«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тау самалындағы» тамаша демалыс

«Тау самалындағы» тамаша демалыс
ашық дереккөз
«Тау самалындағы» тамаша демалыс

балаларға шат күлкі, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды

Міне, «Тау самалы» демалыс орталығының да төбесі көрінді... Бізді бұл демалыс орнының басқарушысы Берік Үскембаев қарсы алып жатып, бірер күн бұрын ғана 4 ауысымда демалуға тиіс балалардың келіп орналасқанын хабарлап үлгерді. Жазғы демалыстың рахатын сезінгің келсе, тауға бару керек екен. Келгендеріне бірер күн болса да, салқын самал, саф ауада еркін тыныстап үлгерген жеткіншектер сергіп қалыпты. Шат күлкі, шалқыған көңіл алаңсыз демалыстың балаларға ұнағанын аңғартып тұр. №5 топтың тәлімгері Қарлығаш Сәрсенқұлова балаларды кешкі асқа алып бара жатыр екен... Тараздық Баян Төлегенова, Нұрлыбек Тұрғанбек аталған сауықтыру орталығының келген күні-ақ көңілдерінен шыққанын айтты. Дидар Әбдіғалил, Нұржас Жоламан, Сәния Рахматулла, Айжан Маратжан, Назерке Омар да Тараз қаласынан келіпті. Айжан ән салады, мәтінді мәнерлеп оқуға шебер. Ал Назерке вокалға қатысып, жүзу спортымен де айналысатын көрінеді. Пианинода ойнап, қалалық байқауда жүлдегер атанып, үлкен жетістікке де қол жеткізіпті. Шулық жасөспірім Дарын Сәмбетов пен жамбылдық Әли Құлтаев ән салады екен. Т. Рысқұлов ауданынан келген Қуаныш Сейдімаш та өнерден құралақан емес. Жамбыл ауданы Аса ауылындағы орта мектепте оқитын Ақжол Сейітхан футбол үйірмесіне қатысып, доп тебуге біршама машықтанып қалған сыңайы бар. «Ақжолдықтардың» «Тау самалындағы» газеттің жас оқырманы Ақжолмен жүздесуі күтпеген жағдай болды. Кішкентай Ақжол да жымиып, қуанышты екенін сездірді. Бұл топқа ең жасы кішілер топтастырылыпты. №7 топтың демалушыларымен де көңілді әңгімелестік. Бұл топта еліміздің әр аймағынан келген оқушылар бар екен. Мәселен, Алмаз Әбдіқадір еліміздің жүрегі –Астанадан келсе, Сағынай Әлхан – Шымкент қаласының тұрғыны. Сағынай – сурет салуға ебі барын байқатты. Ал құландық оқушы Рамазан Аман шахмат ойнағанда қарсылас шақ келтірмеді, тараздық Әділжан Асқанбек футбол ойнағанды жақсы көреді, ала допты аяғымен шыр айналдырады. Байқағанымыз балалардың ішінде қаражаяуы жоқ секілді. Бұл «Тау самалы» демалыс орнының иесі Арыстан Тілебаев деген азамат екен. Жұбайы Қасиет Тілебаева да осы сауықтыру орталығындағы жұмысты үйлестіріп, басы-қасында жүр. Арыстан Бейшенұлының айтуынша, лагерьдің ашылғанына биыл 14 жыл толыпты. Жыл сайын жазда әр өңірден мыңнан астам оқушы балалар келіп демалатын көрінеді. – Лагерьде демалу – барлық баланың арманы. Біз әр баланың жақсы нәрсені көргісі келетінін түсінеміз. Сондықтан мәдени шараларды ұйымдастырушыларды, тәрбиеші, тәлімгерлерді, дәрігерлерді, аспазшыларды шақыртар кезде іріктеу өткізіп барып, жұмысқа қабылдаймыз. Соның арқасында жұмыс өнімді, нәтижелі. Қазір 11 топта 22 тәлімгер жұмыс істейді. Бүгінге дейін үш кезеңде (10 күннен) 600-ге жуық оқушы демалып қайтты. Ал бұл ауысымда 290 баланы қамтып отырмыз. Оның ішінде 100 бала тәулігіне 2 сағат ағылшын тілін үйрену курсына қатысып жатыр. Спорт, өнер үйірмелері де жұмыс істейді. Бассейн бар. Қысқа уақыт ішінде әр баланың қабілетін ашуға күш саламыз. Лагерьде бас-аяғы 70 адам қызмет атқарады. Оларды жатын орынмен, тамақпен қамтып отырмыз, – дейді ол. Лагерьдегі мәдени шаралардың ұйымдастырушысы Камшат Несіпбаева орталықта күн сайын түрлі ойындар, би кештері, өнер және спорттық жарыстар өткізіліп тұратынын айтты. Әр ауысымның демалушылары арасында спартакиада ұйымдастырылатын көрінеді. Тіпті көршілес «Жұрындысай» лагерінің демалушы оқушыларымен жолдастық ойын өткізу де дәстүрге айналған екен. «Тау самалынан» екі-үш шақырым жерде, таудың арасында тағы бір демалыс орны бар. Оны мұндағылар «екінші лагерь» деп атайды. Тәулігіне бір топ сол жерге барып демалады. Тауға шығады, түрлі ойындар ойнайды. Бұл жерде нұсқаушы Ким Денис бар. Жалпы, бұл орталыққа білікті ұстаздар ғана шақыртылады екен. Тараздық тәжірибелі ұстаздар Гүлнар Нартаева, Қарлығаш Сәрсенқұлова мен Света Сейтбекова осында жасөспірімдермен жұмыс жүргізген көңілді екенін айтады. Жыл сайын мыңдаған балаларды демалыспен қамтып отырған «Тау самалы» демалыс орны балалардың бос уақытын тиімді үйлестіруді үйренген. Содан болар, «Тау самалы» лагерінде демалып жатқан балалар көңілді. Алаңсыз, қамсыз. Бүлдіршіндердің көңілді күлкісі, шаттығы біздің де мерейімізді өсірді. Балғындарға шаттық сыйлаудың өзі қуаныш емес пе?! Лагерь басшылары мен тәрбиешілері осыны терең түсінеді екен.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар