«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел тыныштығын қамтамасыз ету – үлкен абырой

Ел тыныштығын  қамтамасыз ету – үлкен абырой
ашық дереккөз
Ел тыныштығын қамтамасыз ету – үлкен абырой

1992 жылы 13 шілде күні Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті құрылды. Сол уақыттан бергі 25 жыл ішінде Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мемлекет мүддесі мен қауіпсіздік негіздері шебін нық қорғайтын заманға лайық, арнаулы қызметке айналды деуге негіз бар. Облыстық қазақ драма театрында Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті органдарының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. Алдымен ширек ғасыр толған комитеттің жетістіктері мен құрылуы жайлы бейнефильм көрсетіліп, ҚР ҰҚК облыс бойынша департаментінің атына келіп түскен комитет төрағасы Кәрім Мәсімовтің құттықтау хаты оқылды. «Біз тәуелсіздікті қалыптастыру мен нығайту, түбегейлі экономикалық реформалар жүргізу, қоғамның әлеуметтік және саяси негіздерін ауқымды, қайта жаңғырту тарихында маңызды рөл атқарған Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті ардагерлерін әрдайым есте сақтап, құрмет тұтамыз. Ұлттық Қауіпсіздік органдарының барлық қызметкерлеріне Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде жаңа жетістіктер мен отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін» деп жазылған онда. ҰҚК қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: «Бүгін егемен еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі. Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде өркендеуі үшін ширек ғасыр ұлттық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі маңызды жағдай болды. Кез келген мемлекеттің басты мақсаты – өзінің тұтастығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өз азаматтарының бейбіт өмірін қорғау. Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен абырой, ардақты борыш. Сондықтан сіздер – ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген қауіпсіздік органы қызметкерлері қандай құрметке де лайықсыздар», – деді. Өңір басшысы міндеттерін үлгілі орындағаны үшін бірқатар сала қызметкерлерін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал облыс әкімі К.Көкірекбаевқа ҚР ҰҚК төрағасы К.Мәсімовтің бұйрығымен «Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне – 25 жыл» мерекелік медалі табыс етілді. ҚР ҰҚК облыс бойынша департаментінің бастығы, полковник Ч.Самақов құттықтау сөзінде: «Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік органдарының жүріп өткен жолы тәуелсіз еліміздің қалыптасу және даму тарихымен тығыз байланысты. Өткен 25 жыл ішінде орган қазіргі заманның қауіп-қатеріне қарсы тұратын заманауи арнаулы қызметке айналды. Мемлекетіміздің мүддесін қорғау біздің орган қызметкерлерінің күні-түні дамыл таппай ізденіспен атқаратын, алайда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбауына байланысты қалың жұртшылыққа беймәлім жұмыстарының бірі болып табылады. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында біздің аумақтық органның да үлесі зор. Департаменттің қол жеткізген нақты жетістіктері комитет басшылығының және Елбасының оң бағасына ие болып, нәтижесінде қызметкерлеріміз мемлекеттік наградалармен марапатталуда. Қордай аудандық бөлімінің жедел уәкілі, ұлттық қауіпсіздік аға лейтенанты Арман Қожабеков Елбасының қолынан мемлекеттік «Жауынгерлік ерлігі үшін» наградасын алуға Астана қаласына аттанды. Ол өзінің ерлігімен әріптестерін аман сақтап, лаңкестікке жол бермеді», – деп атап өтті. Одан кейін облыс прокуроры Ернат Сыбанқұловқа, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыс бойынша департаментінің бастығы Мұрат Қарымсақовқа және ҚР ҰҚК облыс бойынша департаментінің бір топ ардагерлеріне «Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне – 25 жыл» мерекелік медалі табыс етілді және бірқатар қызметкерлерге алғыс жарияланып, лауазымдық атақтар берілді. Салтанатты шара облыстық филармония өнерпаздарының концертіне ұласты.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.

Ұқсас жаңалықтар