Облыстық мемлекеттік архивтің ұйымдастыруымен «Мөр – тарих таңбасы» атты көрме мен «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Облыстық көрме залында өткен шара ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орайластырылыпты. Оған бірқатар құрметті қонақтармен қатар архив пен көрме залының қызметкерлері қатысты. Шара барысында көрменің орталық залына «Мөр – тарих таңбасы» атты тақырыпта суреттер көрмесі әзірленді. Сондай-ақ, мөрдің шығу тарихы және қалыптасуы туралы материалдар мен көпшілікке кеңінен мағлұматтар берілді. Ондағы қазақ хандарының мөрлерінің көшірмелері де көрушілерді қызықтыра түсті. Әр мөрдің сипаттамасы беріліп, негізі – құжаттың «мекен-жайы» көрсетілген. Көрме материалдарын жинақтау үшін архив қызметкерлері екі жылдай уақытын жұмсап, әр мөрге зерттеу, зерделеу және өңдеу жұмыстарын жүргізіпті. Жиынды облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева жүргізіп отырды. Сара Қабылбекқызы өз сөзінде: «Мөр мемлекеттік қана емес, жекелеген адамдардың тарихы. Сіздер өздеріңіз жаңа ғана тамашалаған мөрлер архив құжаттарындағы мың түрлі таңбаның бір бөлшегі ғана. Бұл көрмені өткізудің техникалық жағынан қиыншылықтары болғанын жасырғым келмейді. Құжаттардағы мөрлерді өңдеп, көрерменнің назарына ұсыну үшін арнайы жабдықтар мен мамандар қажет. Бір қуаныштысы – бұл міндетті облыстық архивтің ғылыми-анықтамалық аппарат және құжаттарды жариялау бөлімінің қызметкерлері шама-шарқынша орындады», – деді. – Мөр көрмесін өткізу өте сирек кездеседі. Бүгінгі таңда мөрдің тарихы мен тағылымы туралы сфрагистика деп аталатын ғылым бар. Бұл салада біздің елімізде де нақты, көп жұмыстар атқарылмағанын жасырмаймыз. Соған қарамастан осы саланың дамуына кішкентай да болса үлес қосу үшін архив қызметкерлері екі-үш жылдан бері талмай, қажымай еңбек етіп келеді. Бүгінгі іс-шара соның бір көрінісі деуге болады, – деген облыстық мемлекеттік архивінің ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет көрме мөрлері туралы толығырақ баяндап өтті. Архив қызметкерлері Назым Қожамарова мен Сағындық Зейнуллаұлы мөрлерді жеке-жеке таныстырып, әңгімеледі. Сонымен қатар «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеге арнайы шақырылған қонақтар облыстың Құрметті азаматы, облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Мәдениет қайраткері, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Тәкен Молдақынов, ардагер журналист, өлкетанушы Мәскеу Ноқрабеков, тарих ғылымының магистрі, облыстық кино орталығының директоры Нұрхат Серікбаев көрме жайлы пікірлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева мөрлердің тарихымен ендігі кезекте музей қызметкерлері де тереңірек зерттеу, іздеу жұмыстарын жасайтындығына сендірді.
Жанғазы ахмет, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді