтындығын айтты. Жиын соңында бітімгершілік рәсімдерін дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, белсенді жұмыс істегендерге алғыс хаттар тапсырылды.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді